Қазақ әліпбиі қазақ үшін жаңаруы керек!

Кеше Астанада «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау болып өтті.

Бұл бірден айту керек, қиядан шауып, қисынын тауып, тоқсан толғап өмірге келген жаңа әліпби! Бүгінде әлемнің 80 пайыздан астамы қолданылатын ғылым мен техниканың тілі – латын әліпбиіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің іске қосылуға алғашқы адымы жасалды. Бұл әрине, руханиятымыздағы тарихи оқиға!

Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асса да, әлемдік тәжірибеде отарлық бұғауынан шыққан елдер үшін заңдылық болып табылатын және жемісін беретін ОТАРСЫЗДАНУ саясаты қолға алынбаған Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Әрине, бұл қадамның қарқын алуы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан басталып кеткені белгілі.

1929 -1939 жылдары латын әліпбиінде болған Қазақ Елі үшін Тәуелсіздік алған соң латын әліпбиін қайта енгізуі табиғи да, тарихи да, заңды қажеттілік. 1993 жылы рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса, Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор. Кешегі парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов айтқандай, «Адам да, қоғам да, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ Уақыт қателеспейді. Ал Уақыт өз сөзін айтты» дегендей, латын әліпбиіне өту – Уақыт талабы! Енді біз Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин айтқандай: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН ЖАҢА ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗАТЫН БОЛАМЫЗ!»

«Ақ жол» партиясы 2007 жылы Қазақстанның Ұлттық концепсиясын жариялағанда «Әліпбиіміз – латын әліпбиі болу керек» деп жазды. Биылғы латын әліпбиі нұсқасын талқылауда «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та латын әліпбиіне өтуді белсене қолдап қана қоймай, іс жүзінде «Ақ жолдың» ұсынысын жариялап, арнайы комиссияға өткізді. Ақжолдықтар бірнеше рет бұл мәселені зиялы қауыммен, тілші ғалымдармен бірге талқылап, бірнеше жиын өткізді. Кеше «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» жұмыс тобының жетекшісі , А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жасаған негізгі баяндамада «Азат Перуашев та латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды» деп, атап өтіп, разылық танытуынан , саяси партиялардың ішнен тек «Ақ жолдың» ғана жаңа әліпби туралы нақты ұсыныс бергенін білуге болады.

Менің өзім де латын әліпбиін енгізудің маңыздылығы туралы жазып келе жатқаныма оншақты жыл болды. Оның ішінде сүйекті екі мақалам елге белгілі. Әсіресе, 2013 жылы жазылған «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» (http://www.qazaquni.kz/2013/02/19/15223.html) атты мақаламды 20 мыңға жуық адам оқып, 150-ден астам пікір жазылғаны, басым бөлігі қолдағаны белгілі.

Ал енді осы талай сөз болған жаңа әліпбиіміз қалай шыққан? Елдің көңілінен шықты ма? Төл әріптеріміз қалай белгіленген? Бұл енді басқа әңгіме және басты әңгіме.

Бірден айтайық, қазақы әріптердің «Ә» – ае, «Ө»-ое, «Ү» – ue болып, диаграфпен белгіленуі көпшілік үшін тосын болды және ұнай қойған жоқ. Екі әріптің қатар таңбаланып, бір дыбысты беруі халықаралық әліпби әлемінде бар дейді әліпби жсасаушылар. Иә, ағылшында, «Ш» әрпі «sh»-деп, ал неміс әліпбиінде тіпті «sch»-деп үш әріппен таңбаланатынын жақсы білеміз. Бірақ, бұлар дауыссыз дыбыстар екееніне мән бермеген секілді жұмыс тобындағылар. Қосарланған әріптер дауысты дыбыстарға келмейді.

Мысалы, «Әлім» деген адам атын біздің жаңа әліпбимен жазсақ, «aelim» болып шығады. Сонда бұны ертең жұрт «Әлімді» «аелім» яғни, «әйелім» деп оқып, жанжалға ұрынып қалмаймыз ба? Содан соң әлеуметтік желіде жүрген «асхана» деген сөздің латыншасы «ashana» болып жазылады. Ал жұмыс тобындағылар «sh» деп -«ш» әрпін белгілеген. Ендеше бұл қарын тойдыратын асханамызды «Ашана» деп оқып, аш қалып жүрмейміз бе?

Бұлардың айтуынша, төл әріптерімізді осылай белгілесек, біз Лондонда отырып та, Токиода отырып та компьютерге қазақша зуылдатаып жаза береді екенбіз. Біз шетелде отырып алып, қазақша оңай хат жазуды емес, қазақтың өзіне тән ұлттық дыбыс ерекшелігі – көркем төл дыбыстарынмызды жоғалтып алмауды ойлауымыз керек емеспіз бе? Түріктердің «Қ» әрпінен айрылып, аһ ұрып қалғаны бізге сабақ болуы керек қой. Сол үшін 25 жыл күткен жоқпыз ба, латын әліпбиіне өтуді…

Әріптесіміз Қуаныш Біләлдің көрсеткен кириллицаны латын әліпбиіне аударуы, конвертерлеуі де көңілге қонады. Кезінде менің 2013 жылы жазылған мақаламда айтылғандай, «қазақ кітаптарын аударудың қазіргі технология заманында түк қиындығы жоқ, бір сәтте аударылады» дегенімнің іске асқанын көрсетіп, ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының 3 секундта аударылғанын экраннан көрсетіп берді. Бірақ, біз айтқан қосарланған әріптер – диаграфтардың кесірінен «Абай жолы» бір жарым есе көлемді болып кеткенін неге ескермейміз. Біздің қос әріптермен бір дыбысты белгілеу – диаграфтың қажеті жоқ деп жатқанымыздың бір себебі де осында жатыр.

Сонда біздің жаңа әліпбиіміз компьютер үшін бе, әлде компьютер әліппе үшін бе? Осындай ойды кеше парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Төлеубек Мұқашев та , бүгін әлеуметтік желідегі жаңа әліпбидің жасанды нұсқасына наразылар да көп айтуда…

Мысалы, «Ә» әрпін А’, «Ө» әрпін О‘, «Ү» әрпін U‘, «Ш» әрпін S’, «Ж» әрпін Z’ деп, апокрифпен белггілеуге болмай ма? Бұл апокрифтер, ноқат дейміз бе, латын жазбасында, компьютер пернетақтасында да, кез келген смартфонда да бар таңба.

Жаңа нұсқаның жарамсыз әріптеріне жақсы балама ұсынған Азат Перуашев бастаған ақжолдықтар осылай деп, нақты нұсқасын ұсынып отыр:

кириллица латиница
Ә ә A’ a’
І і I i
Й й I’ i’
Ң ң N’ n’
Ғ ғ G’ g’
Ү ү U’ u’
Ұ ұ U’’ u’’
Ө ө O’ o’
Ш ш S’ s’
Ж ж Z’ z’
Ч ч C’ c’

Мысалы, «S’uz’yq», «Ko’ps’ilik» және «A’uez’ay» – деп жазу «Shuzhyq», «Koepshilik» және «Aeuezhay» деп шұбалтқаннан оңай да, әдемі емес пе?

Cонымен қатар, «Ұ» әрпін W таңбасымен белгілеу де елді үркітіп отыр. «Nwrswltan, Nwraly, Wlyq деген атаулар көзге біртүрлі. көріксіз көрінеді. Сондықтан біз «Ұ» дыбысын U’’ деп, екі ноқат қосып белгілеп отырмыз. Сонда Nu’’rsu’’ltan, Nu’’raly деп жазылады. Мүмкін , бұдан да ыңғайлы басқа жолын қарастырып көру керек шығар.

Сұлу да, сүбелі тіліміз сұрықсыз да, сүреңсіз тіл болып кетпеуін қатты қадағалауымыз керек!

«Ең алдымен, бірыңғай әліпбидің басты қағидаттарын анықтап алу қажет. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі дыбыстар үшін ерекше таңбалануды сақтап қалу керек: Ә; І; Ң; Ғ; Ү; Ұ; Қ; Ө.

Жазу үрдісінде бұл дыбыстардың ерекше таңбалануынан бас тарту 2-3 ұрпақтан кейін олардың толық жойылуына және басқа дыбыстармен алмасуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Нәтижесінде қазақ тілінің сәйкестілігі мен бірегейлігін сақтап қалуға, оның фонетикалық байлығына, тілдің көркемділігі мен ерекшелігіне қауіп төнуі мүмкін, біздің ойымызша, барынша күш салып, бұған жол бермеуге тиіспіз» деп, қадап көрсеткен Азат Перуашев бұл нұсқаны қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі туралы комиссияға ресми жолдады.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ мақалы. Сондықтан талқылауға ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы осындай ұтымды ұсыныстарды қаперге алуы керек. Әліпбидің тек техникалық жағын ғана ойламай, тегін, терең мағынасын сақтап қалуды басты мақсат етуіміз керек. Бұл өйткені халық қалауы.

Өз дауысың болмаса, өз дыбысың, өз әріпің сақталмай, жойылып кетсе, Қазақ үшін жаңа қаріптер жаңа қауіп болып қалады!

Қазыбек ИСА,

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары

Qazaquni.kz

One thought on “Қазақ әліпбиі қазақ үшін жаңаруы керек!

  • 16.09.2017 at 10:40
    Permalink

    Жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн
    in Саясат Бейсенбі,09:35 ,14.09. 0 22 Views

    Шәбден
    Омарәлиев,
    Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
    Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрынғы Жолдауында да, биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.
    Әлбетте, ел ертеңі, ұлт болашағы үшін, бұл – дұрыс қадам әрі еліміз үшін ілгерілеушіліктің негізі. Қалай десек те, белгілі бір өтпелі кезең қажет болатынын, тиісті қиындықтар туындауы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Стратегиялық басым мақсаттар тұрғысынан алғанда, біздің латын әліпбиіне көшуіміз орынды шешім. Себебі, ол біздің мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай келеді.
    Бастама көтерілді, шешім қабылданды. Енді ұсыныстар мен пікірлер айтылуы шарт. Көп болып атсалысып, әрбіріміз тарихи оқиғадан тысқары қалмағанымыз абзал. Осы ретте мен де өзімнің бірқатар ұсынысымды білдірсем деймін.
    Біздің жаңа әліпбиімізді енгізудің негізгі мақсаттарының бірі – бүкіл әлемдегі зор маңызға ие ағылшын тілін қиындықсыз оқуға жағдай жасау екені сөзсіз. Сол үшін әрбір ағылшын тілі маманы бұл мемлекеттік іске ыждаhаттылықпен қатысуы керек. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан іс. Өркениетті елдің қатарына біз өзіміздің осы жаңа әліпбиімізбен енеміз. Біздің жазған ғылыми еңбектеріміз еш қиындықсыз оқылатын болады. Меніңше 1938 жылы шыққан кітаптардағы латынша әріптерді қолданысқа алғанымыз абзал. Әрине, бәрін емес. Оның бірқатарын жаңа технологияларға қарай үйлестіруіміз де керек. Ол үшін ағылшын тіліне терең бойлап, содан керектісін қолданысқа жаратсақ құба-құп болар еді.
    Менің ойымша, қазіргі әліпбиіміздегі өзіміздің қазақи «ә», «ө» әріптерімізді сол күйінде қалдыра берсек деймін. Себебі, ағылшын тілінде итті -a dog дейді. Оқылғанда транскрипция бойынша ә` dog болып оқылады. (ә-нің жоғары жағына ноқат қойылады). Енді «У» әрпінің орнына «W» әрпін алған дұрыс, себебі ағылшын тіліндегі бір саны one болып жазылып, wan-уан болып оқылады. Сол сияқты, мына «J» таңбасын – «Ж» деп оқытқанымыз жөн.(jam-тосап-варенье). Себебі, ағылшын тілінде де «Ж» болып оқытылады.
    «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» – деген болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде.
    Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар жоқ емес. Десек те, алаңдауға еш негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл Елбасының баянды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалып жатқан ғылыми маңызды шара. Елбасы өзі айтқандай мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп түсінбеуіміз керек, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп ұғынғанымыз ләзім. Латын әліпбиіне көшу – сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсінген жөн.
    «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы» – деп Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Мен тіл жанашыры ретінде ұсыныс-пікірлерім осындай. Тиісті мамандар менің ойымды ескеріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
    Меркі ауданы.

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған