Қазыбек би ескерткішінде не ақың бар, Серік-ау?..

Одан да бабамыздың 350 жылдығы құрметіне аудан атын сұрамайсың ба?

«Орталық Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 25 қазандағы нөмірінде Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойының бастамасы ретінде Серік Ақсұңқарұлының «Той алдындағы толғаныс» атты мақаласы шықты.

Басын бәйгеге тігіп, қалмақтың ханы Қоңтажының алдына үш рет барып, қазақтың байлауда кеткен ұл-қызын бір-бірлеп түгендеп, айдауда кеткен малын құрттай санап алып қайтқан, жасындай ділмәр сөз зергері, сайланбаған, хан дәрежесіндегі беделді, мәмілегер би, Абылай ханның кеңесшісі, «Ақтабан-шұбырындыда» Сыр бойынан 4000 түтінді Арқаға бастап әкеліп қоныстандырып, аштықтан аман алып қалған аңыз адам қандай құрметке болса да лайық.

Автордың биылғы жылы кең көлемде аталып өтуге тиісті мерейтойды ертерек қаузағанына ішіміз жылып қалды. Бірақ «әжептәуір ән еді…» дегендей, тап-тамаша тақырыбының қадірін кетіріп алған екен. Мақаланың тоқетері ұлы бабаға «…одан да биік ескерткіш тұрғызу емес, мерейтойды бетке ұстап, осыдан 21 жыл бұрын Егіндібұлақта тұрғызылған дайын ескерткішін тарихи атамекенінен қопарып алып, Қарқаралыға апарып орнатуға сайды. Ол нешеме жыл дәм тата жүріп, Қазыбек би ауданының байырғы халқын (отырғаны, көшкені бар) алдаусыратқанды түсінбейтін, «әрі итеріп, бері жыққанды» ұқпайтын кеще деп шамаласа керек. Сөзіміз дәлелді болу үшін басынан бастайық.

1998 жылдың мамыр айында жергілікті және Қарағанды қалалық аудан басшыларының астыртын келісімімен Қазыбек бидің ескерткішін қалаға ұрлап әкету әрекеті әшкереленіп, халық боп күзетіп, аман алып қалған болатын. Бұл әрекеттің әшкереленуіне әлдебір трансформаторды бір жерден екінші жерге жеткізуді сылтау қылып қаладан келген үлкен автокранның жүргізушісі — орыс жігітінің мас болып, «тіс жарып» қоюы себеп болған. Оқиға осымен ұмыт болғандай еді. Бірақ олай болмады.

…18 қазан 2003 жыл. «Орталық Қазақстан» газетінде Серік Ақсұңқарұлының «Қарағандының қақ төрінде Қаз дауысты Қазыбек неге тұрмайды?» деген мақаласы шықты. Қазыбек бидің Егіндібұлақтағы ескерткішінің үлкен суреті берілген. Тақырып дұрыс-ақ. Бірақ автор жаңа ескерткіш орнатуды емес, аталған ескерткішті орнынан алып, Қарағандыға апарып орнатуды меңзейді. Халықты алдарқату үшін ебедейсіз үлкен шрифтімен «Қазыбек би ауданын қайыра ашу керек» дей тұра, баба ескерткішінің «Балқантаудың бауырында қалғанына» «уайым шегеді». Айтпағы кімге де болса түсінікті. Жаңа ескерткіш сомдау туралы сәулетшілер арасында бәйге жариялау турасында бір сөз жоқ.

8 қараша 2003 жыл, тағы да сол газет. С.Ақсұңқарұлының жоғарыдағы мақаласына қарсы жергілікті азамат Қайыр Рахметуллиннің «От жақпаңыз, Секе!» деген мақаласы шықты. Автор С.Ақсұңқарұлының Қазыбек би ауданын қайыра ашу туралы уәжі мен мақаласының тақырыбы қабыспай тұрғанын, халықты балаша алдағысы келетінін дәлелдеп, тоқтау салған еді. С.Ақсұңқарұлы да қарап қалмады, Егіндібұлақтың тумасы Бәти Нәбиқызы есімді кейуананың атынан «пікірталасты» ишаралап, «Бір қуандым, бір жыладым» деген тақырыппен мақала беріпті. Үзінді келтірейік: «… шындықты шырылдатып жазатын дауылпаз ақын Серік Ақсұңқарұлының бабамыз туралы мақаласын оқып, біресе қуандым, біресе жыладым. Қуанғаным — осындай жүректен шыққан шындықтан кейін баба тұғыры Сарыарқаның төрінен (яғни Қарағандыдан) өз орнын табар. Жылағаным — бір кезде бабаның атын иеленген өңір халқының қазіргі жағдайы, іргесі сөгіліп жатқан елдің жайы… Өз басым осы Серік Ақсұңқарұлы жазып отырған мәселені халық қолдайды деп сенемін», — дейді.

Бүгінде бақилық болған дәрігер, сенгіш қайран ана, сіздің арыңыз таза! Қазыбектің ұрпағы бабасының ескерткішін атамекенінен ажыратып, басқа жаққа алып кетуге қуану тұрмақ, қоштамайтынын, бірден қарсы болатынын білеміз.

4 шілде 2006 жыл. Серік Ақсұңқарұлы тағы да осы газетте «Проблема. Ұсыныс. Пікір» деген айдармен «Қарағанды қандай ескерткіштерге зәру?» деген кезекті мақаласын жариялады. Автор Алаш ардақтылары туралы ой қозғап, ескерткіштер жайын сөз етеді де, газетте берілген баба ескерткішінің суретіне оқырманның назарын тағы да аударады. Айтпағы — бұрынғысы. Басқадай жаңалығы жоқ. Енді міне, 10 жылдан кейін халық ұмытты десе керек, сол бәтуасыз пікірін қайыра бықсытып отыр. Автор «Қазыбек би Сыр бойында дүниеге келген. Сондықтан Егіндібұлақ — Балқантау өңірі оның тарихи атамекені емес» дегісі келеді. Бір-бірден алғанның өзінде, Орта жүз Бекарыстан Арғын — Қарақожа — Қотан жырау — Дайырқожа (Ақжол би) — Қарақожа (екінші рет) — Мейрам сопы туады. Бұл өңір Мейрам сопыдан тараған Болатқожа (Қаракесек) — Ақша — Бошан — Таз — Бұлбұл — Шаншар — Келдібектің атамекені болғанда, Келдібектен туған Қазыбек бидің тарихи атамекені емес деп «әпенді» ғана айта алады. Жаугершілік заманда кім қай жерде тумады?! Ерсілі-қарсылы шұбап жүргенде, аттың жалы, түйенің қомында да туды емес пе? Турасын айтсақ, автор мақаласында «қыстаққа ескерткіш не керек?» деп отыр. «Қыстақ» деп кемсітіп отырғаны бұрынғы аудан орталығы Егіндібұлақ екені бәрімізге де түсінікті. Ұлы бабаның атамекенін кемсітіп, ескерткішіне 13 жылдан бері әлсінәлсін «қырғидай» шүйілуі… — осының бәрі Қазыбек би ауданының жабылуынан болып отыр. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген сөз осындайдан шықса керек. Біз «ұлт болып ұйысып», бабаның ескерткішін С. Ақсұңқарұлының «машинесіне» тиеп беруіміз керек екен. Қарағандыны қойды, енді қайда апарып орнататынын өзі біледі… Қазыбек бидің ескерткіш-мүсіні Егіндібұлақта 1995 жылы орнатылды. Ескерткішті сомдағанда да, орнатылғанда да мемлекеттен ешқандай қаржы жұмсалған жоқ. Арнайы қор құрылып, қараша халықтың, елім-жұртым деген азаматтардың қаржысына жасалған. Сондықтан ол ескерткіш Егіндібұлақтың, бұрынғы аудан халқының қасиетті, дербес жәдігері, меншігі. Оны басқа жаққа ешкім де ала алмайды. Ескерткішті орнатқанда оның табанына Түркістандағы қабірінен бір уыс топырағы арнайы әкеліп, салынған. Дүмшелікке жол жоқ! Экс-Премьер-министр Серік Ахметов 2010 жылы облыста әкім болып тұрған кезінде қаржы бөліп, қаладан арнайы бригада жіберіп, ескерткіштің маңайын заманға сай абаттандырған болатын. Бригада екі жаз жұмыс істеді. Ескерткішпен іргелес бір гектар жердегі ағаштар әдемі шарбақпен қоршалды. Жарты гектар жерге плита төселіп, орындықтар қойылды. Алаң да әдемі шарбақпен қоршалып, айналасына декоративті қараған отырғызылып, жасыл желекпен безендірілді. Алаңның бір басында тастан өріліп, үш жүздің бірлігін меңзеген белгі қойылған. Екінші жерінде ұлы адамның ұрпаққа қалдырған ұлағатты сөздері жазылған, беті айнадай етіп өңделген гранит тас орнатылған. Сөйтіп, алаң салтанатты жиындар өтетін, халық демалатын, мінәжат ететін қадірлі, қасиетті орынға айналған. Осының бәрін оқып, көріп, біле тұра жел сөзге жүйрік автордың жөн сөзге тоқтамайтыны несі?

ҚАЗЫБЕК БИ АУДАНЫН ҚАЙТА АШУДЫ СҰРАЙМЫЗ

Айтқан соң бәрін айтайық. Егіндібұлақта Қазыбек бидің ғана емес, осы елдің дарабоздары, дауылпаз ақын, сазгер Мәдидің, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің де ескерткіштері тұр. 2017 жылы осы елдің түлегі, сонау қиын кезеңде ҚАССР революциялық трибуналының төрағасы, РСФСР Жоғарғы соты Қырғыз (Қазақ) бөлімінің төрағасы, ҚАССР Әділет комиссары және Бас прокуроры, ВЦИК (БОАК) Президиумы ұлттар бөлімінің меңгеруші-сі қызметтерін атқарған, 1937 жылы сталиндік репрессияға ұшырап, атылған Нығмет Нұрмақовқа да еңселі, биік ескерткіш тұрғызылмақ. Ұлт тарихындағы бұл төрт тұлғаның мүсіндерін атамекенінен ажыратып, аруақтарын аттап, ешкім қозғай алмайды. Ол — әр қазаққа аманат! Олар иесіз қалмауы тиіс! Мұны жоғары биліктегі азаматтар ішке түйеді деп ойлаймыз…

Көппен бірге, дақпыртпен жабылып кеткен Қазыбек би ауданын қайыра қалпына келтіруді өтініп, 19 жылдан бері жоғары орындарға қанша жазсақ та, бірде-бір рет комиссия келіп, елді, табиғатын көріп, жерасты, жерүсті потенциялдарын зерттеп, жергілікті тұрғындармен пікірлескен емес. Деректерді республика облыстан, облыс Қарқаралыдан сұрайды. «Қарқаралы келешегі мардымсыз, дотациялы аудан» деп жаттанды жауабын береді. Жауын-шашынсыз жылдары қай аудан дотация алмады? Қарқаралының өзі де. Шетелдерде табиғатқа тәуелді сала — ауыл шаруашылығына қаржыны бізден ондаған есе көп бөлетінін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. «Көктасжал» кеніші аудандық бюджетке түсетін салықтың қомақты бөлігін төлеп беріп отырғанда, Қарқаралы Қазыбек би ауданын қайыра ашу керек деп ешуақытта айтпайды. Олардың әуелден көздегені де осы болатын. Үстірт ойлап, біраз жұрт мағұрланғанмен, Қазыбек бидің есімін қалалық ауданға беріп, ескерткіш орнатып, аруағын қастерлеу бір басқа да, ұлы тұлғаның тарихи атамекенін сақтап, ұрпаққа мәңгілік мәдени мұра етіп қалдыру бір басқа. Орыстар Пушкиннің Михайловосын, Толстойдың Ясная полянасын, украиндар Қажымұқанның ұстазы Иван Поддубныйдың Еискісін тарихи елді мекендер тізіміне енгізіп, көздерінің қарашығындай сақтап отырса, бізде үш ұлы бидің бірі әрі бірегейі — Қаз дауысты Қазыбек бидің тарихи елі емес, жерасты кені ғана қажет болып отыр. Осыдан 35-40 жылдай бұрын «Правда» газетінің тілшісі Юрий Полтаранин «Огонек» журналында «Егіндібұлақ келешекте кеншілер қаласы болады» деп жазған еді. Бұл өңірді көбінесе зерттеген Москва мен Ленинградтың геологтары жер астында қандай кендер бар, олардың қоры қанша екенін жергілікті халықтан жасырғанымен, «Правданың» тілшісінен жасырмайды ғой. Қазірде жұмыс істеп тұрған «Көктасжал» алтын-мыс кенішінен бөлек, зерттелген, игерілмей тұрған қоры аса бай екі алтын кеніші, марганец, боксит, темір, мыс, көмір, кірпіш құятын сазбалшық, цемент тасы, тағы басқалары бар. Әлі де қанша фабрика-зауыттар салынады, ол алдағы ұрпақтың еншісі. Үстіміздегі жылы Ұлы даланың ұлы жебеушісі — Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына — 350 жыл. «ЭКСПО — 2017»-мен дөп келіп тұр. Мұндай айтулы даталарда айта жүрерліктей, айтулы оқиғалар да қалуы керек. Бұған бұрынғы селолық Қазыбек би ауданын «Балқантау» атауымен қайыра ашу лайық. Қаншама жерасты байлығымен, жерүсті — ауыл шаруашылығына қолайлы табиғатымен, бір ауданның бюджеті республика бюджетін теңіздің түбіне тартып әкете алмайды.

Еуропаның үш мемлекеті қатар сиятын 1 миллионнан астам гектар жер-суы, жасыл желек Балқантау орнында. Халық санының аздығы проблема тудырмайды. Қалай үдере көшсе, аудан ашылып, келешегі анықталса, туған жеріне солай үдере қайта оралады. Үй салады, мал өсіреді, егін егеді, өндіріске, «Көктасжалға» жұмысқа тұрады. Аудан біртіндеп қайта өрлеп, қалыптасады. Аудан ашылса, әділеттің символындай бұл оқиға, Елбасының өмірінен түсіріліп жатқан киноэпопеяның жарқын бір тарауы болып қалатынына шәк жоқ. Ғасыр аралап бізге жеткен Әміренің даусындай көңілде кетіп бара жатқан түйткіл де орнына түседі. Ауданды қайыра ашуға негіз де сақталған. Бұрынғы аудан орталығы Егіндібұлақта күні бүгін 17 мекеме, әрқайсысы өз ғимаратында жұмыс істеп тұр.

Мақала Президент Н.Ә.Назарбаевқа, Премьерминистр Б.Ә.Сағынтаевқа, Парламент депутаттарына ой салады, Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын дау-дамай қылмай, ауданның қайыра ашылу салтанатымен бірге, егер қазақтан ұл туғаны рас болса, ескерткіштің орнатылған күні — 4 шілдеде, оның тарихи Отаны — Егіндібұлақта тойлаймыз деген үміттеміз.

Бұрынғы Қазыбек би ауданының 17600 адам халқының атынан Егіндібұлақ селосының тұрғындары:

Өмірзақ Дүйсенбеков

Қабылбек Мұқашев

Мейрам Жакулов

Бекен Қатықбаев

Марат Исекеев

Барлығы 30 адам қол қойған.

Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған