ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИ БАБАНЫҢ ТУҒАНЫНА — 350 ЖЫЛ ҚАЗЫБЕК БИ АУДАНЫН ҚАЙТА АШУДЫ СҰРАЙМЫЗ

Тамыз айының 18-і күні Ұлы Дала данагөйі, қазақ халқының үш төбе биінің бірі Қазыбек би бабамыздың туғанына 350 жылдық мерейтойы бабаның ата қонысы Егіндібұлақ селосында өтпек. Елдің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен біртуар тарихи тұлға би бабамыздың мерейтойы Қарқаралы — Егіндібұлақтың ғана емес, Алаш жұртының тойы.
Мен алты Алашты аузына қаратқан кемеңгер би — Қазыбек би бабамның топырағында туған қызбын. Қолыма қалам ұстаған қарымды қаламгер ретінде Қазыбек бабамның 350 жылдық мерейтойында үнсіз қала алмаймын. Киелі топырақта туып-өскен соң, бұл жердің тарихы, тағдыры жаныма жақын. Аңыз адам Қазыбек би туралы ұзақ толғауға болады. Менің айтпағым бұл емес. Баба елінің бағынан соры басым болды. Тереңге тамыр тартпай-ақ, өзім көрген жайттарды баяндайын.

Атом сынағынан көз ашпаған баба елі

Ес білгелі бабамның туған топырағы Егіндібұлақ ауданы деп аталды. Бұл аудан Семей полигонының зардабын тартты. Полигон алаңы үш облыспен: Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодармен шектесті. Барлығы 18,5 мың шаршы шақырым жазықтықты алып жатқан сынақ аймағы — бұл бұрынғы Абыралы ауданының, сондай-ақ онымен шектес Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Шұбартау, Май, Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарының жері.
Мектепте сабақта отырғанда «Ертең жер сілкінеді, бір қабат киімдеріңді, тіскебасар азықтарыңды алып, жазық далаға шығып кетіңдер» деп ескертетін ұстаздарымыз. Айтқанындай таңғы сағат 8-де «Воздушное тревога» беріліп, жұрт тайлы-таяғы қалмай үйден қашып шығушы едік. Алаңқайға жетіп алған біз мәзбіз. Анамыздың пісірген бауырсағын жеп, құртын сорып, ойнап кетеміз. Сол күні күн көзін көре алмайтынбыз. Қап-қара болып тұтасқан аспан әлеміне ұзақ қарайтынбыз. Кешкісін үйге оралғанда іргесі сөгілген үйін көрген әке-шешем «Осы үйді жамаудан шаршадық» деп аһ ұратын.
Бірақ біз ол кезде баламыз, іргеміздегі полигонда атом сынағын жасап жатқанын қайдан білеміз. Үлкендер күзге қарай құлауға шақ қалған үйлерді жөндеуге кірісетін. Әсіресе ашылып кеткен үйдің іргесін қосу оңай болмайтын. Жұрт үйлерін жамап-жасқаса да, қыста іргесінен суық ызғар ішке еніп тұратын. Анамыз отты үзбей жақса да, үйдің іші жылымай, пештің түбіне жиналып, жылынатынбыз. Әкем ауылда бас зоотехник болды. Семейдің ет комбинатына мыңғырған мал айдағанда соған жауапты болатын. Мен мектеп бітірген 1984 жылы әкем Семейге барар жолда құлап, аяқ-қолы тартылып, үйге зембілмен әкелді. Оң қолы мен аяғы жансызданып, он жыл төсек тартып жатып, өмірден өтті. Әкеме ешқандай ем-домның көмегі болмады. Он екі баланы дүниеге әкелген анамның да жүйкесі сыр беріп, ауруханадан көз ашпады. Бұл тек бір ғана мен өскен ұядағы қасірет. Мұндай қасірет әрбір екі үйдің біреуінде болды десем, жаңылыспаған болар едім. Жергілікті халық тұрғындары анемия, түрлі онкология ауруларына, аллергия, жүйке, жүрек-қан тамырлары, тері аурулары, радиациялық сәуле ауруына ұшырады. Өзім қатарлы замандас келіншектердің қоянжырық ерінді бала туып, жылағанын талай көрдім. Байғұс аналар қыз баласы қоянжырық ерін болып туса, «бойжеткенде қиын болады-ау» деп қиналса, ер бала осылай туса, ертең мұрт өсіп, бұл кемшілігі көрінбей қалады деп өзін жұбатушы еді.
Дерекке зер салсақ, 1947 жылғы 21 тамызда Кеңес Одағы үкіметінің шешімімен құрылған №2 мемлекеттік орталық сынақ полигонында 1949-1989 жылдары 460-тан аса ядролық сынақ, оның ішінде: 30 жер үсті, 88 әуе, 348 жер асты ядролық жарылыс болған. Полигон радиусы 16 шақырым болатын 18 мың шаршы метр жер ауқымын ұстап тұрған. Бұл жарылыстардың қуаты Жапониядағы (1945 жылғы тамыздың 6-сында — Хиросимада, 9-ында — Нагасакида) атом жарылысынан 2,5 мың есе артып түседі делінген деректерде.
Іргемізде жарылып жатқан полигонға қарсы жергілікті ақын-жазушылар даусы жеткенше қарсы шықты. Полигон зардабынан екі қолсыз өмірге келген, мүгедектігіне қарамастан тісімен сурет салған Кәріпбек Күйіков — Қазыбек би елінің тумасы. Қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен бірге «Невада-Семей» қозғалысына қатысып, атом апатының тірі куəгері ретінде Жапонияға да, Америкаға да жол шеккен Кəріпбек атом тажалының қасіреті жөнінде қаншама жүректі шымырлатар суреттер салды. Едірейден ұшып шыққан белгілі ақын Кәрім Сауғабай, қарқаралылық қарымды қаламгер Мақсым Омарбеков, ақиық ақын Тұрсын Жұмаштар көзі тірісінде полигонға қарсылық білдіріп, шырылдап мақала да, өлеңдерін де жазды. Өмірден мезгілсіз кеткен ақын Тұрсын Жұмаштың жары Айнагүл Қайырбекова бір сұхбатында: «Семей-Невада» қозғалысына байланысты митинг өтті. Сол кезде өлеңдерін оқыттырмай қойған. Неге екенін білмеймін… Сол кезде Тұрсын қатты күйзелгені есімде. Сол өлең «Қарсылық» деп аталады.
«Бұл өлең 1989 жылдың тамыз айында жазылған еді. Әттең, сол кезде ауданға американдықтар келген кездесуде оқытпады. Полигон құрбаны Кәріпбек қыл қаламды тісімен тістеп алып, қиналып сурет салғанда ол маған зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке, көпе-көрнеу қорлыққа қарсы тұру белгісі болып елестейді».

ХХ ғасырды бұл дәріптеп,
Өлең жазар аусар емен мен енді,
Бүкіл әлем көрсін сені, Кәріпбек,
Көрсет қолсыз жаратылған денеңді!

Көрсет, көрсін сонау алыс Мәскеуде,
Бізді адам көретіндер бар шығар.
Жанды мүсін сияқтанып жас кеуде,
Көздерімнен үзіледі тамшылар…

Болашаққа көз жібере аламын,
Бабалардың ұлылығын дәріптеп.
Қасіретке толы осынау даланың
Қарсы тұру белгісі, ол — Кәріпбек!» деп толғады, — дейді.
Елбасы Н.Назарбаевтың атом сынақтарына тыйым салу жөніндегі тарихи Жарлығы шыққанша, би баба елінің халқы жарылыстан көз ашпады. 1991 жылы тамызда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойып, ең ірі полигон жабылғанда халық бөркін аспанға атқан еді.
1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Сол бойынша Қарағанды облысының сол кездегі Егіндібұлақ ауданы, яғни Қазыбек би баба топырағы жоғары радиациялық қауіпті аймаққа кірді. Бүгінгі күні полигон жабылып, ядролық сынақтар жасау тоқталғанымен, жергілікті халықтың азап шегуі одан әрі жалғасуда.

Қой соңында салпақтаған
баба ұрпағы

Сексенінші жылдары баба елінің ұрпақтары мектепті бітіре сала қой соңында салпақтады. Қой санын 50 млн-ға жеткіземіз деген Кеңестік жүйенің солақай саясатының салдарынан 17-ге жаңа толған жас қыздар мен жігіттерді комсомол-жастар шопандар бригадасына жіберіп, табанын тіліп тұрып қой соңына салды. Менің өзім де сол саясатпен бір жыл қой баққан қызбын. Қолымызға аттестатымызды да бермеді. Бір жыл қой бағып берген соң ғана арман болған аттестатымызды қолымызға ұстатты. Сонда Қарағанды облысының басқа аудандарында мұндай жағдай болған жоқ. Тек Егіндібұлақ ауданы жастарына жаздың аптап ыстығында, қыстың аяз-боранында шыдас беруге тура келетін шопан таяғын ұстатқанына осы күні қайран қаламын. Аңсаған армандарына жете алмай, табиғаттың дүлей күшінен қыршын кеткен жастар да болды.

Қазыбек би ескерткіші жергілікті халықтың қаржысымен жасалған

Қазыбек бидің ескерткіш-мүсіні Егіндібұлақта 1995 жылы орнатылды. Ескерткішті сомдағанда да, орнатылғанда да мемлекеттен ешқандай қаржы жұмсалған жоқ. Арнайы қор құрылып, қараша халықтың, елім-жұртым деген азаматтардың қаржысына жасалған. Сондықтан ол ескерткіш Егіндібұлақтың, бұрынғы аудан халқының қасиетті, дербес жәдігері, меншігі. Ескерткішті орнатқанда оның табанына Түркістандағы қабірінен бір уыс топырағы арнайы әкеліп, салынған. Экс-Премьер-министр Серік Ахметов 2010 жылы облыста әкім болып тұрған кезінде қаржы бөліп, қаладан арнайы бригада жіберіп, ескерткіштің маңайын заманға сай абаттандырған болатын. Бригада екі жаз жұмыс істеді. Ескерткішпен іргелес бір гектар жердегі ағаштар әдемі шарбақпен қоршалды. Жарты гектар жерге плита төселіп, орындықтар қойылды. Алаң да әдемі шарбақпен қоршалып, айналасына декоративті қараған отырғызылып, жасыл желекпен безендірілді.
Алаңның бір басында тастан өріліп, үш жүздің бірлігін меңзеген белгі қойылған. Екінші жерінде ұлы адамның ұрпаққа қалдырған ұлағатты сөздері жазылған, беті айнадай етіп өңделген гранит тас орнатылған. Сөйтіп, алаң салтанатты жиындар өтетін, халық демалатын, мінәжат ететін қадірлі, қасиетті орынға айналған.
«Жығылғанның үстіне жұдырық» болып, 1997 жылы Қазыбек би ауданы жабылып, Қарқаралы ауданына қосты. Жұмыс іздеген халық қалаға ағылды. Аудан орталығындағы қоғамдық ғимараттар, кезінде қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз еткен мемлекеттік мекемелер босап қалып, тас-талқаны шығып үйіндіге айналды. Аудан орталығындағы қос қабатты 26 тұрғын үйден (236) төрт пәтерлік жалғыз үй ғана қалды. 1968 жылы тартылған су құбырлары тозығы жетіп, істен шығып, тұрғындар екі шақырым жердегі тоғай маңындағы бұлақтан су тасып, күнелтеді. Өгейдің күйін кешті. Бұрынғы Қазыбек би ауданына қарасты Мәди атындағы, Абай атындағы, Тәттімбет атындағы ауылдар бір тілім қағаз үшін, емделу үшін 200 шақырым жерде жатқан Қарқаралы ауданына сабылды. Автобус қатынамайтын ауылдар, жөндеу көрмеген жолдар жергілікті халықты әбден титықтатты.
Баба топырағының тұрғындары кезінде дақпыртпен жабылып кеткен Қазыбек би ауданын қайыра қалпына келтіруді өтініп, ұзақ жылдар бойы жоғары орындарға жазып, қарекет етіп көрді. Бірақ бірде-бір рет комиссия келіп, елді, табиғатын көріп, жер асты, жер үсті потенциялдарын зерттеп, жергілікті тұрғындармен пікірлескен емес. Деректерді республика облыстан, облыс Қарқаралыдан сұрайды. «Қарқаралы келешегі мардымсыз, дотациялы аудан» деп жаттанды жауабын беретін көрінеді. 2005-2006 жылы республиканың зиялылар қауымы тарихи ауданды қайыра қалпына келтіруді өтініп, Елбасы Н.Назарбаевқа хат жолдаған еді. Хатқа 10 академик, 80 ғылым докторы, ақын-жазушылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері — барлығы 123 адам қол қойды. Үндеу хат Парламенттің және облыстық Мәслихаттың депутаттарына да жолданған. Бірақ еш жауап болмады. Егіндібұлақ Қазыбек бидің ғана емес, осы елдің дарабоздары, дауылпаз ақын, сазгер Мәдидің, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың елі. Ұлы тұлғаның тарихи атамекенін сақтап, ұрпаққа мәңгілік мәдени мұра етіп қалдыру — біздің борышымыз. Баба елін гүлдендіруге мүмкіндік бар. Киелі топырақ жерінен «Көктасжал» кеніші ашылды. Бірақ халықтың емес, қарынның қамын ойлағандарға Қаз дауысты Қазыбек бидің тарихи елі емес, жер асты кені ғана қажет болып отыр дейді баба ұрпақтары.
Қазірде жұмыс істеп тұрған «Көктасжал» алтын-мыс кенішінен бөлек, зерттелген, игерілмей тұрған қоры аса бай екі алтын кеніші, марганец, боксит, темір, мыс, көмір, кірпіш құятын сазбалшық, цемент тасы, тағы басқалары бар. «Көктасжал» кеніші аудандық бюджетке түсетін салықтың қомақты бөлігін төлеп беріп отырса да, Қазыбек би ауданын қайыра ашу керек деген мәсе-ле көте-рілген емес.
Ауыл ақсақалы Қайыр Рахметуллин:
— Жасым сексенге аяқ басты. Көптің бірі болып Қазыбек би ауданының
жабылып, ұлы адамның өз елінде атын өшіріп, иісі қазақтың ұятқа қалғанын Президенттің атына, Үкіметке, әр түрлі тараптарға жазып келемін. Ұлы даланың ұлы жебеушісі — Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жылдығы «ЭКСПО — 2017» көрмесімен дөп келіп тұр. Мұндай айтулы даталарда айта жүрерліктей, айтулы оқиғалар да қалуы керек. Бұған бұрынғы Қазыбек би ауданын қайыра ашу лайық. Қаншама жерасты байлығымен, жерүсті — ауыл шаруашылығына қолайлы табиғаты бар. Бір ауданның бюджеті республика бюджетін теңіздің түбіне тартып әкете алмайды. Еуропаның үш мемлекеті қатар сиятын 1 миллионнан астам гектар жер-суы, жасыл желек Балқантау орнында. Халық санының аздығы проблема тудырмайды. Қалай үдере көшсе, аудан ашылып, келешегі анықталса, туған жеріне солай үдере қайта оралады. Үй салады, мал өсіреді, егін егеді, өндіріске, «Көктасжалға» жұмысқа тұрады. Аудан біртіндеп қайта өрлеп, қалыптасады. Ауданды қайыра ашуға негіз де сақталған. Бұрынғы аудан орталығы Егіндібұлақта күні бүгін 17 мекеме, әрқайсысы өз ғимаратында жұмыс істеп тұр. Аудан ашылса, әділеттің символындай бұл оқиға, Елбасының өмірінен түсіріліп жатқан киноэпопеяның жарқын бір тарауы болып қалатынына шәк жоқ. Біздің жанайқайымыз Президент Н.Ә.Назарбаевқа, Премьер-министр Б.Ә.Сағынтаевқа, Парламент депутаттарына ой салады деп ойлаймыз. Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын дау-дамай қылмай, ауданның қайыра ашылу салтанатын көреміз деген үміттеміз, — дейді.
Қаз дауысты Қазыбек атындағы аудан қайыра ашылар деген үміттерін үкілеп отырған əулие баба ұрпақтары бəріне төзімділік көрсетуде. Ауданда ықшамдаудан ең көп қиянат көрген денсаулық сақтау саласы болды. Егер халқы 5 мыңға жетпесе, учаскелік ауруханалар жабылсын деген Үкімет пəрмені ауылдарды дəрігерлік көмексіз қалдырды. Өзі полигон өтінде тұрған Мəди, Тәттімбет, Абай, Нығмет Нұрмақов атындағы ауылдар аудан орталығы Қарқаралыға жету үшін 200 шақырым жер жүру керек. Жолдардың жөндеу көрмегеніне неше жылдың жүзі өтті.
1992 жылдың 18 желтоқсанындағы «Семей ядролық сынақтан өткізу аймағында сынақтан өткізу салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Онда: ядролық сынақ зардабын шеккен аудандарда табиғи ортаны сауықтыруға арналған ғылыми зерттеулер жүргізу, экологиялық сараптама жасау, халықты кешенді медициналық тексеруден өткізу, ядролық сынақ салдарынан зардап шеккендерге берілетін жеңілдіктер мен төлемдер, жыл сайынғы емдік жәрдемақы, зейнетақы-ға үстеме, шәкіртақыға қосымша төлем, жыл сайынғы қосымша төленетін демалыс ақысы, ядролық сынақ аймағында тұратын әйелдер жүктілік пен тууға байланысты екі немесе одан да көп баланы қалыпты жағдайда тууда 170 күнтізбелік, ал ауыр босану кезінде 184 күндік демалыс алуға құқылығы, ядролық сынақ аймағында тұратын 18 жасқа толмаған балалар мен жеткіншектер тегін сауықтыру мекемелерінде демалуға құқылы екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ полигоннан зардап шеккен халық аталмыш заңның жүзеге асқанын көрмей келеді. Аудан халқы зейнеткерлікке əйелдер 50-де, ер адамдар 55-те шығу керек деген орынды өтініштерін айтудай айтып келеді. Шын мəнінде қазір зейнет жасына келіп қалғандар кезінде полигонда атом бомбасы ашық жарылғанда туғандар. Заңда бұл жеңілдік те көзделген.

Құр дақпырт болып қалмаса игі еді

Баба елінің ұрпақтары қарап отырған жоқ, әрекет етіп жатыр. «Балқантау» қайырымдылық қоры» жеке қоры ашылды. Осы өңірдің тарихы, топырақтан шыққан белгілі адамдарды арқау еткен энциклопедия құрастырылып жатыр. Егіндібұлақ селосының халық театры Мәдениет үйінде «Бала Қазыбек» қойылымын қойды. «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен бабаларға тағзым» автокеруен жолға шығады. Театрландырылған қойылым, ұлттық спорт ойындары, «Аламан бәйге» сияқты шаралар өткізбек.
Өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мерейтойын да көрдік. Сол мерейтойда Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атын бермек болған. Экс-әкім Нұрмұхамбет Әбдібеков ел алдында уәде беріп, бұл жаңалықты бүкіл БАҚ жарыса жазған. Мұнысынан түк шықпады. Әкім қызметін ауыстырып кете барды. Қарағандылықтар сол «баяғы жартас — бір жартас» қалпында қала берді. Әлі күнге дейін Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлиханның атын бере алмай отырғаны қабырғамызға батады.
Баба тойы да құр дақпырт болып қалмаса жарар еді. Айтыстан, спорт жарысынан жүлделі орын алған бірер адам тақымына қымбат көлікті басып кете барады. Бұдан баба еліне қандай шапағаты тиеді. Баба елінің халқы сол баяғы мүшкіл халде қала бермек. Дұрысы, мерейтойға деп бөлінген һәм жиналған қаржыға жылдар бойы жөндеу көрмеген сонау Едірей, Мыржық, Мәди, Тәттімбет, Абай, Нығмет Нұрмақов атындағы ауылдарға баратын жолдарды жөндеу керек. Полигоннан зардап шеккен дімкәс жандарға қамқорлық жасау қажет. Ауыл тұрғындары «Егіндібұлақ үлкен күре жолдардан алыс жатыр. Сондықтан теміржол салу мәселесін көтерсе. Жергілікті тұрғындардың қолындағы өнімін өткізу, базарға жеткізуі жеңілдейді. Қаңырап қалған ауылдар да қалпына келер еді», — дейді.
Бәленбай жылда айналып келетін мерейтойда Қазыбек би атындағы ауданның қайта ашылуына мұрындық болып, жоғарыда айтқандай, халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулығын түзеуге көңіл аударғанымыз абзал. Сонда аруақ бір аунап түсер еді.

Жұлдыз Тойбек,
ақын, журналист

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған