ҚАЙРАН МЕНІҢ ҚАРТТАРЫМ…

Дүние мен қайтейін өткеніңді,
Қарамай алды артыңа кеткеніңді.
Жалына бұл жалғанның жармасқанмен,
Қанша адам қанжығаңа бөктерілді.

Келмеске бет алдырып көштеріңді,
Сұм ажал селдіретті-ау, шептеріңді.
Қарттарым қарқарадай жатырмысың,
Жамылып топырақтан шекпеніңді.

Данышпан, шеттерінен неткен үлгі,
Білмейтін кектенуді, жек көруді,
Телі менен тентекті тыя білген,
Сабасына түсіріп өктеміңді.

Дәріптеп ата салттан көшкеніңді,
Алыс-жақын бар туыс ескерулі.
Сүйетін дұшпанын да дос көруді,
Сүймейтін мама ағашын бос көруді.

Тірілтіп отыратын өшкеніңді,
Бақылап, көршімен шәй деспеуіңді.
Ағайынмен алакөз бола қалсаң,
Ат құйрығын қалайтын кеспеуіңді.

Ақылмен ширататын бос жеріңді,
Қабақпен қаймықтырып қос келінді.
Баласын көрші үйдің еткен үлгі,
Қалайтын еңбеққор боп өскеніңді.

Сыр етіп бастарынан өткен күнді,
Жатқа айтып, заманадан жеткен жырды.
Төгілтіп отыратын қайран қарттар,
Қорқыт пен Асан қайғы шерткен күйді.

Қарттарым, үзіп алдық мектебіңді,
Қарашы қандай халге жеткеніңді,
Атағы көп, бірақ та сақалы жоқ,
Жарытар ақсақал боп бөспе кімді.

Бүгінде салт-дәстүрің жек көрілді,
Құран оқып, арақпен ет желінді,
Артынан бата берер тілін шайнап,
Жұмаққа барарына бек сенімді.

Қор қылдық ақсақалдық мектебіңді,
Сан ғасыр жинап, тастап кеткеніңді.
Ұстап әкеп қайтадан тірілтсем бе,
Кеудеден қош деп ұшқан кептеріңді.

Әділбек Қаба фб парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған