Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды

Бүгін ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысы әкімінің өкімімен Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары  қызметіне тағайындалды.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа орынбасарды жұмысына сәттілік тілеп, актив алдында таныстырды. Өз кезегінде Қайрат Нүкенов жауапты қызметті сеніп тапсырғаны үшін алғысын білдірді.

Қайрат Теміршотұлы Нүкенов 1970 жылғы 15 қыркүйекте Павлодар облысы Железин ауданы Захаровка ауылында дүниеге келген.
1987 жылы Железин орта мектебін аяқтап, еңбек жолын «Железин» кеншарының мал шаруашылық кешенінде жұмысшы ретінде бастады.1988 -1990 жылдар аралығында Кеңес армиясында әскери қызметін өтеді. Әскерден кейін «Трестжилстрой» шаруашылық есепті жастар  бірлестігінде экспедитор болып істеді. 1992 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарын атқарды. 2002 жылы  Омбы қаласындағы Сібір мемлекеттік автомобиль-жолдары академиясын «Экономика және кәсіпорындардағы басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы П.А. Столыпин атындағы  Омбы аграрлық университетін «Жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы» мамандығы бойынша  аяқтады. 2012-2013 жылдар аралығында – Железин ауданының әкімі. 2013 жылы –  Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы. 2014 жылдың  маусым айынан бастап – Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі, 2016 жылдың сәуірінен бастап Екібастұз қаласының әкімі болып қызмет атқарды.

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған