Қайрат Рысқұлбековтің монологы

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Еркек тоқты – құрбандық,

Атам десең атыңдар”.

 (Қ. Рысқұлбековтың түрмеде жазған өлеңінен үзінді)

 

Сыйынар елім – тәңірім,

өшпесін білем үніңнің.

Ұмытпа қиын тағдырын,

шырылдап кеткен ұлыңның.

Шығарды қатал жарлығын,

үміттің жауып – түндігін.

Тойынған үйрек – тағдырым,

сойылып қойған күн бұрын.

Сұрақтан қысыр қажыдым,

кездеспей адам жаны асыл.

Бөлісер мұңды азығым,

серігім, ойым – жаны ашыр.

Төзімді бордай үгіттім,

қалмады менде басқа амал.

Шығамын деген үміттің,

қанатын қиып тастаған.

Сырымды айтып халыққа,

қалмаққа ақыр бекіндім.

Еркіндікті аңсап қамыққан,

тордағы сұңқар секілді.

Ататын болса атса екен,

малға да бүйтіп қарамас.

Қараңғы қапас, тас еден,

төсегім кепкен нас ағаш.

Жаныммен қазір әуремін,

қаны да қашты – ау түсімнің.

Именшек –  жетім сәуленің,

қадірін жаңа түсіндім.

Қарақұс көлді торыпты,

шошына безді қасқалдақ.

Жолбарыс – жүрек халықты,

Суырлар қалай басқармақ.

Әділдік іздеп күйінген,

жастарды көріп алды ақпар.

Сайланып мұздай киінген,

тас жүрек қасқыр – солдаттар.

Қолына келіп түскенді,

аяусыз ұрып талқандап.

Нашақор депті біздерді,

көшеге шыққан айқайлап.

Тілменен, дінді жоғалтып,

уланды рас санамыз.

Есірткі, шылым таратып,

шекпеген біздің бабамыз.

Құрту боп бізді арманы,

қазыпты дұшпан қаншама ор.

Ержүрек елдің ұлдары,

қалайша болмақ нашақор.

Пікірін елдің санамай,

шыдарсың қалай, жара сап,                                                               

күй талғамайтын көкнәрдай,

көктесе арам саясат.

Жеткенде біздер, тасынып,

сасып бір қалды жойқын топ.

Жиылған жастар ашынып,

алаңда тұрдық толқын боп.

Көзге ілмей елдің талабын,

кеткесін бардық, жүгініп;

түсіріп тілдің қадірін,

сөйледі сонда жұдырық.

Түрлері сондай ызғарлы,

сілтеді күрек – қылышын.

Шашынан сүйреп қыздарды,

қорлады қазақ намысын.

Осыдан бәрі асқынған,

қозғалды жастар алға адым,

көргенмін сонда аспаннан,

қыста да жаңбыр жауғанын.

Ұлтшыл боп, міне, қамалдық,

білекте кісен қол кесер.

Әділдік іздеп атандық,

ауылдан шыққан әумесер.

Қиянат – шоқпар ұрғасын,

өмірден жылап өтем мен.

Туған ел, қош бол қимасым,

елдігін ту қып көтерген.

Өткенде сырғып сері күн,

көрсем бір шіркін,тұғырын,

шарықтап көкке керілген,

тәуелсіз елдің туының.

©Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған