«Қайрат» – Суперкубок жеңімпазы

Өткен маусымның ең үздік екі командасы алматылық «Қайрат» пен елордалық «Астана» футбол клубтары Қазақстанның Суперкубогін сарапқа салды. Қатарынан екі жыл ел Суперкубогі үшін таласқан қос команданың жолы биыл тағы да түйісті. Соңғы екі жылда дәстүрлі бәсекенің негізгі уақытында гол соғылмаса, Алматының Орталық стадионында өткен бүгінгі матчтың тағдыры тоқсан минутта шешілді. 75-минутта матчта үздік ойын өрнегін көрсеткен «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан сол қанаттан көтерген пасты қорғаушы Сезар Арзо өз қажетіне жаратып, «Астана» қақпасының саңылауын тапса, негізгі уақытқа қосылған үш минутта екі команда да алма-кезек шабуылға шықты. Қарымта шабуылдың бірінде тағы бір «Қайрат» қорғаушысы Исламбек Қуат екінші гол өз есебіне жазып, ойынның нүктесін қойды. Сөйтіп, ел футболының жаңа маусымын ашқан матч тартысты әрі қызықты өтті. Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда «Астана» ФК ел кубогін ұтып қана қоймай, чемпионат тізгінін де ұстаған болатын.

«ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған