Қанағат қарын тойғызар

Байға байыған сайын ақша көбірек керек болады дейді. Дәулетті отбасылардың ішінде жетім-жесірлерге, үйсіз-күйсіз жүргендер мен жоқ-жітіктерге айына болмаса да, жылына екі рет қол ұшын созатын «дәу» ағалар азайып барады қазір.

Анда-санда көмекке мұқтаждарға жәрдем қылғанымен,  кей кезде сол шіріген байлардың «мен біреуді асырау үшін нәпақа тауып жатқаным жоқ!» деген шайтани ойлар санасында қылаң беруі де мүмкін. Пенде болған соң, ол да кешірімді шығар. Бірақ қолыңдағы артылған бір тиыныңды сондай жандарға берсең, өзгенің бір шөкім нан жеп, бір жұтым шай ішуіне жағдай жасап, сауапқа кенелгеніне не жетсін!..

Бай адамдар  байлығының берекелі болуы үшін, қай кезде де өзгемен өз тұрмысын салыстырып, әр күнін шүкірмен өткізуі керек. Осыған байланысты мына бір тәмсілді естеріңізге салсам деймін.

Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Өзінің шағын кәсібі болса да, тірлігі өрге жүзіп, бақуатты бола қоймапты. Кедейліктен шаршаған қарт бір күні: «Осы біреулердің ісі дөңгеленіп жөнеледі де, маған келгенде теңізді су алатыны несі екен?» — деп налиды. Сол сәтте ғайыптан біреу пайда болып: «Уа, қарт, налыма! Мен саған қалағаныңша алтын берейін. Бірақ бұл алтындарды жерге түсіріп алмауың керек. Егер алтын жерге түссе, сол мезетте қоқысқа айналады. Осыны ескертемін, есте ұста», — дейді ол. Қарт келісіп, қапшығын ашады. Ғайыптан жолыққан жан оның қапшығына бір уыс алтын салып, «жеткілікті ме?» деп сұрайды. Қарт: «Тағы да салыңызшы. Тағы да, тағы да…» — деп, қайта-қайта салғызады. Бірақ оны қапшығы көтере ала ма, ал өзінің соншама ауырды көтеруге шамасы келе ме, бұл жағын ойланбайды. Қарт аузы-мұрнын толтыра алтын салғызып алған қапшығын көтере бергенде, қапшық жыртылып, алтын жерге шашылып, қоқысқа айналып кеткен екен.

Қанағат қарын тойғызады демей ме? Ал, сіз оқырман, барға қанағат етіп, шүкіріңізді ұмытпай жүрсіз бе?

Айдос Исаевтың хатынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған