«Қараөзенге Жайық суы құйылса, 30 миллион текше метр судың құны үнемделмек…» -дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов

 

Демалу дегенді білмейтін облыс әкімі Алтай Көлгінов жақында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Киров-Шежін су арнасындағы жұмыс учаскесінде болды.    Ақжайық ауданы Алғабас ауылындағы Киров су қоймасының сыйымдылығы – 62 млн. текше метр. Осы жерден бастау алатын Киров-Шежін тармағының пайдалануға  берілгеніне 45 жыл болыпты. Ұзындығы 180 шақырымға жуық магистраль содан бері жөнделмеген. Су арнасын жаңғырту жұмысын 2011 жылы Өскемен қаласынан келген «Подводстрой» ЖШС қолға алғанымен, қыруар қаржыны рәсуа қылып, бұл жобаны аяқсыз қалдырды. Осыған орай, мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Магистральды күрделі жөндеуден өткізу жұмысы былтыр қайтадан қолға алынып, бүгінгі таңда жобаның бірінші кезеңі бойынша су арнасының 55 шақырымын жөндеу біте келді. Ал екінші кезеңге арналған жоспар бойынша магистральдың 74 шақырым бөлігіне механикалық тазартуды «Азиятехстрой» ЖШС, «Уральскводстрой» АҚ және «Қазсушар» РМК облыстық филиалы бірлесіп жүргізуде. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін 55 шақырым су арнасы тазаланған, қалған жұмыс алдағы 12 күн ішінде бітуі тиіс. Қазіргі кезде 120 миллион теңгенің қаражаты игерілген. Алдағы уақытта тағы 639 миллион теңге қаржы бөлінбек.

Басшылардың мәліметінше, су арнасының бойындағы нысандарды жөндеу келесі жылы жүзеге аспақ. Құрылыс-монтаж жұмыстарының нәтижесінде көпір, су өткізетін құбыр, көшпелі сорғы стансалары жөнделеді. «Азиятехстрой» ЖШС су өткізетін қақпаларды қадағалайтын қызметкерлерге арнап үш тұрғын үй салады. Екінші кезеңнің жұмысын бастаған құрылыс бригадасы 557-бекет тұсында алғашқы баспананың іргетасын құйып, қабырғасын көтеріп те үлгеріпті.

-Екінші кезең жұмысын аяқтауға қазан айында республикалық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінеді. Бұған өңірімізден сайланған ҚР Парламент депутаттары да ықпал етті. Үшінші кезең бойынша Киров-Шежін су магистралінің 54 шақырымын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Егер қаражат бөлінсе, келесі жылы бастаймыз. Бұл кезеңде 18 шақырым су арнасы жаңадан қазылады. Бұл жобаның мақсаты –  Киров-Шежін магистралі арқылы Жайық суын Қараөзенге жеткізу екенін айтты. Сонда Ресейдегі Еділ өзенінен босатылатын 100 млн. текше метр суға жұмсалатын қаражаттан 30 миллион текше метр судың құнын үнемдейміз. Сондай-ақ төрт ауданның аумағын ішінара қамтитын 130 мың гектардан астам жайылымды қосымша суландыруға болады. Магистраль бойына шаруа қожалықтары орналасып, жұмыс орындары ашылады, – деді облыс əкімі Алтай Көлгінов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен аталмыш жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, 2018 жылы Жайық-Көшім жүйесінен келетін бассейнаралық су Қараөзенге барып құйылады. Мамандардың айтуынша, Киров-Шежін арнасынан Қазталов ауданындағы Талдықұдық ауылындағы тоғанға секундына 8 текше метр су босатылады. Жалпақтал ауылы  маңындағы су қоймасы Қараөзен арқылы толықпақ. Сөйтіп, Киров-Шежін магистралі маңындағы 12 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендер шаруашылыққа пайдаланатын суға қол жеткізеді.

Осы сапарында су арнасын Талдықұдық ауылына дейін көлікпен шолып шыққан  облыс әкімі Алтай Көлгінов кейін Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытында жөнделіп жатқан автожол учаскесінде болып, ондағы жұмыс барысын бақылады. Алтай Сейдірұлының айтуынша, биыл бұл күре жолдың 18 шақырымы қазан айына дейін күрделі жөндеуден өтіп болуы тиіс. Қазіргі кезде Жалпақтал ауылының тұсына келген бұл жұмыстың негізгі межеге жетуіне 6 шақырым қалған.

-Келесі жылы Қазталов ауданына дейін асфальт жабындысын төсеуге жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаймыз. Соған байланысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен келіссөздер жүргіздік. Биыл облыста 255 шақырымнан астам жол жөнделуде. Барлық жол құрылысы уақтылы аяқталады. Бұл жердегі жөндеу жұмысы да кестеге сәйкес жүруде. Аталған жұмыстарға Елбасы тапсырмасына сәйкес қаражат жеткілікті бөлінуде, – деді Алтай Сейдірұлы.

Айша ӨТЕПАЛИ,

Батыс Қазақстан облысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған