Қара сақалды әкеден, қара шашты шешеден сақтасын!

Бірде Бөкен би Сырымға берген батасының арасында «Жасың алпысқа жетпесін» деген сөзді де айтады. Сырым өзге сөздердің бәрін талдап келіп: «Жасың алпысқа жетпесін» деген батаңызға мен түсіне алмадым», – депті.

Сонда Бөкен:

– Мен сенен Құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алпыстан асқалы алты түрлі бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді,— міне, алты бәле деген осы. Бұны қалай түсіндің? – дейді.

Сонда Сырым батыр:
«Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз – адамның қатары кетеді, баратын үйі таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз – өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз – өзіңнен туған кей бала, есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешем дегеніңіз – сол баланың әйелі, келінің. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей» дейтін шығар. Ауру мен кәрілік түсінікті ғой, ата», – деген екен.

Міне, осы алтаудың ішінде ең қиыны, біздіңше, «қара сақалды әке» мен «қара шашты шеше» болса керек. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйгілі хадисінде бар емес пе: «Қияметтің белгілерінің бірі – адам өзінің қожайынын туады» демей ме? Бұл – осының бір кебі. Өзіңнен туған бала: «Ананы үйт, мынаны бүйт» деп қартайған ата-анасына пәрмен беріп отырса, бұл дүниенің үлкен соры, сол шығар-ау, сірә! Осыдан Құдай баршамызды сақтасын!

Асылбек Әуезханұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған