ҚАСҚЫР ҚОЙДЫҢ ТЕРІСІН ҚАЛАЙ ЖАМЫЛАДЫ?

Қасқыр қойдың терісін жамылу үшін әуелі «демократия» дейтін ұғымды алға тартады. Біз бұл атаудың мазмұнына алданып жүрміз. Мақсатын толық түсінбейміз. Әлемдік демократияның авторлары – американдық һәм батыстың озбыр саясаткерлері. Бұлар тәуелсіз мемлекеттерді тәуелді жағдайда ұстау үшін: ғаламдық демократияны дамыту, пікіралуандығын тудыру, социологиялық зерттеу институттардың жұмысын жүйелеу, адам еркіндігін қорғау… т.б. деген сияқты дүниелерді ойлап тапқан. Былай қарасаңыз, демократия жап-жақсы сияқты.

Бірақ… бірақ демекші… басын ашып алған дұрыс. Әуелі, қоғамға, адамзат баласына зиянды нәрсе демократияға жатпайды. Неге? Адамзатты азғындыққа, малғұндыққа тәрбиелейтін ұғым-түсінік демократия емес. Мысалы, жезөкшелер мен қызтекелердің құқығын қорғау демократия ма? Демократия деп – адамның пайдасы үшін қызмет ететін дүниені айтамыз.
Сол сияқты әркім аузына келгенін айту немесе жазу, біреуді масқаралау… бұл да демократия емес. Неге? Өйткені, демократияны желеу еткізіп, жұртты албаты сөйлетудің түпкі мақсаты – өсекке үйір қылу, өтірікке үйрету, үрей тудыру, сол арқылы қара бұқараны – мемлекеттік ақпараттың қайсысы шын, қайсысы өтірік, ажырата алмайтын күйге түсіру. Осындай күйге ұрынған бұқара билікке сенбейтін болады. Сөйтіп, билік пен бұқара арасында темір перде орнайды да, күндердің күнінде бұл пердені бұзу үшін бүлік туады. Хаос тудырудың негізі белгісі – жоғарыдағыдай халық сенбейтін ақпараттар тарату.

Екіншіден, жасанды демократия халықты табиғи болмысынан ажыратады. Айталық, кіндігін ашып сырға тағу немесе шашын кемпірқосақ сияқты қызылды-жасалды түске бояу, ата-ананың айтқанына көнбеу, үлкеннің бетінен алу… демократия ма? Одан кейін қазір елімізде қаптап кеткен қоғамдық ұйымдар – «Жалғыз басты әйелдің құқын қорғау», «Күйеуінен зардап шеккен әйелдерді қорғау», «Итсүйерлер одағы», «Сырақорлар ұйымы»… бар ма бізде? Бар. Бұл не сонда? Қысқасы, демократия әркімннің өз қалауын жоғарыдағыдай ақихат етіп алуына жол ашуда. Нақтырақ айтқанда, ақихат дегеніміз – әркімнің нәпсі қалауына айналған.

Бұндай мың түрлі нәпсілер қалауы ешқашан бір-біріне үйлеспейді. Сөйтіп, бүтін қоғам, яғни, қазақ халқы ыдырайды. Нәпсі қалауына ерген адам жаман мен жақсыны, зиянды мен зиянсызды ажырата алмайды. Дәл осындай алмағайып кезеңде, халық болып, ақ пен қараны ажырата алсақ: пайдасы өзімізге, егер де ажырата алмасақ, пайдасы жауымызға.  Жалған елбұзар демократияға ілесіп, ақихат іздеп дүрлігушілер – надан адамдар. Бұған имансыз ұлтшылдық қосылса тіпті қиын. Отқа май құйғандай болады. Олар өздерінің ісін – халыққа, қазаққа пайдалы деп ойлайды. Ең бастысы мына жүйе құласа, бақытқа кенелеміз деп армандайды. Түк те олай емес. Билікті өзгеру ісі – халыққа жақсылық жасау үшін емес, екінші бір жалмауыздар билікке келу үшін жасалынатын шаруа.  Батыстың демократиясы бізге үлгі емес. Қайта халықты қараңғылыққа итермелейтін, адастырушы құрал. Бұның түп мақсаты – тұрақтылықты шайқау. Мысалы, ұйып бара жатқан айранды сәт сайын келіп шайқап тұрса, қайтеді. Ұйымайды. Іріп сарысуға айналып кетеді.

Қазақтың қамын анау Америка, мына жақтағы Ресей, шығыстағы Қытай ешқашан шешпейді. Қазақтың қамын қазақ ғана ойлайды.Демек өз тағдырыңа біреулердің араласуын қалайсың ба? Қаламасың, қамдан! Ақымақтардың қолындағы демократия дейтін айбалтаны жұлып ал да, өзін тыныштыққа шақыр!

Бекен Қайратұлының фб-дағы парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған