Қатпарлы самса жасай білесіз бе?

Самса — бұл Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азияға кең таралған мәзір. Негізгі құрамы жуа мен ұсақтап туралған еттен тұратын ұн тағамдарының бір түрі. Самса үшін дайындалатын қамыр әдетте қатпарлы келеді, бірақ кей елдер самсаны тандыр нанмен де жасайды. Формасы әртүрлі, кең тарағандары — үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек.

Құрамы:

4 кесе ұн;

2 жұмыртқа;

1 кесе жылы су;

100 гр сары май;

0,5 шәй қасық тұз.

ет/фарш;

құйрық май;

пияз;

тұз/бұрыш;

аскөк/дәмдеуіштер.

Дайындалу жолы: Үлкен ыдыста жылы су, жұмыртқа, тұз, сары майды жақсылап араластырамыз. Араластыра отырып, үстіне аздап ұнды елеп қосамыз. Қолға жабыспайтындай етіп қамыр илейміз де, оны бірнеше бөліктерге бөлеміз. Домалақтап, жылы жерге (25-30 минут) бетін жауып қоямыз. Бұл уақыт аралығында салманы дайындап қоямыз. Ет, құйрық май, пияз бен аскөкті ұсақтап турап, тұз/бұрыш, дәмдеуіштер қосып, дәмін келтіреміз. Әдетте, біз қамыр жаюға ұн пайдаланамыз, бірақ бұл самсаны дайындау кезінде ұнның орнына крахмал пайдаланған тиімдірік. Бұл қамырымыздың жұмсақ әрі тегіс болып шығуын қамтамасыз етеді. Алғашқы қамырымызды (қалыңдығы 1,5-2 мм) жайып болғаннан кейін оның үстіне алдын ала ерітіп, сәл суытып қойған сары майды жағамыз. Екінші қамырды жая бастағанда сары май қамырға сіңіп, жұмсара түседі. Дәл осы жолмен 3 рет қамыр жайып, үстеріне сары майды жағып сіңдіреміз. Бірінің үстіне бірін қойып қатпар жасаймыз. Қатпарлы қамырымыз дайын, енді оны дөңгелетіп орап, кішкентай бөліктерге бөліп жаямыз. Салмасын салып, үшбұрыштап бүреміз. Үстіне жұмыртқаның сарысын жағуды ұмытпаңыз.  Содан соң, ыстық пеште 200-230 градус температурада 30-40 минут пісіреміз. Асыңыз дәмді болсын!

                                                                                               Жұлдыз Әбіл

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған