Notice: Constant WP_DEBUG already defined in /var/www/www-root/data/www/minialgo.kz/wp-config.php on line 52
Қағбадан жеткен қасиетті тәбәрік – “ЕлАна” әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Қағбадан жеткен қасиетті тәбәрік

Тәуелсіздіктен бергі уақытта елімізден 40 мыңнан астам мұсылман қажыға барып қайтқан екен. Осы қасиетті сапардың басы-қасында жүріп, киелі мекендерге зиярат етуші 15 мыңға жуық қажыға қал-қадірінше қызмет етіп жүрген бір азамат бар. Ол — «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры, теолог Амангелді қажы Әбдіхалық мырза. Амангелді қажымен сұxбаттаса қалсаңыз, өзі білім алған Египет жерінен тартып, Орта Шығыстың біраз елдерін аралап, сол өлкелердің тарихы мен қазақ даласы арасындағы қарым-қатынас, тарих, мәдениет саласындағы көптеген салаларды зерттеп жүретін ғалым екеніне көзіңіз жетеді. Жәйлап сөзге тартсаң болды, қыпшақ Бейбарыс Сұлтаннан тартып, Алтын орда билеушілері мен араб әлемінің қатынасы туралы таңды-таңға жалғап әңгіме айтады. Бұл туралы сұхбаттардың да реті келер. Ал кезекті әңгімеміз — Амангелді қажыға жасалған айрықша сыйлық төңірегінде болмақ.

 

 

Рахима қажының таңғажайып түсі

— Амангелді қажы, сіз туралы әлеуметтік желіден араб шейxтарының қолынан үлкен сыйлық алып қайтқан қуанышты жаңалықты оқыған едік. Сол туралы өзіңізден анықтап білсек дейміз.
Рақымды, Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
2018 жылы шілде айының басында Меккеге бардым. Мақсатым — үлкен қажылық кезінде қажыларымыз түсетін қонақүймен келісімге отыру еді. Бұл туралы ораза кезінде тағы бір рет келіп сөйлесіп кеткен болатынмын. «Жөндеу, әрлеу жұмыстары бір-екі айдың ішінде бітеді, қажылық кезінде толық қызмет көрсетеміз» деп сендірген еді қонақүй қожайыны. Соны тағы да бір рет көріп, пысықтап алу үшін қайтадан баруға тура келді. Ертең жолға шығамын деп жатқан күні Алматыда тұратын Рахима қажы апайымыз хабарласып, «түс көрдім, түсімде арабтар сізге жал-құйрығы төгілген, өте сұлу бір қара арғымақ мінгізіп жатыр екен», — дегені. Рахима қажы әпкеміздің көрген түстері дәл орындалатын. Кезінде маған Қағбаның ішіне кіріп, намаз оқу бақыты бұйырғанда да, бұл кісі түсінде көргенін айтып, сол түсі дәл келген еді. Сол себепті бұл қажы әпкеміз жақсы түс көрер болса, қуанып қалатын едім. «Қажеке, ертең Меккеге ұшқалы тұрмын, бірақ ол жерде маған ат мінгізетіндей ешкім жоқ сияқты еді», — дедім алғысымды айтып. «Ин шә Алла, осы сапарыңда үлкен сыйлықпен ораласың», — деді Рахима қажы.
Ертесі жолға шықтым. Аман-есен Меккеге жетіп, алдымен умра жасадым. Қажылық басталмаған кез болғандықтан, Қағбада адам қарасы аздау екен. Көшеде кептеліс те жоқ. Бір мамыражай маусым. Негізгі шаруа — қонақүймен келісімге отыру небәрі 15 минутта аяқталды. Енді 4-5 күн уақытым бар. Сосын Меккедегі таныс шейхтарға сәлемдеспекке қоңырау шала бастадым. Достарымның барлығы Меккеге келгенімді біліп қонаққа шақырып жатты. Оларға әр жолы айтып жүретін бір өтінішім бар еді. Қасиетті Қағбаның кілтін ұстап отырған Бәни Шәйбә әулетінің адамдарымен амандасып шығайық дейтінмін.

 

 

Қағбаның кілті кімде?

— Сөзіңізді бөлейін. Бәни Шәйбә әулетімен таныстығыңыз бар ма еді?
— Бәни Шәйбә әулеті туралы көп адамдар біледі деп ойлаймын. «Қасиетті Меккенің тариxы» атты кітабымда, «Қағбаның ішінде не бар?» деп аталатын тақырыпта бұл ұрпақ туралы жазған болатынмын.
Бұлардың ұлы бабалары Осман Ибн Тәлxаның риуаятында келеді: «Жәһилият дәуірінде Қағбаның есігін ашып тұратын едік. Қалаған адамымызды кіргізер едік, қаламаған адамды кіргізбей, кеудеден итерер едік. Бір күні Қағбаның есігін ашып тұрған едім, алыстан Мұxаммедтің (с.ғ.с) есікке қарай туралап келе жатқанын көрдім де, кірмейсің деп, есіктің табалдырығында кеудесінен итерейін деп тұрдым дейді. (Ол кезде пайғамбарымыздың жасы, 37-де, әлі пайғамбарлық келмей тұрған кез болатын) Мұxаммед (с.ғ.с) менің ниетімді сезіп тұрса да, баспалдақпен асықпай көтеріліп, қасыма жақындап келді де: «Ей, Осман, күндердің бір күнінде бір заман келеді, Қағбаның кілтін менің қолымнан көресің, сол кезде кілтті өзіңе қайтарамын», — деді.
Бұл сөзді естіген кезде, құрметпен кіріңіз, кіріңіз дедім. Бірақ бұл сөз құлағымда ұмытылмастай болып, жатталып қалды.
3 жылдан соң, Мұxаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық келді, 13 жыл Меккеде пайғамбарлық қылды, одан соң Мәдинаға көшті. 9 жылдан соң, Мекке қаласы мұсылмандардың қолына өтті. Пайғамбарымыз Меккені бейбіт жолмен басып алды. Менің қолымнан Қағбаның кілті кетті. Өйткені мен ол кезге шейін мұсылман болмаған едім. Мұxаммед (с.ғ.с) Қағбаны өз қолымен ашып, ішін жуып тазалап болған соң, саxабаларға айтып, бір өзі ғана қалып, шүкір намазын оқиды. Сол кезде «Алла тағала аманатты өз егесіне қайтаруды бұйырады» (Ниса сүресі, 58-аят) деген аят түседі. Мұxаммед (с.ғ.с) Қағбадан шығып, саxабаларына «Осман ибн Тәлxә қайда екен, кім біледі, маған алып келсеңдер», — дейді.
Сол кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с) Османға қарап, «Ей, Осман, есіңде ме, бір кездерде айтпаппа едім, Қағбаның кілтін өзіңе қайтарамын», — деп. 25 жыл бұрын айтылған бұл сөздің орындалғанына көзім жеткенде, «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұxаммед — сен оның нақ пайғамбарысың», — деп исламды қабыл еттім. Сонда пайғамбарымыз: «Ей, Осман, бұл кілт саған және сенің ұрпақтарыңа. Бұл кілтті сендерден ешкім ала алмайды. Аламын деген адам залым болады», — деп кілтті өзіме қайтарды.
Осылайша xазіреті Осман ислам дәуірінде де Қағбаның кілтін иемденуші болып қалады. Хазіреті Османның баласы жоқ еді. Ол қартайған шағында кілтті, өзінің інісі Шәйбаға қалдырды. Шәйба қартайғанда өзінің ұлына аманат етті. Осылайша Кағбаның кілтіне иелік етушілер Шәйбә бабаларының атымен осы заманымызға шейін «Бәни Шәйбә» деп аталады. Қазақша мағынасы «Шәйбә ұрпақтары» дегенді білдіреді.


Меккедегі зәмзәм су мекемесінің басшысы секілді біраз танымал шейxтармен араластығым болса да, бұл әулетпен таныстығым жоқ еді. Тек қана Қағбаның ішіне кірген жолы бір адамымен кездескен болатынмын.
Меккедегі шейхтар әр жолы «кейін көрейік» деп менің өтінішімді созып жүрді. Сосын бірде «сен бұл өтінішіңді шейх Әлиге айтсаңшы. Ол Бәни Шәйбә әулетінің күйеу баласы ғой», — деп еді. Жидда қаласында тұратын Шейх Әли — менің талайдан бері сыйлас адамым. Сонымен Әл-Харамда отырып Шейх Әлиге телефон соқтым. Ол Жиддадан Меккеге қарай келе жатыр екен. «Жарты сағатта пәлен жерде боламын, сонда кездесейік» дегені. Сөйтіп, Шейх Әлимен кездестім. Оның машинасында әңгімелесіп келе жатырмыз. Қайда келе жатқанымызды сұрамаппын. Бір сәулетті сарайға келіп кірдік. Сарай ішінде Бухур иісі аңқып тұр. Адамға ерекше әсер беретін ғажайып ортаға тап болғандай едім. Ішке кірдік. Бес-алты араб құшақтасып амандасып жатыр. Төрде Қағбаның есігіне ілінетін үлкен кисуа тұр. Бір жақ қабырғадағы «Бәни Шәйбә әулетінің шежіресі» деген тақтаға көзім түскенде барып өзімнің қайда келгенімді аңғардым. Ас келтірілді. Сәлден соң олар мені әңгімеге тарта бастады. «Адам түсініскенше» деген ғой. Әңгіменің тиегі ағытылып жүре берді. Кеңес өкіметі тұсында, 70 жыл бойы атеистік қоғамда өмір сүріп, тәуелсіздіктен кейін ғана дін ұстануға мүмкіндігіміз болғанын айтып бердім. Коммунистердің қазақтарды қалай жаныштағандығын да қағыс қалдырған жоқпын. Қазақтың қасіретті тағдыры туралы айтқандарым әсер етті ме, кейбіреулері көздеріне жас ала отырып тыңдады. Олар да Қазақстан туралы білетіндерін айтып жатыр. Әңгіменің арасында Мәшһүр Жүсіптің «Ізбас қажы» атты шығармасындағы бір оқиғаны қыстыра кеттім. Онда Ізбас қажының аузынан айтылатын «Қағбаның кілтін ұстайтын адамды шайхы деп атайды екен. Біз олармен кездестік, бізге Қағбаның кисуасын берді» деген жерлері бар еді. Соны баяндадым. Мұнан соң Құнанбай қажы туралы әңгіме бастап, сол замандарда xалқымыздың қамын ойлап, Меккеде тәкия жай салғанына шейін айтып бердім. Арабтар өте ризашылықпен тыңдады.
Әңгіме арасында, ғасырлардан-ғасырларға жалғастырып жазылған шежіреге мен де үңілдім. Қарап тұрсам, ұлы бабаларының біреуінің есімі Аднан деп тұр. Аднан — Пайғамбарымыз Мұxаммедтің (с.ғ.с) 21-ші атасы. «Сіздер де Аднаннан тарайсыздар ма?» — деп сұрадым. «Ендеше мен де сол Аднанның бір ұрпағы боламын. Біз қазақ халқының ішінде қожалар деп аталамыз. Менің әулетім — Сейт Қожалар» деп бастап, қожалардың орта Азияға дін таратып келу тарихы мен қазіргі жағдайы туралы айтып шықтым. Сөз соңында, «өз шежіремізді жатқа білемін, жүрегімізде жазулы» дедім де, Мұхаммедтен (с.ғ.с) ары қарай, Аднанға дейінгі 21 атаны жатқа айтып бердім.
Арабтар таңғалып, бұлардың барлығын қалай білетіндігімді сұрап жатыр. «Бұл — біздің де бабаларымыз», — дедім мен. Килабтан Хусай, одан төрт ұл туады. Біреуі — Әбу Дарда, енді біреуі — Абдул Манап. Абдул Манаптан Хашим, одан Абдул Мүталиб, одан Абдулла, одан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) тарайды. Ал сіздер Әбу Дардадан өрбисіздер. Әбу Дардадан сіздер, Абдулманаптан біздер ажыраймыз. Бәни Шәйба ұрпақтары таңғалды. Әңгіме қыза түсті. Барлығы да терең білімді, кішіпейіл, нұр жүзді адамдар екен. Сол салихалы сұхбаттың соңында менің Қазақстандағы мекенжайымды жазып алып қалды. «Сізге ақылдасып, бір сыйлық жібереміз. Ин ша Алла, сіз ол сыйлыққа разы боласыз», — деді.
Сөйтіп елге қайттым. Бір аптадан кейін олардан телефон келді. «Экспресс поштаға барып едік. Салатын затымызды, салмағы ауыр екен деп қабылдамады. Енді не істейміз», — деп тұр. «Ендеше бір айдан кейін өзім де барамын», — дедім мен. «Өзің келіп алсаң тіптен жақсы болар еді», — десті олар.

 

Бәни Шәйба ұрпағының сыйлығы

— Сонда не нәрсе жібергелі жатқанын айтпады ма?
— Айтқан жоқ, не зат екенін мен де сұрамадым. Бірақ бұл қасиетті ұрпақтан қандай нәрсе алсам да, тіпті болмашы нәрсе берсе де, мен үшін үлкен құрмет екенін ойлаумен болдым. Арада бір ай уақыт өтіп, біздің қажылыққа жүретін сәтіміз де келіп жетті. Алла оң сапар нәсіп етіп, қасиетті Меккеге табанымыз тиді. Минада 3 күн түнеп, қажылығымызды аяқтап, Меккеге қайта оралған соң көптен күткен сыйлық маған табыс етілді. Ашып қарасақ, үлкен кисуа. Үйдің іші жарқырап кетті. Мынадай үлкен кисуаны алғаш көруім екен. Қуанышымда шек жоқ. Бірден намазға тұрдым, осындай сыйлықты нәсіп еткен Аллаға шүкір, сәждесін қылдым. Осылайша үлкен сыйлыққа разы болып, қуанып қалдым. Қасында қағаздары бар екен. Бізше айтқанда — сертификат. Әл-Харам мешітінің арнаулы ісқағазының бетіне жазылыпты. Онда маған сыйлық жасаушы Бәни Шәйба ұрпағы: «Сауд Арабиясы патшасының келісімімен, бұл кисуаны, Қазақстан Республикасының азаматы Амангелді Әбдіхалыққа сыйлық ретінде ұсынып отырмын», — деп жазыпты. Төрт жеріне мөр басылған және бір саусақтың бедері түсірілген екен.
— Шынымен де үлкен сыйлық екен. Енді осы кисуаның қадыр-қасиеті туралы айтыңызшы?
— Кисуа дегеніміз — қасиетті Кағбаның сыртындағы жамылғысы. Оның тарихы арыда жатыр. Бұрын Египетте дайындалатын. Оны Қызыл теңіз арқылы Сауд Арабияға жеткізгенше біраз уақыт кетуші еді. Кейін келе Сауд Арабиясы өз елінде Кисуа Фабрикасын ашты. Кисуаны жасауға 220 келі таза алтын, 1 тоннадан артық жібек мата жұмсалады екен. Қазір мұның материялдарын өзгертті. Бұрын бір кисуаның құны 5 миллион долларға шығатын. Қазір алтындарын көбейтіпті. Бертінге дейін алтын жіптермен зерленсе, қазір оның бетінде тұратын құран аяттарын, алтын сымдармен жазады екен. Қазіргі құны 7-8 миллион долларға жететін көрінеді. Оны бір жыл бойы тігіп дайындайды. Маған бұйырған кисуаны «Хизам» деп атайды. Яғни, Қағбаның — белдігі. Қағбаның арқасында жоғарғы жағында тұрады.
— Бұрынғы бабаларымыздың қажы-лық сапарынан Кисуаның қиқымдарын тәбәрік ретінде ала келгендіктерін оқыған едім. Ескі суреттерге қарасақ, Қағба Кисуасының қазіргіден басқаша болғанын байқаймыз. Жалпы Қағбаға Кисуа жабу дәстүрі қай уақыттан басталған?
— Бұл жөнінде ислам тарихшыларының көзқарасы әртүрлі. Біреулері Исмайыл пайғамбардың (а.с.) кезінен басталған дейді. Тағы бір тарихшылардың айтуынша, Иеменге билік жүргізген Туба деген патшаның заманынан басталған деседі. Үшінші топтағы ғалымдардың пайымдауынша, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) 21-ші атасы Аднан жапқан деседі. Исмайыл пайғамбар және Туба патшалардың ежелде өмір сүргендігін ескерсек, Аднан — біздің заманымызға жақын тұлға. Тағы бір сенімді деректерге қарағанда, «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде Иеменнен жеткізілген бір матаны Алла елшісінің (с.ғ.с) өз қолымен Қағба сыртына жапқандығы» туралы айтылған. Кисуа жабу дәстүрі содан бері қарай үзілген жоқ. Бұрын 5 жылда бір рет ауыстырып келген екен. Қазір жыл сайын, арафа күні, Қағбада адамдар саябырлаған кезде ауыстырып отырады. Бертінге дейін сыпырылып алынған Кисуаны сондағы халыққа таратып жібереді екен. Оны Меккенің жергілікті тұрғындары кішірейтіп кесіп алып, шеттен келген қажыларға сататын көрінеді. Қазір олай жасамайтын болыпты. Алынған Кисуа патшаның қорына өткізіледі. Сол жерден алтыны бар бөліктері мен басқа жерлерін жәйнамаз көлеміндей етіп кесіп алып, патша өзі қалаған адамдарына, мұсылман елдерінің басшыларына, дін қайраткерлеріне, ғалымдарға сыйға береді. Біздің елімізде де 150 жылдың алдында Меккеден әкелген Кисуаның бөліктері сақталынған. Қазақтар оны «Қара тон» деп атаған. Мұндай бағалы Сый-Кисуаға ие боламын деп ойламаған едім. Алла бұйырып, Бәни Шәйбә әулетінің қолынан маған нәсіп болды. Бұдан бұрын да арабтың шейхтары 1984 жылғы Кисуаның алтын жіппен өрнектелген кішкентай бөлігін сыйлаған еді.
Арысын айтпағанның өзінде, 1500 жылдан бері жалғасып келе жатқан Кисуа тарихы осылай. Кағба — Алла үйі деп аталады. Сол үйдің сыртындағы жамылғысының бір бөлшегі бізге нәсіп болып, Қазақстанға келуі — қасиетті, берекелі нұрдың отанымызға келуі деп санаймын.
1993 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына сапарлай барғанда, сол кездегі патша Фәһд Ибн Абдуләзиз Елбасымызға кисуа сыйға тартқан еді. Ол кисуа осы кезге шейін, «Нұр-Астана» мешітінің миxрабында жас қала Астанамызды нұрға бөлеп тұр.
— Оқырмандарымызға түсінікті болсын деймін. Сізге сыйланған Кисуаны толықтай сипаттап беріңізші? Бетінде таза алтындар бар ма?
— Маған берілген Кисуаның ұзындығы — 3 метрдей, ені — 80 сантиметр. Салмағы 7-8 келідей шығады, соның 4-5 келісі — таза алтын. Бұл бөлікте қасиетті Құран Кәрімнің «Аxзаб» сүресінің 47-аяты «(Мұхаммед с.ғ.с) мүміндерді рас оларға Алладан, ірі игілік барлығын сүйіншіле» деп жазылған.
— Әңгімеңізге рақмет! Қасиетті тәбәрік барша Қазақстандықтарға жұғысты болғай!

 

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған