Қиындықтарды жеңуге көмектесетін аяттар

Кейбір кездерде адам баласына қуанышпен бірге қайғы да келеді. Сондай сәттерде ол қиындықтарды жеңуге біздің күш-қуатымыз жетпейтіндей көрінеді. Өзімізді әлсіз сезінеміз. Алайда әрбір қиыншылықты сынақ деп қабылдап, сабырлылық танытсақ жақсы. Қасиетті Құранның келесі аяттары сол қиыншылықтарды жеңуімізге көмектеседі:

«Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер».

«Олар (сабырлы жандар) бастарына қандай да бір қайғы-қасірет келгенде: «Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға  тиесіліміз (Оның басыбайлы құлымыз) және түбінде Оған қайтамыз», – деп айтады» («Бақара» сүресі, 155, 156-аяттар).

«(Аллаға құлшылық етуде, күнә атаулыдан сақтануда һәм бастарыңа ауыртпалық түскенде) сабыр етіп, намаз оқып, (Алладан) медет тілеңдер. Расында, бұл Алладан шынымен именетін һәм Оған тиісінше тағзым ететін жандардан өзгелерге тым ауыр келеді» («Бақара» сүресі, 45-аят).

«(Уа, мүміндер!) Ұнжырғаларың түсіп, жасымаңдар, қайғы-мұңға салынбаңдар, егер шын мүмін болсаңдар, шүбәсіз, сендер үстемсіңдер».

«Уа, иман еткендер! (Алла жолында бастарыңа келетін ауыртпалықтарға, сондай-ақ Оның бұйрықтарын орындап, тыйғандарынан тыйылу мәселесінде) барынша сабырлылық танытыңдар! Дұшпанмен бетпе-бет келгенде табандылық танытыңдар, сабырлы болуда олардан асып түсіңдер. (Біріңді-бірің сабырлы болуға шақырыңдар). Аллаға құлшылық етуге һәм Оның жолында күресуге келгенде оттай маздап, әрдайым дайын тұрыңдар, әрі біріңе-бірің сүйеу болыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 139, 200-аяттар).

«(Дүниедегі қиыншылықтарға) сабырлылық танытқандарың үшін сендерге: «Сәләмун аләйкум!» деп тыныштық, есендік тілейміз! Осынау ақырғы ақырет мекені қандай керемет!» («Рағыд» сүресі, 24-аят).

«Сонда Алла тағала: «Қорықпаңдар! Өйткені Мен қашанда сендермен біргемін. Мен бәрін де естіп, көріп тұрамын», – деп екеуіне дем берді» («Та-һа» сүресі, 46-аят).

«…Алла әр қиындықтың артынан бір жеңілдік нәсіп етеді» («Талақ» сүресі, 7-аят).

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған