Қиырдағы қазақтар туралы деректі фильм түсіріледі

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 25 жылдығына орай, алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақтардың тарихы мен өмір салты туралы 8 сериялы деректі фильм түсіріледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. «Әлем бойынша шетте жүрген қандастарды елге жинаған санаулы ғана мемлекет бар. Солардың бірі – Қазақстан. Егемендік алған 26 жылда 1 миллионға жуық қандастарымыз елге оралды. Мемлекет басшысы жақында өткен Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында «Елім деген әрбір қазаққа әрқашан Қазақстанның есігі ашық» деді. Яғни, көш әлі тоқтаған жоқ, алдағы уақытта да жалғаса береді деген ойдамыз. Осы орайда, Елбасы тапсырмасына сай, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қиырдағы қазақтар» жобасын қолға алып отыр», – деді Дәурен Абаев. Министрдің хабарлауынша, деректі фильм Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық санамызды жаңғырту және төл тарихымызға тың серпіліс әкелуді көздейді. Онда Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Қытай және Моңғолия сынды 8 мемлекеттің аумағындағы қазақтардың тұрмысы, тарихы, ерекше дәстүрлері мен мәдениеті көрініс табады. Дайын болған фильм Тәуелсіздік күні қарсаңында «National Digital History» порталы арқылы жұртшылық назарына ұсынылады. «Елбасы айтқандай, «Рухани жаңғыру дегеніміз – бүкіл халқымыздың жаңғыруы». Сондықтан, шетелдегі қандастарымызды да назардан тыс қалдырмай, арадағы ақпараттық байланысты күшейтуді, рухани тұтастыққа үлес қосуды көздеп отырмыз», – деп өз сөзін түйіндеді министр. Жоба авторы және «National Digital History» интернет-жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев экспедиция тобының алдағы жоспарымен бөлісті. «Шілде айында экспедицияға шығып кетуді жоспарлап отырмыз және сапарымызды Ресейден бастаймыз. Ресейде Омбы, Қорған, Орынбор, Астрахань аймақтарындағы қазақтарға барамыз. Ресейден Түркіменстанға келіп, Түркіменбашы, Ташауыз, Ашхабад, Чарджоу өңірлеріндегі қазақтармен сұхбаттасамыз. Одан кейін Иранға өтіп, қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған Горган, Бендер-Түрікмен, Тегеран, Мешхед қалаларына табан тірейміз. Ираннан Ауғанстандағы Кабул, Құндызда тұратын қазақтарды қамтып, Тәжікстандағы Соғды облысы, Таулы Бадахшан қазақтарына жол тартамыз. Тәжікстаннан кейін бізді Өзбекстан күтіп тұр. Ондағы Шыршық, Бостандық аудандарында қазақтар көп. Өзбекстаннан кейін Қытайдың Мори, Баркөл, Құмыл, Қарамай, Шәуешек, Құлжаға баруды жоспарлап, экспедициямызды Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында аяқтаймыз», – дейді О. Беркінбаев. Еске сала кетсек, 2017 жылдың 22-25 маусым күндері Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайы өтті. Құрылтайға әлемнің 39 елінен 400-ге жуық қандастарымыз қатысты.

http://inform.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған