Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы үздіктерді анықтады (Фото)

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Еліміз бойынша төртінші мәрте ұйымдастырылған байқаудың түрлі деңгейлерінде Қостанай облысынан 400-ден аса отбасы қатысып үлгеріпті. Осы жолы да облыс аумағындағы аудандар мен қалаларда «Мерейлі отбасы» байқаулары өтіп, одан үздік шыққандар байқаудың облыстық кезеңінде бақтарын сынасты. Үздік шыққандарды облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

«Бұл байқау әлден өзінің өміршеңдігін нақты дәлелдеп берді. Оны осы сайысқа қатысып жатқан түрлі мамандықтардан тұратын жанұяларға қарап айтуға болады. Соның ішінде көзге ерекше түскендері де бар. Олар көп балалы отбасылар, жетім бүлдіршіндерді асырап алған жүректері жомарт жандар. Мерейлі отбасы деп осыларды айтуға болады. Ал, биылғы жылы байқаудан озып шыққан отбасын республикалық кезеңде облыс намысын аброймен қорғайтынына сенімім мол», – деді облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.

Бұл жолы байқаудың «Парасатты отбасы» аталымы мен 3 орынды Мақаевтар отбасы иеленді. Ғалым және Қарлыға Мақаевтар 11 бала тәрбиелеп өсіріпті. Олардың барлығы да еңбекте, өмірден өз орындарын тапқан, балалы-шағалы. Отбасының ортақ игілігіне айналған шаруа қожалығын жас келсе де Ғалым ағайдың өзі басқарып отыр екен.

 

«Көп балалы отбасының қуанышы көп, қиындығы жоқ. Өйткені барлық ауырпашылықты бірлесіп көтереді. Бірлік болғаннан кейін қиындықтар ешқашан білінбейді», – дейді ерлі зайыпты Мақаевтар.

Ал байқаудың «Өнегелі отбасы» аталымымен берілетін екінші орынға Сарыкөл ауданының тұрғындары Мишенковтар отбасы ие болды. Юрий мен Екатерина алты бала тәрбиелеп отыр. Отағасы да, отанасы да «Аманжол-Агро» шаруашылығында жұмыс істейді.

7834d59bf8d3619adf88f61e5180e4b1

Ал балалары шетінен оқу озаттары, тәртіпті, айналасына үлгі. Гір көтеру спортымен айналысатын Василий Мишенков тек облыс, аудан ғана емес, еліміздің намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүр.

«Мерейлі отбасы» аталымымен байқаудың бірінші орынына Амангелді ауданы атынан қатысқан Мұхдахановтар отбасы лайық деп танылды. Бұл көп балалы ғана емес, есімдері елімізге белгілі өнерлі отбасы болып саналады. Айтбай мен Ханзада Мұздхановтар 4 бала тәрбиелеп өсірген. Кіндігінен тараған ұрпақтарынан немере сүйіп, ата-әже болып отырған асыл жандар. Отағасы Айтбай 36 жасында алған өндірістік жарақаттың салдарынан бір қолын шынтағынан төмен кесуге тура келіпті. Қиындықтар болмай қалған жоқ. Жігерлі кісі сонда да қасиетті қара домбыраны жанына серік ете білді, Қазір ол елімізге кеңінен таралып кеткен 60 күй мен 40 әннің авторы. Қызы Анар Мұздханова Астана қаласында тұрады. Әке жолын қуған қыз дарында күйші ретінде есімі ел аумағына танымал.

Ұлттық байқауда бірінші, екінші орын алған отбасыларға 150, 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Байқау жеңімпаздары болған Мұздхановтар отбасы алдағы маусым айында Астанада өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында облыс намысын қорғайтын болады.

Фото автордікі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған