Қос Тоқтар

Уақыт тоқтамай зымырап өтіп жатыр ғой. Әркім өз шаруасымен айналысуда. Біреу бай, біреу орташа, біреулер өз күнін әрең көріп жатыр…

Мен жақында бір мекемеге бас сұққанмын. Азын-аулақ шаруам болып, мекеме басшысының бөлмесінде төрде ілініп тұрған суретке көзім түсті. Суреттегі екі жігіт те келбетті, мығым денелі, батыр тұлғалы. Екеуінен бір ұқсастық байқадым. Мақаланы жазуға түрткі болған осы сурет. Сөйтсем, біріншісі — халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, екіншісі — белгілі кәсіпкер Тоқтар Қожанов.

Ұшқыш боламын деп армандаған бозбала Тоқтар Әубәкіров Алматыға келіп, 1965 жылы Талғат Бигелдинов ағасына жолығады. Кеңес одағының екі мәрте батырынан: «Аға, мен де сіздей батыр ұшқыш болғым келеді. Қандай кеңес бересіз?» — деп сұрамай ма? Батырдың көңіл күйі болмай отырған болуы керек: «Әй, бала! Мен саған ешқандай кеңес бере алмаймын, маған ұқсағың келсе, өз еңбегіңмен жет!» — деп шығарып салады.

Талғат ағасынан шыққан Тоқтар, тек өзіне сену керегін түсінеді. 1965 жылы Ресей федерациясындағы «АрмаВир» жоғары әскери ұшқыштар училищесіне түсіп, сол училищені 1969 жылы бітіріп шығады. 1976 жылы Мәскеу ұшқыштар-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1969-1975 жылдары Эскадрилья командирінің орынбасары, звено командирі, 1976-91 жылдары Мәскеудегі тәжірибелі конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндетін атқарды.

1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2-рет жанармай құйдыру арқылы, солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы 1-ші болып, авиотасушы крейсердің алаңына «МИГ-29 К» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырған. Осы еңбегі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген.

Тоқтар Әубәкіров 1990 жылы 44 жасында ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшады. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шақ борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды.

Суреттегі екінші жігіт — Қожанов Тоқтар. 1948 жылдың 10 сәуірінде Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қайнар орта мектебін жақсы бағамен бітіреді. Сол жылы Алматыға келіп, еңбек жолын «Алматы Центр-строй» құрылыс мекемесінде жұмысшы, ағаш шебері, арматуршы, электрдәнекерлеуші, бригадир-механик болып жұмыс істейді. 1970 жылы Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, материалдар мен техникалық құралдарды жабдықтау және жоспарлау факультетіне түсіп, 1983 жылы бітіріп, экономист-инженер мамандығын алып шығады. Екінші мамандығын алғаннан кейін, көлік министрлігінде материалдармен, техникалық құралдармен жабдықтау басқармасында бөлім бастығы, кешеннің директоры қызметін атқарады. 1991 жылы еліміз егемендігін алғаннан кейін жеке кәсіппен айналысады. Қазір табысты еңбек етіп жүр.

Қазіргі жастарға айтарым, мамандық таңдауда қателеспей, қандай жұмыс болмасын, қара жұмыс болсын, ерінбей еңбек етсе, талпынса, оқыса, болашақта көп табысқа жетуге болатынын ескерткім келеді. Осы екі Тоқтар ағаларының өткен еңбек жолы үлгі болады деп есептеймін.

Серік Ибрагимов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған