Қоғам қайраткері М.Жолдасбеков Димашқа батасын берді (Фото)

Бүгін аз уақыт ішінде әлемге әйгілі болып үлгерген жас талант, әнші Димаш Құдайбергенов Астанадағы өзі білім алған Қазақ Ұлттық Өнер университетіне арнайы ат басын тіреп, ұлағатты ұстаздары мен өкшесін басқан img_3014замандастарына сәлем берді. Қытайда өтіп жатқан «I am Singer» мегажобасы арқылы талайға таңдай қақтырған қазақтың дарынды ұлы Димаш келеді дегенді естігенде елең ете қалған жанкүйерлер, әсіресе, оны қытайлық арулардан бірінші болып қызғанатын қазақтың өрімдей қыздары ерекше сәулет үлгісімен салынған өнер әрі білім ордасына ағылып жатты. Қалың нөпірдің арасында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, әнші Майра Ілиясова да бар-тын. Димашты тағатсыздана күткен жастар қауымының жүзінен тек қана шынайы қуаныш әрі мақтаныш сезімін байқау қиын емес. Ал, даңқты Лара Фабианның өзі тамсанған Димаш білім ошағына кіргеннен қошемет пен фотоаппараттың жарқылынан көз ашпады.

img_3016

«Жамбыл» концерттік залының сахнасына көтерілген Димашқа қошемет одан сайын күшеймесе, бәсеңдей қоймады. Алдымен сөз алған А.Мұхамедиұлы да Қазақ елінің мақтанышы Димашқа ризашылығын білдіріп, оны дүниеге әкеліп әрі өнерге де баулыған ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтарға және бүгінгі шараға жиналған ұстаздар қауымына алғысын жеткізді.

img_3043Министрдің сөзінен кейін іле-шала Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, жезтаңдай жас талантқа батасын берді.

img_3058

-Қазақ даласында бағзы заманда да таңдайына құс ұя салған әнші өнерпаздар аз болмаған. Бірақ, қазіргідей кеңшілік болмағандықтан өздерін әлемге танытып, қазақтың атын шығара алмай кетті. Десе де, бергі кезеңде Парижде ән салған Әміре, Күләш Байсейітова, кешегі Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, т.б. бұлбұлдарымыз, дүлдүлдеріміз төрткүл дүниеге танылды. Құдайға тәубә, талантқа кенде емеспіз. Мінеки, Дінмұхамед Қонаевтың аттасы Димаш та жарқырап шықты, бұл бала – қазақтың маңдайына біткен бағы, мерейіне туған ұлы. Енді бабаларымыз «Қой көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» демекші, сені мұндай зор жетістікті көтеріп алып жүреді деп сенемін. Өйткені, халқың сенен үлкен үміт күтіп отыр. Бір Алладан тілерім – өзіңді де, сені дүниеге әкелген Қанат пен Светаны, халқыңды Жаратқан Иеміз аман етсін! Тіл-көзден, бәле-жала, кесір-кесапаттан қорғап, мәртебеңді биік, жолыңды ашық, деніңді сау етсін! Көп жаса, айналайын!

img_3035

Біз де көпшілікпен бірге зиялы ақсақалдың батасына әмин десіп, микрафонға жақындаған Димашқа құлақ түрдік. Тоқтаусыз ду қол шапалақ, кіргеннен у-шудан құлағы тұнған өнерпаз жанкүйерлер тынышталған сәтте бір сәтке «Уфф!» деп алды.

img_3061

-Ассалаумағалейкум, құрметті ұстаздар, достар, замандастар! Бүгін – мен үшін ерекше күн. Мен өзімнің қара шаңырағыма келіп, шынымды айтсам, толқып тұрмын. Қошеметтеріңізге көп рахмет! Негізінен, біздің әрқайсысымыздың өнерімізбен әлемге танылуға мүмкіндігіміз өте зор. Сол мүмкіндіктерге жол ашып, бар жағдайды жасап жүрген ұлағатты ұстазымыз, ректорымыз, әлем әртісі Айман Қожабекқызына алғысымды айтамын. Әрине, біздерді, жалпы өнерпаз қауымын, жастарды қолдап, демеп жүретін Елбасы Н.Назарбаевқа да ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға мың алғыс, тамаша қарсы алып жатырсыздар, Алла разы болсын!,-деп қуанышы қойнына сыймаған Димаш та ағынан жарылды.

img_3062

Иә, қанша биікке көтерілсе де, өзінің қанат қаққан жерін ұмытпай, ұстаздарымен, достарымен қауышып отырған Димаштың бұл ісі талайға үлгі болары сөзсіз. Қарапайымдылық қасиеттің жақсы, бірақ, ол ғалымға, елге сыйлы Димаштай ұлдың бойынан табылса нұр үстіне нұр, әрине. Біз де Димашқа қанатың талмасын, тіл-көзден аман болғайсың дейміз.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

Суреттерді түсірген автор     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған