ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі есеп берді

Бүгін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жылдың алғашқы жартысындағы қорытындысы туралы есеп берді.

Астанада ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов «Халықты өнімді жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыру» тақырыбында брифинг өткізіп, оның барысында 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жылдың алғашқы жартысындағы қорытындысы жүргізілді.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жұмыспен қамту орындарында жұмыссыз ретінде 151,7 мың адам тіркелген.

«Бағдарламаның техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету көзделген алғашқы бағыты аясында, биыл техникалық әрі кәсіби білімі бар 21,3 мың кадр даярлау және де 70,3 мың қазақстандықты қысқа аралықта кәсіби оқыту жоспарланып отыр.

 Өңірлік комиссияларда 360-тан астам білім беру ұйымының тізімі бекітіліп, оларда оқытылатын кәсіптер тұрғысында орындар айқындалды. Есептік кезеңде оқуға 921 адам өтініш білдірді. Оқу сабақтары бүгінде қажеттілікке ие кәсіптер бойынша қолға алынады: слесарьлік іс, электрмен жабдықтау, қонақ үй шаруашылықтарына қызмет көрсетуді ұйымдастыру, мұнай-газ құбырлары мен қоймаларының құрылысы мен қолданысы және т.б. 1 шілдедегі дерекке сүйенсек, 21 127 адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп үлгерді», – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов. 

Осы орайда аспаз, тігінші, есепші, шаштараз, электр монтаждаушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтар сұранысқа болып отыр екен. Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе, өңірлердің мамандарға зәрулігі мен мамандану сипатына байланысты, 49 жұмыс берушідегі өндірісте тікелей қысқа уақытта кәсіби оқыту картасы жасалған. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жанынан қызмет ететін оқу орталықтарының тізбесі түзілген.

Аталған іс-қимыл бағытының артықшылығы сол, тиісті кәсіпорындарда бірден дағдыларға үйреніп, әрі қарай жұмысқа орналасуға мүмкіндік тумақ. Жалпы, алдағы кезде, ортақ белесті бағындыруға атсалысатын жұмыс берушілер саны өсе түспек. Оқуға келесі мамандықтар арқау болатыны күтілуде: тігінші, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиелеушілері, даяшы, бармен, электр механигі, техник-механик, аккумулятор маманы, электр монтаждаушы, бетондаушы, дәнекерлеуші, аспаз, токарь.

Салалар мен мамандықтар шегінде кадрларға сұраныс көлемін анықтау мақсатында, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 630 мыңнан астам адам жұмыс істейтін 8 441 кәсіпорын арасында сауалнама жүргізілген.

Сауалнамаға сәйкес, жұмысшыларға ең көп мұқтаждық қызметкерлер санын 8,7%-ға көбейтуді межелеген аз ауқымдағы кәсіпорындар жағынан, сондай-ақ, шағын кәсіпорындар тарапынан (+1,5%) сезілген. Осымен бірге, орта деңгейлі ұйымдар жұмысшыларын 0,8%-ға өсіруді болжаса, ірілері 0,9%-ға көтеруді мақсат тұтуда.

Салалық бөліністе ауыл шаруашылығындағы сұраныстың жоғарылығы байқалған. Мұнда қажеттілік 37 мың адамды құраса, сауда (18,6 мың адам) және жекелей көрсетілетін қызметтер (14,9 мың адам) де алға шығуда. Дегенмен, ауылшаруашылық саласында, сұраныстың едәуір бөлігі маусымдық сипатқа ие екенін айта кеткен жөн.

Өңірлер ішінде Алматы облысы (27,5 мың адам) мен Алматы қаласы (20,7 мың адам) көш басынан табылса, Қарағанды (+3,3 мың адам) және Батыс Қазақстан (+4 мың адам) облыстары соңғы қатардан көрінуде.

Кәсіптер жөнінде өнеркәсіптік білікті жұмысшыларға (құрылысшы-монтаждаушылар, слесарь, токарь, станокшылар) ең көп сұраныс танытылып, олардың саны 32 мың адам төңірегінде байыпталуда және жоғары білікті мамандар да осы саптан бой көрсетуде (30 мың адам). 

Екінші бағыт: жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Екінші бағытта қалалар мен ауылдарда 5 800 шағын несие беру жоспарлануда.

Есептік сәтте 384 шағын несие берілген. Шағын несие алушылардың 45%-ы немесе 174 адам жеке ісін ашып, кәсіпкер атанды (стартап-жобалар). Бұл несиеге қол жеткізгендер құрған қосымша жұмыс орындарымен жұмыспен қамту орталықтары арқылы 224 адам қамтылған.

Өз бизнесін «Атамекен» ҰКП «Бастау-Бизнес» жобасы аясында тұңғыш рет бастағандар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылатын болады. Ағымдағы жылы оқыту жоспарланған 15 мың адамның 4,9 мыңы қамтылып, оның ішінде 4,1 мың адам оқуын аяқтаған.

Бизнес-жобалар, негізінен, мал шаруашылығы (68%) мен қызметтер саласын (6%) қамтуда.

Үшінші бағыт: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамыту.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 17 901 адам орналастырылған (жоспарланған көрсеткіштен 109%). Ең көп әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілгендер қатарында Оңтүстік Қазақстан облысы – 5 710 адам (немесе жоспардан 158%), Солтүстік Қазақстан облысы – 806 адам (немесе жоспардан 127%) және Қостанай облысы – 860 адам (немесе жоспардан 119%) бар. Ең азы Астана – 162 адам (немесе жоспардан 32%) және Алматы – 379 адам (немесе жоспардан 33%) қалалары болуда.

Жастар тәжірибесіне 12 578 адам (жоспарланған көрсеткіштен 74%) жолданған. Бұл жерде де ең көп жастар тәжірибесіне жіберілген өңірлер ретіне ОҚО – 3 709 адам (жоспардан 111%) және Қызылорда облысы – 925 адам (жоспардан 99%) көзге түсуде. Ең азы СҚО – 329 адам (жоспардан 25 %) және Қарағанды облысы – 774 адам (жоспардан 36 %).

Қоғамдық жұмыстарға 51 705 адам немесе жоспардан 67,6 % жіберілген.

2017 жылы ел бойынша 288 отбасының және 566 оралман отбасының қоныс аударуы жоспарланған. Бұл мақсатқа, яғни көшуге қазынадан 233 485 мың теңге, баспана жалдауға кететін шығындарды жабуға 510 164 мың теңге субсидия қарастырылған.

Көшіп-қонушыларды әлеуметтік қолдау мұратында, Бағдарламада, көш субсидиясымен бірге (35 АЕК) отбасы мүшелерінің санына қарай бір жыл бойы баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеуге әртараптандырылған көмек қаржысы енгізілуде:

Қалалық жерге көшкенде: бір адамға 20 АЕК (45380 теңге), 2-4 адамдық отбасыға 25 АЕК (56725 теңге), бес және одан да көп адамы бар отбасыға 30 АЕК (68070 теңге). Ауылдық жерге бет түзегенде: бір адамға 15 АЕК (34035 теңге), 2-4 адамдық отбасыға 18 АЕК
(40842 теңге), бес және одан да көп адамы бар отбасыға 21 АЕК (47649 теңге).

Бүгінгі таңда жұмыс күші артық облыстардан еңбек ресурстары жетіспейтін өңірлерге барлығы 113 отбасы (461 адам) және 150 оралман отбасы (433 адам) қоныс аударған.

Есептік кезеңде жұмыс берушілер ұсынған 193 230 бос жұмыс орнының 30 479-ы сусбидиялануда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған