ҚР Ұлттық музейінде «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты көрме-конкурсы өтті (Фото)

Күні кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Ұлттық музейібірлесе ұйымдастырған, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-конкурсы өтті.

Салтанатты шарада сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай:

d4s_4186
             Дархан Мыңбай

«Біздің терең тарихымызды көркем өнерде, бейнелеу өнерінде, мүсін өнерінде көрсету мәдениетіміздің өркендеуіне қосылған үлкен үлес. Көрменің «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» деп аталуы да тегін емес. Бүгінгі азат күн үшін бабаларымыз қанын төкті. Солардың мұқалмас жігерінің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Ал Тәуелсіздік тақырыбына өнер туындысын жасау оңай емес. Ол үшін, ең әуелі, елдің патриоты болу керек. Одан бөлек шыңдалған шеберлік қажет. Сонымен қатар, барлық заңдылықтарды, жанрды игеру де қажет екені анық»,– деді.

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейініңдиректоры Гүлнұр Шалабаева:«Біз үшін республика көлемінде Тәуелсіздік мерекесіне орай үлкен байқау өткізіп, оны еліміздің Ұлттық музейінде қорытындылау үлкен мәртебе. Бұл байқау осы жылдың мамыр айында басталған болатын. Қатысуға ниет білдірген суретшілердің туындылары әділ қазы алқаларының іріктеуінен өтіп, екінші айналымда қатысушылар өз қиялдарындағы туындыларын жарыққа шығарды. Байқауға қатысқан барлық туындыларды алып келу мүмкін болмады. Бүгінгі көрмеге қазылар алқасының қатаң сынынан өткендері ғана қойылып отыр»,– деп, байқау турасында мәлімет бере кетті.

Байқау нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды Қастеев Дәурен «Ақтабан шұбырынды» атты триптихымен иеленсе, екінші орынды Нұрғожин Мейіржанның «Қасым сұлтан ұстаханаға келді» картинасы алды. Үшінші орын Жақыпбек Әсеттің «Алтын орда хандағының құрылу қарсаңы» картинасына берілді.

d4s_4123

Конкурс «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының контексінде еліміздің біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруға бағытталған, әрі өнер арқылы мемлекеттік саясаттың дамуына қосқан зор үлес болмақ. Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының тарихындағы беймәлім беттерді көрсетіп, көркем образдар туындату, ел есінде қалған тарихи тұлғаларды сомдау.

                        d4s_4124   d4s_4295

Республика көлемін қамтыған жобаға көптеген суретшілер қызығушылық танытып, еліміздің Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Атырау, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Түркістан сынды ірі қалалары мен аймақтарынан кескіндемешілер мен мүсіншілер қатысты. Осылайша конкурс нағыз халықтық жобаға айналды. Екі кезеңнен тұрған конкурстың алғашқысында, эскиздерді іріктеуге 90-ға жуық суретші қатысса, оның 67-сі  екінші кезеңге өтті. Екі кезеңде де туындылардың байқау шарттарына сәйкес болуы қадағаланды. Сол талаптардың басты әрі маңыздысы – туындыларды «реалистік мәнерде» орындау болды.

1

Төл тарихымызға арналған конкурсқа ұсынылған жұмыстар алуан түрлі. Оларда халықтың ұлттық сана-сезімін танытатын тақырыптарға деген қызығушылығы арта түсіп, тарихымызды жаңаша саралау жалғасын тапты. Тарихқа үңіліп, ұлттың тағдыр-талайын, бастан өткен ауыртпалықтарын ұғып, сол жолдағы бабаларымыздың ерен ерлігіне сүйсіну секілді, асқақ отаншылдық сезімге баулу, елін сүю, қасықтай қаны қалғанша жерін қорғау – барлық тарихи шығармалардың айтар тағылымы екені аян.  Яғни, көрмедегі туындылар үлкен форматтағы, көп фигуралы, композициялық құрылымы жағынан күрделі, тақырыптық трактовкасы мен түстік бояу шешімі жағынан саналуан.

d4s_4278  Оған жақсы мысал ретінде, Д. Қастеевтің «Ақтабан шұбырынды» триптихы, М. Нұрғожиннің «Қасым сұлтан ұстаханаға келді», Ә. Жақыпбектің «Алтын Орда хандығының құрылу қарсаңы», А. Дүзелхановтың «Оразмұхамед Касымұлы Борис Годунов патшаның қабылдауында», Ә. Сапуговтың «Орыс елшісі А.И. Тевкелевтің Әбілқайыр ханның ордасындағы миссиясы», Б. Мырзахметовтың «Әз Тәуке. Жеті жарғысы», Н. Килібаевтың «Елім-ай», Т. Тілеужановтың «Барлау», Қ. Омарханның «Батыр бабалар-2», Е. Кимнің «Бұланты шайқасы» және тағы да басқа көптеген қылқалам шеберлерінің кескіндемелік шығармаларын ерекше атап өтуге болады.  Е. Айтуаров, Р. Садығұлов, С. Әлжан, Н. Аштема, Ә. Жантасов, М. Рахымжанов, А. Ғұбашев, жас суретшілер Н. Әлібек, Д. Үсенбаев, А. Нұрғожаев, Е. Болатхан және тағы басқаларының тарихи оқиғалар мен тұлғаларды эпикалық кеңдік пен көркем бейнелерге айналдырған жұмыстары көпшілік көңілінен шықты. Олардың шығармалары отандық бейнелеу өнерінде қалыптасқан классикалық-реалистік тәсіл мен дәстүрлі кескіндеменің өз жалғасын табудағы басты бағыттардың бірі екеніне айқын дәлел бола алды.

d4s_4149Конкурсқа мүсіншілер қауымы да белсене атсалысып М. Әмірхановтың «Абылай хан», Б. Мұхамеджановтың «Ұлы жырау Кетбұға», Е. Мақұлбаевтың «Шыңқожа батыр», Қ. Дулатовтың «Сатай батыр», Б. Жуасбаевтың «Ақан сері», Б. Қайранбайдың «Қожбанбет би» және тағы басқаларының  мүсіндік туындылары келіп түскен. Түрлі материалдардан жасалған мүсіндік композицияларда, авторлар ел есіндегі тарихи тұлғалардың, батырлардың ерліктеріне сәйкес жиынтық образдарын сомдауға талпынған.

d4s_4229 Ұлттық тарихқа үңілумен бірге суретшінің шындық пен қиялдың қосындысынан қайта жаңғырған тұлғалардың ерлігі жас ұрпақтың санасына, жадына бейнелі түрде ұсынылады. Бұл бастама отандық өнердің өркендеп дамуына өз  ықпалын тигізері сөзсіз.

ҚР Ұлттық музейінің жұртшылықпен байланыс бөлімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған