«Қызға қырық үйден тыйым!»

Бисмиллаһир-Рахмани-Рахим! Иә, қазақтың қанына сіңіп, жадында жатталып, өзімен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан «Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі» деген аталы сөзі бүгінде өміршеңдігі мен мәнін арттыра түскендей. Бұл орайда, мәтел мәтініндегі «қыз» бен «гүл» сөздерінің салыстырмалы түрде қатар айтылуының өзі олардың табиғатының нәзіктігі мен әдеміліктеріне негізделсе керек.

Ендігі айтылар әңгімемнің әлқиссасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де біздің қазақ», — деген тұшымды тұжырымымен бастайын. Шынында да, қазақ халқы қыздары мен ақ жаулықтыларына қайсыбір елдердегідей паранжа немесе хиджаб кигізіп, күн көзін көрсетпей қоймай, 9c3d61b8c1f8c8ffc36bf36ac0a9f560ән айтқызып, би билетіп, садақ атқызып, атқа шапқызып, еркін өмір сүруге, елі мен жерін сүюге, батылдық пен батырлыққа баулыған. Қазақ қыздарының батырлығы туралы айта бастасақ, алдымен елі мен жері үшін күресіп, Кир патшаның басын алған Тұмар ана тұлғасы көз алдымызға келеді. Одан бергі замандардағы Домалақ ана, Қызай ана, Айбике ана, Айғаным ана, Бегім ана, Айша бибі, Қарашаш ана, ақын Саралардың аңызға айналған ғибратты өмірлері, Қыз Жібек, Еңлік, Баян сияқты аруларымыздың махаббат атты асыл сезім әлеміндегі символдық бейнелері ерлік пен бірліктің, ақыл мен парасаттың, махаббат пен адалдықтың ерен үлгілерін көрсетті емес пе?! Олар нағыз қазақ қыздары мен әйелдерінің бүтіндей бір жиынтық образын сомдайды.

Ал ел басына күн туған екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлермен бірге етігімен су кеше жүріп, фашистермен соғысқан Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, аспан кеңістігінде жауына атой салған Хиуаз Доспанова сияқты қыздарымыздың ерлігін тек қазақ қыздарына тән деп ерекшелей атауға тұрарлық. Өйткені олар өздері сүйіп өскен елі мен жерінде, өз Отанында еркін өсті. Олардың бойында өзгемен былғанбаған батыр бабаларының қаны болды. Қазақ қыздарына тән батырлық пен батылдық, патриотизм мен намысқойлық бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бесігі болған 1986 Желтоқсан көтерілісі кезінде де анық көрінді. Олардың арасында ерліктерімен ел есінде қалған Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжановалар бар. Рас, бүгінде ұл-қыздарымыздың бойына патриотизм, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру үшін балабақшалар мен мектептерде және жоғары оқу орындарында түрлі шаралар өтіп жатады. Бұл мәселе оқу-әдістемелік бағдарламаларға да енгізіліп, сабақ ретінде насихатталып жатыр. Аллаға шүкір, қыздарымыз ғылым-білім саласы, қорғаныс саласы, медицина, билік басында, Парламентте немесе кәсіпкерлікпен айналысатын қызкелін-шектер, тағы басқа да қоғамның кез келген саласында еңбек етіп, ел-жұртпен, тіпті, шетелдермен етене араласып жүрген нәзік жандыларымыз қаншама?! Осының бәрі қазақ қоғамындағы қыз балаға деген ықылас пен құрметті, демократия мен бостандықты білдірсе, мемлекетіміздің бүгінде гендерлік саясатқа аса мән беріп отырғандығы да қазақ қыздарына деген ерекше сенімнің айғағы.

Қазақ халқы өз қыздарын ұлттық салт-дәстүрлерімізге сай тәрбиелеп, болашақ ана ретінде аса құрметтеген. Өйткені олар өзінің отбасын ғана емес, бүкіл ел-жұртты бірлік пен ынтымаққа шақырып отыратын ұйытқы бола білді. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» немесе «абысын тату болса — ас көп, ағайын тату болса — ат көп» деген қанатты сөздер осы айтқанымызды растай түседі. Енді «Қыз — өріс», «Қыз — қонақ», «Қыз — жат жұрттық» , «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал-мәтелдердің түп негізіне үңіліп көрейік. Жоғарыда айтып өткендей, қыздарын еркелетіп, еркін өсірген қазақ, оларды ел-жұрт, ағайын-туыс болып, бейәдеп, ерсі қылықтардан, жаман мінез көрсетуден тыйып отырған. Өйткені қыз бала — ертеңгі ана, бүкіл елдің беделі саналды. Ол бойжетіп, келін болып барған жерінде үлкен-кішіні сыйлау, құрметтеу сияқты асыл қасиеттерді бойына да, ойына да сіңіріп барған. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір қыздарымыз батыстық мәдениетке еліктетіп, әуретті жерлерін ашықшашық ұстап, арзан күлкі, арсыз ұйқыға бейім екендігі жасырын емес. Тіпті, шылым шегіп тұрған қаракөздеріміз қымсыну, ұялу дегенді ойына да алмайтын сияқты. Мұндай көрініске көпшіліктің көзі үйренген. Ақыл айтсаң, өзіңді кінәлап, бетіңнен ала түседі. Ондайлармен айтысып береке таппасын білетін үлкендер жағы келеңсіздікті көрсе де көрмегендей өте шығады. Ал енді, жеңіл жүріске салынып, тәнін саудалап жүргендер немесе бала туып, қоқысқа тастап кетіп жатқандар жайлы айтуға ауыз бармайды, тіпті… Қоғамдағы бұл келеңсіз құбылыс, кері тәрбиеге сонда кім кінәлі?..

Әрине, біреулер ата-ананы, біреулер мектепті немесе ұстаздарды кінәлап жатады. Меніңше, қыз бала тәрбиесі отбасынан, яғни ата-ана құшағынан басталады. Оның мәнін жоғарыда айтып өткенімізбен, жаһандану кезеңінде кездескен түрлі қиындықтар мен проблемалардың туындау себептері, олармен күресудің жолдары, жаңа заманға сай жаңа ұлттық құндылықтарымызды сақтайтын әрі дәріптейтін идеологиялық көзқарас пен ұстаным қалыптастыру, тағы басқа да толып жатқан мәселелерді зерттеп, зерделеу бүгінгі заман талабына айналып отыр. Олай етпеген жағдайда, түйткілді мәселенің түйінін шешу қиынға соғары анық. Мәселен, қыз балалар жүрген жердің бәріне бейнекамералар орнату, туған балаларын арнайы үйлерге әкеліп тастап кету («бэби дом») немесе кейінгі кезде көтеріліп жүрген жыныстық қатынасқа түсудің әдіс-тәсілдерін мектеп қабырғасынан бастап үйрету, оқушыларға сақтық шарасы ретінде мүшеқап үлестіру, тағы басқа да шаралар аталмыш келеңсіздіктерді болдырмай тастайды дегенге сену қиын. Бұлар амалсыздықтан барып жатқан шаралар деп ойлаймын. Сонда не істеу керек?..

Қазіргі кезде қыздарына хиджаб кигізіп немесе орамал тартқызып, сөлпең етек көйлек кигізіп, мектепке жібергісі келетіндер қатары көбейді. Бұл құбылыс та қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Әрине, біздің мемлекет зайырлы мемлекет болғандықтан, заң немесе ортақ ереже аясында мұндай әсірееліктеушілікке жол берілмейді. Бір жағынан, оның арты басқадай жағдайларға апарып соғып жатқанынан да хабардармыз. Ең негізгісі, әңгімеміздің басында айтып кеткендей, тұмшалану мен орану атасалтымызда болмаған жайт. Демек, қазақтың қыздарын еліктеу мен желікпеден, жаман аттан қорғайтын, ол — қазақтың ата-салт, дәстүрі, имандылығы мен ибалығы, білімділігі, өзімізге тән менталитетіміз деп білемін. Сондықтан әуелі отбасында, содан кейін білім беру саласының қай деңгейі болсын, балабақшалардан бастап, жоғары оқу орындарына дейін ұлттық құндылықтарымыздың негізінде, ата-салттан алыстатпастан білім мен тәрбие беруді ұштастыра білу керек.

Мәселен, біздің спорт мектебімізде белгілі бір спорт түріне тәрбиелеп қана қоймайды, онда қыз балаларға деген қамқорлықпен қатар, олардан кішіпейілділік пен инабаттылық, тазалық пен тәртіп, ұқыптылық талап етіледі. Қазіргідей жастар кітап оқымайтын кезеңде көркем әдебиеттер оқуға машықтандырамыз. Әрине, спортпен айналысатын кез келген адам, биязылықты сақтап, әлжуаз күйде жүрмесі анық. Дегенмен, қандай жағдайда да қыз балаға тән сыпайылық пен сырмінезділік біздің қыздарымыз-дың бойынан табылады. Қыздарға арналған лекциялар мен танымдық сабақтар, тәрбиелік сағаттар мен іс-шаралар да нәтижесіз емес. Әсіресе мектепішілік ұйымдастырылатын «Күзгі балл», «Қыз сыны», көктемгі мерекелер кезінде қыздарымыз ерекше белсенділік танытып, бар өнерлерін ортаға салады. Олардың әр қимыл-қозғалысы мен әрекеттері, айналысатын істері қырағы тәрбиешілердің назарында. Қыз бойындағы байқалған кез келген кемшілік осы жатақханадағы «аналары» саналатын тәрбиешілер тарапынан түзетіліп отырады. Түсінбеген немесе қиналған кездерінде тәрбиешімен ақылдасып, солардың айтқан ақылдарымен жүреді. Ең негізгісі, олар өздерінің болашақ ана екендіктерін естен шығармайды. Киім тігу, кесте тоқу т.б. қолөнер еңбектерімен айналысатындықтары, түрлі тағамдар пісіріп жарысатындықтары да олардың ертеңгі келін, яғни АНА екендіктерін ескергендіктерінің белгісі.

Қысқасы, қай жерде жүрсе де, қыз бала тәрбиесі аса жауапкершілікті жүктейді. Ертең өмірге ұрпақ әкеліп, ұлтымыздың санын өсіретін, өміріміздің, әрбір отбасының сәнін келтіретін қыз балаларымыздың тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайық, құрметті ағайын!

Табылдиева Ләйлә Бақмолдақызы

Шаңырақ ықшам ауданындағы

Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған

мектеп-интернат колледжі, үстел теннисі тәрбиешісі 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған