«Қыз Жібек» фильміне – 45 жыл (Видео)

Атырауда шоқтығы биік туындының мерейтойына орай шара өтті. Жиынға басты рөлдерді сомдаған актерлер Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбек және Меруерт Өтекешовалар қатысып, «Қыз Жібектің» қазақ киносындағы алар орнын, түсірілім барысындағы естелік сәттерді баяндады.

One thought on “«Қыз Жібек» фильміне – 45 жыл (Видео)

  • 23.12.2016 at 19:27
    Permalink

    Мен “Қыз-Жібек” киносына қалай бардым немесе 30 жылдан кейін “өлтіремін” деген “Бекежан” ағамен кездесуім!

    1972 жыл. 2-ші сыныпта оқимын. Алматы облысының Кеген ауданындағы Тұйық атты ауылымызда кішігірім кинотеатрымыз бар еді. Ол кинотеатрдың қасынан афишаға қарамай өтпейтін едік. Бірде кинотеатр жанынан өтіп бара жатсам, «Қыз Жібек» киносы болайын деп жатыр екен. Екі сериялы киноның басталуына жарты сағаттай уақыт қалған.
    «Қыз Жібектің» афишасындағы кейіпкерлердің ұлттық киімдері мені қатты қызықтырып, магиялық күшпен өзіне қарай тартқандай болды. Көзімді ала алмай, біраз уақыт сүйсініп қарап тұрдым. Содан соң ақша алу үшін үйге қарай құстай ұштым. Үйде ешкім жоқ. Анам берген он тиыным бар еді, соны алып, шаңды бұрқырата кинотеатрға қайта зуладым. Ұмытпасам, ол кездері екі сериялы кино 20 тиын болатын. Кино басталуға бес минуттай қалды. Он тиыным жетпейді. Кассирге барып «жарты ақшасын кейін әкеп беремін» деп киноға кіргізуін өтініп жалындым. Қанша жалынсам да ол құлақ аспады. Ақыры елдің бәрі киноға кіріп кетті де, далада жалғыз өзім қалдым. Басым салбырап, көңілім босап үйге қарай жылап келемін. Жеңімнің ұшымен біресе көз жасымды, біресе мұрнымды сүртіп қоямын. Сөйтіп келе жатсам, алдымнан екі үлкен кісі шыға келді де:
    «Өй, балақай! Неге жылап келе жатырсың? Кім сені ренжітті? Кәнеки, айта ғой!» — деп жанашырлық танытты. Болған жағдайды айтып бердім. «Кімнің баласысың?» — деп олар тағы да сұрақ қойды. «Әбдірашидтің». «Е-е, әкеңді танимыз. Жақсы адам. Мә, ала ғой!» — деп, қолыма он бес тиын ұстатты. Мен жүгіріп бара жатып рақметімді айтып, кинотеатрға қарай зуладым. Кино басталып кетіпті. Залда ине шаншар жер жоқ. Экранның алдыңғы жағындағы ағаш еденге жалп етіп отыра қалдым. Кинодағы ұлттық киімдегі кейіпкерлер, Көкшетаудың әсем табиғаты, аппақ аққулардың сұңқылы, айдын көл мен тамаша күйлері… көз алдырмады. Фильмнің соңына қарай Бекежан Төлегенді өлтірді. Содан Бекежанды жек көріп кеттім. Кинодан шыға салысымен өзімше: «Бекежан, мен сені жек көремін! Уәде беремін! Өлтіремін сені!!!» — деп, жаным тыныштық таппай, кек алатындай біраз күндер бойы тісімді қайрап жүрдім. Бекежанның Төлегеннің арқасына қадалған жебесі біраз уақыт бойы көз алдымнан кетпей, жүрегімді ауыртты. Ол кезде кинода актерлар ойнайтынын қайдан біліппін. Бәрі шын секілді көрінді…
    Арада 30 жылдан астам уақыт өтті. «Аллажар» фильмінің қоюшы-режиссері Қалдыбай Әбенов екеуіміз, шаруаларымызбен Асанәлі Әшімов ағамызбен кездесу үшін демалыс үйінде орналасқан мейрамханаға бардық. Дастархан басында үшеуміз әңгімелесіп отырмыз. Менің алдымда Төлегенді өлтірген «Бекежан» отыр. 30 жыл бұрын Бекежанды өлтіремін деп уәде бергенім есіме түсіп, еріксіз жымиып қоямын. Менің жүзіме күлкі үйіріле бергенін көріп Асанәлі ағамыз: «Көңіл күйің жақсы ғой, неге күле бердің, Ерлан? Мен анекдот айтпаған сияқтымын», — деді таңырқап. Сол сәтте 1972 жылы «Қыз Жібек» киносына қалай барғанымды және Бекежанды өлтіруге уәде бергенімді айтып беріп едім, Асанәлі ағамыз да жадырап, үшеуміз көзімізден жас шыққанша күлдік. Осы күлкім арқылы Асанәлі көкемді өлтірмек түгілі, оған ұзақ ғұмыр тілегендеймін…

    Авторы: Декелбаев Ерлан. Қыркүйек айы. 2016 жыл. Алматы қаласы.

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған