Қылқалам. Суретші досым Ерболат Төлепбайға

Анда-санда шығандап, қара үзіп кететіні болмаса, сонау жас кезден үзеңгілеспіз. Қазір қазақ сурет өнерін өрге сүйреп келе жатқан қара нарға айналды. Өзі өте сезімтал жан. Кейінгі бір бас қосуымызда ол Секен Тұрысбековтың күйлерін қалай тыңдағанын айтып берген: “Секен зарылдатып күй тартып отыр, мен зарылдап жылап отырмын…”деп. “Зарлатып”, не “зарлап” демейді, “зарылдап” дейді. Өз сөзі… Өмірде де, өнерде де тек өз сөзін, өзінше айтумен келеді.

Сонау жылы мен 50-ге толғанымда өзінің “Саксофоншы” атты картинасын сыйлаған. Мен де өз өнерімді аяп қалмайын деп, келер жылғы оның мерейтойына “Қылқалам” атты өлең арнап едім. Бірақ, аяқ-астынан жол жүріп кетіп, шақырған тойына бара алмай, өлеңім де оқылмай, тапсырылмай қалған, Тіпті, соңыра сол өлеңді жоғалтып алып, ұятты болғаным – естен кетпес өкінішімнің бірі болып келген. Одан бергі жылдарда қанша талпынғанмен оған өзге өлең арнаудың сәті түспеді. Кейде,сөйтіп – өлең тумай, пұшайман қылатыны бар. Ұшырасқанда: “Маған өлең арнадым деп едің, көрсетпедің, не тыңдамадық, не оқымадық қой!” деп әзілмен шымшитынын қайтерсің?. Міне, бүгін, сол жоғалған өлең бір қағаздарымның арасынан табылып, Сіздермен бөлісіп отырмын…

16708338_10208615263400037_888279478237842187_n        16602542_10208615281120480_357542624535603029_o

ҚЫЛҚАЛАМ

Суретші досым Ерболат Төлепбайға

Ерболаттың қылқаламы,
Еркелейді, мұңданады.
Жұтқан ауаң ойға шомып,
Тастың өзі бүр жарады.

Неткен нәзік, аяулы әлем!
Қылқаламнан оянды өлең:
Бояуменен күйін шертіп,
Ән шырқайды бояуменен.

Көтеріліп көлден құсың,
Тіріледі өлген кісің.
Көз алдыңда көлбеңдейді,
Неше ғасыр көрген түсің.

Маң даланың нар – кемесі,
Бұлдырайды жанды елесі.
Шыныменен жалған шығар
Тіршіліктің мәңгі емесі…

Бояулардан қуат дарып,
Кейде кетер ұят қарып,
Кей суреттен Құдай өзі
Қарап тұрған сияқтанып!..

2005

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған