Қытайдан қарыз алудың пайдасы мен зияны

Тәжікстанды Қытайға жығып берген не?

Әлемді шарлаған ақпараттар легіне көз салсақ, Қытайдан қарыз алмаған мемлекет некен-саяқ. Солардың көбісін Қытай «мұрнынан тесіп» жетектеп жүр. Әріге бармай-ақ көршілес елдердің ішінде Тәжікстан мен Қырғызстан көш бастап тұр. Бізде «ұлы көштің» бел ортасында жүрміз. Миллиардтан астам халқы бар алып империяның атымтай жомарттығында шек жоқ. Қарыз беруге сондай құштар. Не ойлағаны бар, көксеген арман-мұраты не? Оған нақты бірдеңе дей қою қиын. Күдік пен күмән торуылдап тұрса да, экономикаға «қуат» беретін қарызы түскір бәрін де ұмыттырып жіберетіні тағы бар. «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген тәмсілің де бұл жерде жүрмейді. Алған екенсің, бұлтаққа салмай төлейсің! Болды. Қазақ мұндайды «Алмақтың да салмағы бар» демей ме? Мысалы, бір заманда Тәжікстан «Еңсені түзеп алу үшін» ұзақ жылға Қытайдан қарыз алыпты. Тегін алғандай біраз мәпәқа болғанға ұқсайды. Уақыт шіркін қарай ма, атқан оқтай зымырап өте шығыпты. Ақырында қарызды өтеуге шамасы келмеген Тәжіктер, амалы жоқтықтан 2017 жылы Қытай компаниясының қолдануына (мақта өсіруге) ауыл шаруашылығына арналған 5000 га жерді беріп құтылған. Тегін емес әрине. Тәжікстанның оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы учаскесін 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге жалға ұсынған. Ол жерге дендеп енген қытай азаматтары бүгіндері кәдімгідей бауыр басып, өз елінде жүргендей алшаң-алшаң басатын көрінеді.
Айтпақшы, «Кедейдің күні кіжінумен өтеді» деген рас-ау. Олардың қарызы бір бұл емес. Душанбе-2 ЖЭС-ты жаңа құрылыстан өткізу үшін Қытайдан тағы да қарызға ақша алған. Соңында қарызды өтей алмаған тәжіктер Бейжіңге Сугда аймағының жоғары жағында орналасқан Кумарг алтын кен орнын тапсырған. Сол жерде қазір Қытайдың TVEA компаниясы алтын өндіріп жатыр…

 

Біздің қарызымыз қанша?

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Мәселенің ашығын айтсақ, Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі Қазақстанға 2,062 млрд. қытай юанын несиеге беріпті. Бұл дегеніңіз — 112 миллиард теңге! АҚШ-тың ақшасына шақсақ — 1,2 млрд. доллар! Көп-көрім қаржы! Біле жүрген абзал: несиені қайтару мерзімі — 20 жыл, кредит жылына 2-ақ пайыз! Қалың елдің банктен алатын несиесіне қарағанда су тегін. Бірақ қарыздың аты — қарыз!
Әдеттегідей заң жобасын Премьер-министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Əлихан Смайылов таныстырды. Заң жобасын аяғына дейін депутаттар мұқият тыңдады. Осындай сәттерде көпшілік тарапынан «осы біздің қытайға қарызымыз қанша?» деген сауал мазалайтыны шындық. Оған министрдің аузымен жауап беріп көрейік. «Қытайдың алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ. Тек қана кепілді қарыз бар — оның көлемі шамамен $1,2 млрд. Яғни мемлекет кепілімен алынған ұлттық компаниялардың займдары. Алдыңғы жылдары Қытай Эксимбанкі мен Қытайдың мемлекеттік Даму банкінен автожол салу жобаларына мемлекет кепілдігімен несиелер алынған болатын», — деді ол. Жә, делік. Бірақ айтар уәжіміз бар: мысалы, қарапайым халық үйін кепілге қойған жағдайда, ол менің қарызым емес деп айта алмайды ғой. Себебі қарыз төленбесе үй саудаға кетеді. Сол секілді ұлттық компаниялар банкрот болған жағдайда, бұл қарызды кепіл болған мемлекет төлемегенде кім төлемек?!
«Енді бұл несие қайда жұмсалмақ?» деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз! Министрдің сөзіне сенсек, несие қаржысы ЕАЭО-ның кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде орналасқан еліміздің өткізу пунктерін жаңғырту жəне техникалық толық жарақтандыруға жұмсалады. Осы жұмыстың нəтижесінде өткізу пунктерінің қабілеттілігі 12 есе артып, транзиттік хаб əлеуеті көтеріледі. Қазір бекеттерден бір тәулікте 450 көлік өтсе, алда олардың саны 5500-ге дейін өспек.

 

«Күреске толы» заң жобасы

Сонымен, обалы нешік, Мəжіліс төрағасы мен депутаттар аталған заң жобасына қатысты бірқатар ескертулер жасады. Қанша дегенмен «Көп қорқытатын, терең батыратын» халық бар ғой. Оның сыртында елімізде Қытай зауыттарын Қазақстанға кіргізбеу және жерді жалға бермеу жайлы болған дау-дамай да көкейде тұрса керек. Содан да болар, көп жағдайда «қарсылықсыз», «бейбіт түрде» тыңдалатын заң жобаларына қарағанда, бұл заң жобасы «күреске» толы болды. Әсіресе, депутат Анар Жайылғанованың министрге қойған сауалы ерекше назар аудартты. «Менің əріптестерім осы сипаттас келісімшарттарды қарастырған кезде кейінгі уақытта Үкімет осындай сырттан қарыз алу практикасын тұрақты түрде ұстанып келе жатқандығын және де осындай алынған қаражаттар көп жағдайда ұтымды пайдаланылмайтынын бірнеше рет атап өткен болатын. Ал егер біз республикалық бюджетті, оның ішінде квазимемлекеттік секторды алсақ, жыл сайын олардың шоттарында миллиардтаған қаржы игерілмей қалып қояды. Осыған орай, бұл жобаны өзіміздің бюджет есебінен де іске асыруға болады ғой деген ой туындайды. Əрине, біз түсінеміз, бұл несие өте жеңілдетілген, ұзақ мерзімді. Дегенмен де бұл несие болғандықтан, оның қайтарымы бар. Осы тұрғыдан Қаржы министрі ретінде сіздің пікіріңіз қандай?» — деп төтесінен кетті. Әрине бұл сауал «аламанда жүйрікті сабалап ұрғаннан көрі, сипай қамшылаған шабандозға көбірек келіңкірегені» рас. Әйтсе де халықтың көкейіндегі ойды тап басуымен құнды.
Министр Əлихан Смайыловтың жауабы мынаған сайды. Бұндай жобаларды бюджет есебінен қаржыландыру бюджетке үлкен жүктеме түсіреді екен. Екіншіден, жобаларды əзірлеу жəне іске асыру ұзаққа созылмақ. Жəне де жобаларға бөлінген қаражатты қайта қарау жəне оларды көбейту керектігі де туындамақ. Бір сөзбен айтқанда, министрдің сөзін былай тәпсірлеуге болатындай. «Миды ашытып бюджетті қарағанша, сан-салаға қаржы бөлгенше, оларды бақылап отырғанша, дайын несиені ала салу пайдалы. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш».
Мəжілісмендер заң жобасына қатысты бірқатар ескерту жасағанымен талқылаудан кейін оны бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп заң жобасы Сенатқа жөнелтілді. Ол жақтағы «халі» не болмақ? Оған уақыт төреші!

 

Бейжіңдегі кездесудің салмағы

Естеріңізде болса былтыр, Қытайда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше 8 елдің басшылары Бейжіңде бас қосқан еді ғой. Татулықтың, ынтымақтың, тату-тәтті көршіліктің көрсеткіші ретінде Қытай патшасы Өзбекстанға 250 миллион доллар қарыз беріп мәз етті. Есебіне мықты өзбектер «құнығып» кетпеді, әйтсе де.
Сенерсіз, сенбессіз, билікті төңкеруден алдына жан салмай келе жатқан Қырғыз ағайындар да Қытайға 1,5 миллиард доллар қарыз. Қытайға белшеден қарызға батқан елдің саясаткерлері «Қырғызстанның Қытай елі алдындағы қарызының көптігі соншалық, одан ендігі таңда тек қана жеріміздің біраз бөлігін беру арқылы құтылуға болады» деп халықты көтерген еді…
Сол Бейжіңдегі кездесуден Қазақстан да құр алақан қайтпады. Қытай билігі 730 миллион доллар ақшаны арқалатып жіберген. «Судың да сұрауы бар» емес пе? Қарызға әрине. Қытайдың бұған дейін берген 40 миллиард доллар қарызын да естен шығармайық…
Бір ғана Қытайда Орта Азия мемлекеттерін зерттейтін 30-дан аса институт барын ескерсек, олар ақшаларын текке далаға шашып жатпағаны айдан анық. Әсіресе байлыққа бөккен қазақ даласының олардың «тәбетін» арттырып жатпасына кім кепіл?!

 

Біздің байлар қашан қайыр жасайды?

 

P.S: Егер шындықтың жүзіне тура қарасақ, Қытайдың экспансиялық әрекетінен қорықпайтын мемлекет жоқ. Олар «күліп кіріп, күңіреніп шығатындар» санатында. Жеріміздің асты мен үсті қазынаға толы болса да, қарыз ала беру қаншалықты дұрыс?…
Бір қызығы біреуден өзіміз қарыз алып отырып, өзгелерге жанашырлық танытатынымыз күлкілі! Мысалы, Ауғанстанға жыл сайын гуманитарлық, өзге де қаржылай көмектер аттандырып жатамыз. Көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстанға да демеушілік көрсетеміз. Үлкен-үлкен самиттер мен жиындар да бізде өтеді… Қашан көрпемізге қарай көсіледі екенбіз, ә?
Сосын біздің елден шыққан миллионерлер көп. Америкалық Forbes журналы жыл сайын жариялайтын дүние жүзіндегі дәулетті адамдар тізімінде олар қасқиып тұр. Солардың бірнешеуі қосылып, ел бюджетін тығырықтан шығаруға үлес қосар күн қашан туар екен?
Мысалы, Өзбек миллиардері Алишер Усманов Наманган облысына қаржылай көмек көрсетпек болып, 50 миллион көлеміндегі қаржысын аудара салыпты. Міне, азамат! Кәсіпкердің бұл жомарттығы туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтың өзі мәлімдеді. Елбасымызды осылай қуантатын кім бар екен?! Біздікілер ақшаларын шетел асырып, жасырып әлек. Бұл өзі… елдің болашағына сенбеу емес пе?….

 

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған