Қытайдан қашқандар…

Олардың саны 20 мыңнан астам

Әлемдегі Қытайтанушылар соңғы кезде Си Цзиньпиннің күрделі сынақтарға тап болғанын айтып, көп ұзамай бұл елдің саяси өмірінде әлдебір өзгерістердің орын алатындығына жұртты сендіруге тырысып-ақ жатыр. 2013 жылы ҚХР-дың төрағалығына сайланған Си Цзиньпин, Қытай конституциясына сай, ары кетсе 2022 жылға дейін билік жүргізуге құқылы болатын. Алайда 2017 жылы қазан айының 17-24 аралығында өткен Бүкіл Қытайлық халық өкілдері құрылтайына қатынасқан делегаттардың «бір ауыздан қолдауымен», конституциядағы «мемлекет басшысының міндет өтеу мерзімі» көрсетілген тармақтар алынып тасталды. Бұл өз кезегінде саясаттанушылардың назарын аударған мәселеге айналған еді. Ел ішіндегі БАҚ атаулыға қатаң бақылау жүргізетін Қытай, осынау елеулі өзгеріске қарата халық пікірін білдіруге еш мүмкіндік берген жоқ. Бұған шетелдерде тұрып жатқан қытайлар ғана қатаң сын айта алды. Олардың «көзі мен құлағы» саналатын ақпарат құралдары ҚХР шекарасынан қатаң сүзгіден өткізілетін болса да, «ел жеткізбегенді жел жеткізеді» дегендей түрлі жолдар арқылы Қытайға таралып, ондағы халық наразылығымен үндесе бастағандай.

Алайда 2013 жылдан бері қарай мемлекетті жайлап кеткен жемқорлықпен күресте, ел ішіне саяси беделін тіктеп, қарсыластарының барлығының көздерін құртып үлгерген Си төрағаға қарсы келуге халықтың қорқатыны бесенеден белгілі. Ал шетелдерден келіп жатқан ақпараттар ағынына, коммунист идеологтар жақсылап тұрып тойтарыс беруден шаршайтын емес. «Кезінде мемлекеттің қыруар қаржысын жымқырып алып шетелдерге тайып тұрған сатқындардың өзі кім, сөзі кім?» — деді олар. Сөйтсек, Қытайды тастай қашқан «сатқындардың» саны да, құрамы да аз емес екен. Оған ХХ ғасырдың басынан бастап шетелдерге қоныс аударып кеткен Қытайларды қоссаңыз дүниенің түкпір-түкпіріне жайылып кеткен қытайлардың қарасы ондаған миллионға бірақ жетеді. Осылардың барлығының ортақ арманы — қытай билігін коммунистерден тазартып біртұтас, демократиялы қытай мемлекетін құру. Бұл жолда қазіргі таңда қыруар жұмыстар істеліп жатыр. Ал ҚХР-дың ресми билігі дүниенің төртбұрышына тарыдай шашылып, өрттей қаулап бара жатқан қаны қытай бауырларын бірде басынан сипап, тағы бірде қаржысы мен шетелдерден игерген технологиясын өзіне икемдесе, бір жағынан олардың іргелерін алшақтата «түсуге шабыттандырумен» келеді. Бұл өз кезегінде бөлек қарастырылатын тақырып. Қазіргі саяси өмірде туындап отырған «Қытай қаупі» деген үлкен терминнің астында, айырым зерттелетін ауқымды дүние дер едік.
Ал Қытай билігі «қашқындар» деп атау берген тағы бір шоғыр адам бар. Олардың да басым бөлігі «компартияның адал мүшесі» салауатымен, билік пен байлықты қатар ұстаған, «қолындағы барды қонышынан басқандар». Су ішері барлары ептеп шетел асып үлгерсе, құрыққа ілінгендері қатаң жазаға ұшыраған. Ал коммунистермен басқаша саяси көзқарас ұстанушылар мен мемлекет саясатын сынау арқылы, ресми билікке жеккөрнішті болып шетелге жылыстап кеткендер де аталмыш «қашқындардың» қатарында тұр. Қытайдың ресми баспасөз беттерінде жарияланған мәліметтерді сараптап көрсек 1988-2015 жылдар аралығында, 20 мыңнан астам Қытай азаматы шетелдерге қашыпты. Қытайдағы ақпарат көздері, олардың мынадай үш бағытты бетке алатындығын да жасырмайды. Бір бөлім «қашқындар» Тайланд, Мияньма, Моңғолия, Малайзия, Ресей сияқты елдерге жылыстап кетсе, екінші бір тобы Африка, Латын Америкасы, Шығыс Еуропа аймақтарындағы шағын елдерге «сіңіп» кеткен. Ал үшінші бір топтағы «салмақты қашқындар» АҚШ, Канада, Австралия, Португалия елдерін пана тұтқан. Осылардың 80 пайыздан астамы жемқорлық фактісі бойынша айыпталғандар екен. 2002 жылғы есеп бойынша, өткен 15 жыл ішінде, Қытайдан қашқандардың алып кеткен қаржысының көлемі 200 млрд. доллардан асқан. 2002 жылдан былайғы уақытта жыл сайын 12 млрд. долларлық өсім көрсеткен.

Олардың бәрі жемқорлар ма?

Бұл парақорлардың арасында жоғары лауазымды шенділер мен кезінде ҚХР-ды құруға атсалысқан қызылдардың ұрпақтары да бар. Осындай ауқымды проблемаларды дипломатиялық жолдар арқылы шешу үшін Қытай елі 2018 жылға дейін, әлемнің 71 мемлекетімен «экстрадициялау және өзара құқықтық жәрдем», «қылмыстық істер және азаматтық әділеттілік» туралы келісімдерге қол қойды. Мұның ішінде ТМД аумағында Ресей, Украина, Белоруссия және Орталық Азиядағы Қазақстанмен бірге бес мемлекет те бар. Сондай-ақ дипломатиялық қатынаста тең құқықты саналғанымен, ішінара мүдделерге келгенде басы бірікпейтін АҚШ, Түркия секілді «Қытайға жау елдермен» де аталмыш келісім жасалып жатыр.
Алайда АҚШ бастаған Батыс елдері қытайларға уәдесін берсе де, өз құзырына паналап барған «босқындарды» әбден зерделеп барып, жемқорлық фактсі айқындалған жағдайда ғана Қытайға экстрадициялап келеді. Мұнда да «ішкен-жегені» миллиондаған долларға жететін адамдар құрыққа ілініп отыр. Ал Қытай үкіметі қанша жерден «парақор» екендігін дәлелдеп бақса да, шетелде «парақор» ретінде танылмаған, керісінше қолдау мен қорғауға ие болып отырған қаншама Қытай азаматы бар. Олар өздері арқа тұтып барған елдеріндегі саяси еркіндіктерін пайдалана отырып, билік басындағы «қой терісін жамылған қасқырлардың» шын кеспірін ашып, қытайларды оянуға үндеп келеді. ҚХР билігі мұндай саяси босқындарды елге қайтару үшін қаншалық келіссөздерге барғанымен, ашық айтысуға жүректері дауаламайтын тәрізді. «Ұрының арты қуыс» деген сөз, текке айтылмаған да шығар. Қазіргі ҚХР билігіне қарата оппозициялық бағыт ұстанғаны үшін шетелге кеткен қытай саясаткерлерін қара тізімге келтіріп, есімдерін тізіп отырғымыз келген жоқ. Алайда ресми түрде жария етілген 20 мың «қашқынның» арасында, қытайдан өзге де ұлттардың өкілдері бар екенін айта кеткіміз келеді. Олар Тибет тәуелсіздігін армандайтын тибеттер мен «Шығыс Түркістанның» болашағы үшін шетел асқан ұйғырлар. Тибеттер өздерінің рухани көсемі Далай Ламаның соңынан Үндістан, Мияньма секілді елдерге қашса, ұйғырлар Түркия, АҚШ, Германия секілді елдерге барып тығылған.

Ұйғырлар мен қазақтар мәселесі

Қазақстанмен іргелес жатқан Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі, Қытайдағы «нәзік өңір». ҚХР-дың 6/1 бөлігін иелейтін бұл өлкенің 5600 шақырымдық шекарасы Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан секілді 8 мемлекетпен жанасып жатыр. Өлкенің байырғы тұрғындары есептелетін ұйғыр, қазақ, қырғыз, моңғол қатарлы ұлттар өздерінің тарихи жадын қазірге дейін жақсы сақтап келе жатыр деуге болады. Сондықтан да Қытай үкіметі түрлі саяси тәсілдерді қолдана отырып, жылдам ассимилияциялауға кірісіп кетті. Айналасындағы көршілерімен дипломатиялық қатынастарын реттей отырып, «жұмсақ» саясат арқылы талай келісімнің басын қайырып үлгерді. «11 қыркүйек оқиғасынан» кейінгі жерде, халықаралық маңызды күн тәртіпке көтерілген «терроризммен күрес» науқанын тиімді пайдаланып, азаттық аңсаған ұйғырлардың «Шығыс Түркістан» ұйымын, халықаралық Әл-хайда сияқты лаңкестік топтардың қатарына жатқызып, БҰҰ-на мүше елдердің барлығының мақұлдауынан өткізіп тынды. Осыған қарата Шыңжаңда «Терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге қарсы тұру» науқанын өрістетіп, еркіндікке, теңдікке ұмтылған ұйғырларды қатаң жаныштауға кірісті. Алайда аймақтағы байырғы тұрғындардың белдісі саналатын қазақтар, қазіргі Қытай саясатына ешқандай қарсылық танытқан жоқ. «Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымына» мүше болып табылатын Қазақстан, өз кезегінде Қытайға қарата ұстанған, «терроризмге бірлесе соққы беру» майданынан танған емес. Сөйте тұра Орталық Азия елдеріне аса сақтықпен қарайтын Қытай, «Шығыс Түркістан» ұйымын қолдаушылардың Орта Азия елдерінде бар екендігін арагідік айтып қалғанымен, қазірге дейін әлдебір саяси қылмыскердің атын атап, түсін түстеп тұрып экстрадициялауға өтініш білдірген емес. Себебі Қытайдың бас ауруына айналған «Шығыс Түркістаншылдар», қызылдардың атқан оғы жетпейтін мойны қашық жерлерге табан тіреп үлгерген. Ал азаматтық істердің жөні өз алдына…
Қытай билігі өздерінің беделіне дақ келтіретін кейбір «қашқындарға» саяси айыптаулардан гөрі экономикалық қылмыс фактілерін тағуға шебер. Мысалы, ұйғыр ұлтынан шыққан күрескер әйел Рабиям Қадырға ең алғашқы тағылған айып — «шетелдік ұйымдарға мемлекет құпияларын жеткізген» делінеді. 2004 жылы Рабия Қадыр «шетелге барып емделу» үшін түрмеден босатылып, АҚШ-қа біржолата табан тіреді. 2006 жылы 26 қарашада Мюньхен қаласында өткен ДҰК-нің кезекті құрылтайында, төрағалыққа сайланғандығы туралы хабар тарады. Сол күннің ертесінде Қытай баспасөздері, Рабиям Қадырға «салықтан жалтарған» деген қылмыс тіркеді. Олардың келтірген ситатына жүгінгенде «Рабиям Қадырға тиесілі, «Ағда», «Рабия» өнеркәсіп, сауда компаниялары 1994-2004 жылдар аралығында мемлекетке төлеуге тиісті салықтан 8 миллион юаньнан астам қаржыны жасырып қалған екен. Мұнымен қоса банктер мен түрлі мемлекеттік мекемелерден алған 28 миллион юань қарызын қайтармапты». Міне осындай мол қаржының дауы мен өзге де саяси айыптауларға іліккен Рабиям Қадыр күні бүгінге дейін АҚШ-та аман-есен тұрып жатыр.
Ал 2013 жылы Си Цзиньпин билікке келіп, елдегі жемқорлармен күреске қызу араласып кеткен тұста АҚШ-ты паналаған «аса ауыр саяси қылмыскер» Гуо Уын Гуй (бұрын Қытайдың құпия органдарында қызмет еткен) де бұл күндері АҚШ-та отырып алып, ауық-ауық «Қытай билігінің қылмыстарын әшкерелеумен» аты шыққан. Батыс басылымдарының айтуынша, Ресми Бейжіңнен Ақүйге жөнелтілген «Қытайға экстрадициялауды сұраған 100 жемқордың» ішінде, осы Гуо Уын Гуйдің де есімі аталыпты. Ал АҚШ үкіметі болса ішінара «қылмыскерлерді» бергенімен Гуо Уын Гуй туралы жақ ашқан жоқ. Қытай билігі болса сол «сабырлы күйін» өзгертпестен, АҚШ пен арадағы өзге де қарым-қатынастарын оңтайландырудың қамында келеді. Яғни, Қытай шекарасын бұзып, шетке қашқандарға бола, Қытай үкіметі күні бүгінге дейін ешкіммен жаға жыртысуға барған жоқ. Дейтұрғанмен, жоғарыда сөз болған «әлемнің 71 мемлекетімен «экстрадициялау және өзара құқықтық жәрдем», «қылмыстық істер және азаматтық әділеттілік» туралы келісімдер» негізінде, қазынадан миллиондап қаржы ұрлаған талай жемқорды шетелдік әріптестерімен селбесе отырып, елге алдырып та жатыр. Сөйте тұра, «бірер жүз мың қарызын төлемеген» адамды шетелден экстрадициялапты дегенді әлі күнге естіген жоқпыз…

Ерұлан Жансары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған