Қытайдың қырағы көзі біздегі өзгерістерді қалт жібермей тұр

Үкіметтің таратылуы мен жаңадан жасақтала бастауы халықаралық сарапшылардың назарын аудармай қалған жоқ. Әркім әртүрлі болжамдарын айтып, ендігі жерде не болатындығы жөнінде болжамдарын ортаға салып жатыр. Қытайдағы танымал сайттардың бірі «www.guancha.cn» сайты 25 ақпан күні, Лу Жун Рын атты халықаралық саясаттанушының мақаласын жариялады. 5 бөлімнен тұратын мақалада Елбасының неліктен үкіметті таратуға жарлық бергендігі мен экс-премьер Б.Сағынтаев басқарған үкімет туралы кеңінен тоқталған екен. Саясаттанушының қырағы жанарынан Денис Теннің өлімінен бастап, Кореяға жұмыс іздеп тентіреп кеткен қазақтар жайы, өткен айда өрттен қайтыс болған бес бірдей бүлдіршін мен көпбалалы аналар наразылығы да тыс қалмапты. Біздегі ақпаратты қалт жібермей бақылап отырған саясаттанушы Лу Жун Рын мырза, Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметті тарату жөніндегі сөйлеген сөздерін толығымен келтіріпті. Ойын қорыта келгенде, «Б.Сағынтаевтың да мүмкіндігі шектеулі болғандығына, қызмет басына келген 2-3 жылдың ірі өзгерістерді бастауға жеткіліксіз екеніне ерекше тоқталыпты. 2016 жылы қыркүйекте Үкімет тізгінін ұстаған Б.Сағынтаев жұмысына ресми түрде 2017 жылы кірісті. Бұл кезде Қазақстан экономикасында оң өзгерістер байқала бастаған еді. Шикі мұнайдың баррелі 115 долларға бағаланып тұрған алтын дәуір аяқ астынан күрт өзгерді. 2015-2016 жылдар аралығын ІЖӨ 1,2%, 1,1% болса, Б.Сағынтаев үкіметті басқарған 2017-2018 жылдары ІЖӨ 4%, 4,1%-ға көтерілген», — дейді саясаткер.
Осылайша қазақ еліндегі саяси және әлеуметтік жағдай-ларды жіліктей келе, Үкіметтің таратылуына қарата өз ойын былай түйіндейді. «Н.Назарбаев, Б.Сағынтаев басқарған Үкіметке қарата айтқан сындары мен оның түпкі себептерін түсінеді. Тек табиғи байлықтарға ғана сүйеніп, күн көріп отырған елдің экономикасын жедел дамытуға уақыт керек екендігі белгілі. Оған халықтың төзімі мен мемлекетке деген сенімін қосуға болады. Алайда, халықтың әлеуметтік жағдайдың төмендігінен туындаған наразылығын басу және өз абыройын сақтап қалу үшін осы қадамға барып отыр. Тек қана табиғи байлықтарын саудаға салып күнелтіп отырған елдің 79 жастағы президенті өз абыройын сақтап, мемлекетін үлкен жетістіктерге жеткізе алар ма екен?!» — депті.
Ал сайттағы мақала астына пікір білдірушілер арасында адамды ойға салатын еркін пікірлер көптеп кездесетінін айта кеткен жөн. Сондықтан ащы етімізге «тұз сепкендей» пікірлерді, «Жау жоқ деме, жар астында» деген ниетпен оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

«Қазақстанның қауіпсіздік мәселесіндегі қиын-дықтары елдің экономикалық дамуына кесірін тигізіп отыр. Билікті қазақтардың қолына шоғырландыру үшін елдегі орыстардың саны азаюы тиіс. Алайда бұл елде инженер, мұғалімнен бастап маңызды салалардың барлығында орыс ұлтының өкілдері қызмет етеді».
«Қазақстанның солтүстігі мен батысындағы Ресеймен шекараласатын аймақтарда негізінен орыстар көп шоғырланған. Бұл өз кезегінде Украинадағы бөлшектенудің негізгі себебін ойлауға жетелейді. Олардың мемлекет астанасын Алматыдан көшіруіндегі басты себеп те осындай алшақтықты азайту үшін еді».
«Украина жеріндегі орыстың ойраны қазақтарды қатты ойландырып отыр. Қазақстанның экономикасы негізінен мұнай мен газға сүйеніп күн көреді. Еуропа нарығына шығу үшін Ресей жерімен құбыр жүргізуге тура келеді. Олар табиғи байлықтарын халықаралық нарыққа шығаруда тек қана Қытайға иек артып қалуды ойлап отырған жоқ».
«Қазақстанда Ресейдің әскери базалары орналасқан. (Мүмкін, жалға алған сынақ алаңдарын меңзесе керек) Аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында, Қытаймен жасап отырған келісімдері орыс қаупінен құтқара алмайды. Дегенмен АҚШ-тың Ресейге жасап жатқан санкциялары Ресейдің ескі одақтастарына деген ықпалын арттыруына кедергі келтіріп тұрғаны шындық».
«Н.Назарбаев билікті өткізіп беруде қателікке ұрынар болса, елде ішкі тұрақсыздықтың орын алары сөзсіз. Мұндай жағдай туар болса, АҚШ пен Ресей араласпай қалуы мүмкін емес. Орталық Азиядағы мүддесі үшін Қытай елі де араласпай қоймайды. Бұл қатерлердің салдары Ресей мен Қытай арасының бұзылуына әкеліп соғуы да ықтимал».
«Егер Қазақстанда Украина трагедиясы қайталанар болса, тек қана мұнай-газға ғана сүйеніп отырған жалаң экономикалық құрылым сәтсіздікке бет алары сөзсіз. Бұл өз кезегінде тұтас Орталық Азия аймағының тұрақсыздығына әкеп соқпақ».
«Ұлан-ғайыр даланы алып жатқан қазақ елі, қауіпсіздік, энергетика, мемлекеттің әлеуеті жағынан да Қытаймен байланысы жақсы дамыған ел. Бұл аймақтағы тұрақсыздық Қытайдың мүддесіне де ықпал етпей қоймайды. Сондықтан Қазақстандағы тұрақтылық Қытайлар үшін де өте маңызды».

Біздегі ашық ақпараттарға негізделе отырып жасалған талдаулармен, оған қарата жазылған қытай оқырмандары пікірлеріне қуанудан аулақпыз. Дейтұрғанмен, Қытай саясаттанушыларының біздегі әрбір саяси өзгерістерге жіті назар салып отыратындығына осы мақаланың өзі жеткілікті. Мақала соңында негативті мазмұндағы пікірлердің барлығымен санасып, оған саяси тұрғыдан баға берудің де қажеті шамалы. Осындайда «Кәпірден досың болса, қойныңда балтаң болсын» дейтін халық даналығы еске түседі. Жұрттар біздің өскенімізді де көре алмайды-ау осы…

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған