Қытайлар Түлкібастағы зауытқа  инвестиция салмақ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір ауылға инвестиция тарту, кәсіпкерлік саласын дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында  жоғары деңгейде орындалуда. Осы мақсатында жуырда аудан әкімі Н.Тұрашбеков Қытай елінен келген  кәсіпкер Лоджы Дунг пен оның бизнестегі серіктесі Яци Мин мырзамен кездесті. Кездесу барысында  бұл салада тәжірибесі мол қонақтар Түлкібас ауданынан әлемдік стандартқа сай келетін әк зауытын салуға ниетті екендіктерін, сонымен бірге  жобаға 10 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын екендіктерін жеткізді.

– Үрімші қаласында әктас шығаратын 3 бірдей зауытымыз жұмыс істеп тұр, – деді кездесуде Лоджы Дунг мырза. – Бұл бағытта біздің тәжірибеміз мол. Жоба құны – 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 7 миллион доллары зауытқа заманауи қондырғылар алуға жұмсалады. Кәсіпорын тәулігіне 400 тонна оксид кальциін шығаруға қауқарлы болады.

Инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен жеңілдіктерді баяндаған Н.Тұрашбеков өңірдің экономикалық–әлеуметтік ахуалы жөнінде де әңгімеледі. Осы жобаның іске асуына екі тарап та мүдделі. Аталған зауыт жұмысқа қосылған жағдайда жаңадан 110 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Шалқар БЕК,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған