Қытайға тиген қызыңнан орысқа тиген күң артық…

Орда бұзар жасында о дүниелік болған ақын Оразалы Досбосыновтың қазақ ауыз әдебиетіне үлкен үлесін қосып кеткенін дүйім жұрт жақсы біледі. Тарихта аз жаса да саналы ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты Оразалы да өз соқпағын тайға таңба басқандай белгілеп кеткен. Сүйінбаймен сусындап, Жамбыл жырларына жастайынан қанып өскен Ораз ақын жайында айтылар әңгіме көп-ақ. Бүгін соның бір ғана тұсын еске қайта салғымыз келіп отыр. Танымал әнші Алтынай Жорабаеваның орындауындағы «Толғауында» Ораз ақын бабаларының батырлығы әрі даналығымен мақтана келе ұлт келешегіне бір кісідей қайғыратынын «Қытайға тиген қызыңнан орысқа тиген күң артық» деген бір-ақ ауыз сөзімен жеткізеді. Тіпті, аталмыш шумақта ақ пен қараны айырып беретіндей өзінің байқампаздығын, жас та болса көрегендігін анық көре аламыз. Ендеше, жұртшылыққа кеңінен танылып кеткен «Толғауды» бірге оқып шығайық.

Ал қаным келдім алдыңа алақандаса өз елім,
Көңілің болса, бал құрақ, арқаланайын дегенім.
Тұра алмай кетер қарғылап өзектен шыққан өлеңім
Ақ бұлттан бөрік киінген Хан таудай биік өр едім!

Қолыма алған домбырам әрлі де берлі толғаған,
Толғайда толғай сөз айтсам толайым дүние толмаған.
Толмаса егер айтайын, ойымды қанат қомдаған,
Сарыарқа байтақ жерімді саңылақ бабам қорғаған.
Талай да талай дұшпанның шашылып қаны сорлаған,
Қытай да менің өз жерім аспанын қазақ торлаған.
Атасы басқа жер сөзім астыма мінген ақтангер
Түсінбейді-ау көп адам бұл сөзімді мақтан дер.

Алатау, Алтай, Атырау шалқыған шалқар төр едім,
Сарыарқамды шарласам, қабырғамды сөгемін.
Ұлытау, Ұлар, Ұшырып сайлаған ханың жер едім,
Қазығұрттың басында әулие боп қалған кеме едім.

Моңғол да менің өз жерім, қазағым малын баққан жер,
Астрахань да өз жерім, Абылай бабам шапқан жер.
Орынбор да өз жерім, Шоқан атам басқан жер,
Ташкент де менің өз жерім, Төле би бабам жатқан жер.

Адасып жүрген әкімнен ақсақал қарттың бірі артық,
Тегінде кеткен темірден көрпеге салған жүн артық.
Арзанға кеткен малыңнан жұмыртқаның құны артық,
Қытайға тиген қызыңнан орысқа тиген күң артық.

Шатасып жүрген ғалымнан шатақсыз жүрген ұл артық
Айтыңдаршы ағайын, сараптап бәрін кім артық?

«ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған