Құдайды танымау Асанәлі көкеме лайық іс пе еді?

Ашынғасын айтамын да. «Евразия» телеарнасында «Кешкі кездесу» жүріп жатыр. Атақты Халық әртісі Асанəлі Əшімов 80 жаста.   Атақ-абыройы бір басына жететін абызымыз құрмет биігінде. Шалқып отыр. Өмірдің түрлі соқпағынан өтіп мүжілмеген, қызығы мен шыжығына еңсесін түсірмеген тұлғаға бәрі жарасып-ақ тұр. Еркін сөйлейді. Қиядан шалады. Ойнақы сөзбен тұла бойыңды тербейді. Тек көзі құрғыр жасаурай бергені болмаса…  Еңсесін тік ұстауға тырысады.

Жалындаған жастықтың ауылынан алыстағанымен, шалт қимылы шабан тартқан көңілін қамшылап қояды. Құрық түспей құтырған көк дөнендей  жастығы көз алдынан өтіп жатыр ма, кім білсін?!

Көңілі қанша қарттыққа мойынсұнбағанымен, беделі қыр асқан актердің бет-пішінінен уақыттың өрмекшісі салған әжім-торлар мен мұндалайды. Жақсы қартаюдың өзі екінің біріне бұйырмаған бақ қой, шіркін!

Құлдыраңдаған қос құлынын қара жерге тапсырып, жігерінің құм болғанын кім ұмытсын! Досың түгіл, дұшпаныңа тілемессің мұндай қайғыны. Соның бәріне мұқалмаған темір дене мен қорғасын төзім, келешекке деген сөнбес сәуле,  жарқын күнге деген құштарлық Алланың берген ерекше сыйы демей көр. Бірақ жетістіктің бәріне өз күшімен жеткендей тапырақтау иманы әлсіз адамның бойынан жылт етіп көрініп отыратыны қандай өкінішті!

Қаншама арыстай әріптестері жалған дүниенің жалына жармасқанымен, ажалдың көкпарына түсіп қыршынынан қиылып кетті. Олардың көрмеген қызығын, аспаған асуын, шықпаған шыңын бағындырып, Тәңір берген талантымен дарабоз атанған ақсақалдың енді қалған ғұмырында, өткенге салауат айтып, бергенге шүкірлік етіп,  Алланы ұлықтап жүруі өзіне ғана емес, өскелең ұрпағы үшін де мәртебе, зор үлгі-өнеге  емес пе?!

Алайда ел еркесі Асекең бұл үдеден шыға алмады. Оның ақсақалдыққа мүлде жат ерсі әрекеті асекеңді пір тұтатын талайларды жерге қаратты. . Өкінішті, әрине.

Ең алдымен рейтинг қуған, арзан сөзге құмар журналиспен жеке отырып коньяк ішті. Ұмытпасам, «60 жыл бойы арақ ішіп келемін» деп, араққа жарнама жасады. Арақты ақылмен ішуге кеңес берді. Ақылмен ішілсе, емге дәрі, бойға қуат береді екен…
Алабұртқан журналиске: «Мына коньягің «Асанəлі» емес пе?» — деп бір күлдіріп алды. Өз атының арақ-шараппен байланысы барына қуанғаны ма, мақтағаны ма бұл?.. Ол — ол ма, жедел сұрақтарға жауап беру барысында: «Құдайға сенесіз бе?» — деген журналист сауалына: «Бір күш бар, ол анық. Бірақ ана дүниеге барған ешкім жоқ қой. Меніңше, жұмақ деген — осы өмір. Тозақ — тіршілікте көрген қиындығың! Сондықтан Құдайға деген көзқарасым нақты емес», — деп, айды аспанға шығарды атақты актер. Тізе берсек, тырнақ астынан кір іздегендей боламын-ау….
Ата сақалы аузына түскен қарияның «қабір азабы» туралы түк сезінбеуі — оны бұрмалап келекелеуі исі мұсылман баласына жат қылық. «Кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» деген даналардың тұяғы, жазық жерде шалыс басатындай не көрінді?! Атеистік көзқарастың сүйекке мұншалықты сіңетінін кім білген?! Дүниенің жалған екенін бір кісі білсе, осы кісі білуі керек еді.  Əттең!..
Баяғының оқымаған шалдары «баратын жері» туралы бөстекі сөйлемей, дайындығын жасап отыратын еді. Арақты татып алмаушы еді. Өлім жайлы жиі əңгімелеп, жастарға ұлағатты ісімен үлгі еді. Сонысымен де қадірлі еді… ал қайран Асанәлі көкем…

Бүгінгінің шалдары бір түрлі болып барады. Аллаға сенбейді, көпіріп сөйлейді. Көз алдынан басқа еш нəрсені көрмейді… Əттең, бір кем дүние!..

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

 

 

4 thoughts on “Құдайды танымау Асанәлі көкеме лайық іс пе еді?

  • 11.08.2017 at 00:58
    Permalink

    Нағашыбай Қабылбек, атеист пен агностикті айыра білмейді екенсіз, бір күш бар деп агностиктер айтады, атеисттер емес. сосын әр адамның көзі жеткен өз ақиқаты болады, әр адамның ақиқаты сіздікімен тура келуі міндетті емес. сөз аңдып, не ішіп не қойғанына дейін айтып, тырнақ астынан кір іздеуді қазақ қашан қояды екен

    Reply
  • 11.08.2017 at 01:11
    Permalink

    “Ауыздан шыққанша сөзге сен қожасың, ауыздан шыққан соң, сөз саған қожа”. Асанәлідай атынан ат үркетін ел азаматының асылық сөйлеуі жараспай тұр.Атам қазақ айтқан ғой, қолбасшы болып қол бастаудан да, көшбасшы болып көш бастаудан да, шаршы топ алдында сөз бастау қиын деп. Шаршы топ- көрермендер алдында байқап сөйлемесе болмайды.Елге танымал емес адамның сөзін көпшілік онша елемеуі мүмкін, ал атақты адамдардың әр сөзін бақылап, байқап,кейін әңгімелеріне арқау етеді.Кемшіліктерін айтады. Қоғамдық ой-тұжырым жасайды. Е, мынау тойып секіріп тұр дейді. Құдайын ұмытқан екен дейді. Асанәлінің ұлы актер екенін баршамыз білеміз.Бірақ, келесі сөйлегенде жағдайды түзейді деп ойлаймыз. Қателігін түзеу Асанәлідей ақсақалға қиындығы жоқ.

    Reply
  • 11.08.2017 at 12:37
    Permalink

    Ел сыйлаған өнер абызының атына бірдене деугеде ауызың бармайды. Амал барма?! Өте өкінішті-ақ. Жүрегін иман ұялаған,жүрегінен нұр төгілген қазыналы қартарымыздың қатарынан табылмағаны Асанəлі ағамыздың өте өкінішті, тіпті жасы келген адам үшін қайғылы деуге болады! Алдын ала Асанəлі Əшімов ағамнан кешірім сұраймын. Өте өкінішті. Əлі де Алла-Тағала өзі жар болсын деймін.

    Reply
  • 12.08.2017 at 13:19
    Permalink

    Иә, атына заты сай- Айла десе – дегендей – “ақсақалды” ақтағысы, дінсізді жақтағысы келген ғой…
    Адам не қоғам өзі түзелмей – Алла (с.а.т.) оларды түзетпейді…
    Харамның барлық түрі (ішімдік пе, колбаса, сосиска ма – “халал” деп жазып ішіне не тыққандарын да көріп жүрміз) адам ағзасына да болашағына да зиянды – оның 40 күнге дейін дұғасы қабыл емес – сол күйде дүниеден озып кетсе – жағдайы не болмақ… а,ылшын, неміс ғалымдары харамның құрамын зерттеп – одан бас тартты – өзі де жемейді – балаларына да жегізбейді – көп адам ойлайды – қазаққа бәрі бірдей деп. Жоооқққ!!! Қазақ – әлімсақтан мұсылман – кеше дүниеге келіп бүгін 80-ге толғанша ата-баба дінін түсінбегендер елімізде, халқымызда жалғыз емес – Ей мұсылман бауырлар – келіңдер – Жаратушыға дұға етейік – осындай қазақтарды соншалықты дәрежеге көтерген, үлкен-кішіге танымал еткен, білім мен баспана берген, әулет пен дәулет силаған, ақыл мен парасат силаған Алла Өзінің осындай адасқан құлдарына тауфиқ пен хидаят беруін, әзірге бойында күш-қуат, өзінде ақыл-ес бар кезінде тәубеге келіп, игі қазақтардың, ізгі мұсылмандардың арасына оралуын бір Алладан (с.а.т.) жалынып сұрайық!!! Осы күйде дүниеден озып кетсе – бізге сын ғой!!!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған