Құрбан айт құтты болсын, Қазақ елі!

Ассалаумағалейкум, Қазақ елі!

Бүгін – күллі мұсылман үмметінің ұлық мерекесі Құрбан айттың алғашқы күні. Сонау Ибраһим (а.с.) Пайғамбардың сүннетінен болып келетін құрбандық шалу игі амалы екі дүние сардары Мұхаммед (с.а.у)-ның соңынан ерген барша мұсылман үшін маңызы жоғары мейрам десек артық айтпаспыз. Құранның ең қысқа «Кәусар» сүресіндегі «…Раббың үшін (айт) намазын оқы, құрбан шал!» аятын бұйрық деп түсінген, құрбан шалуға мүмкіндігі келетін әр азамат оның мол сауабынан құр қалудан қорықса керек-ті. Біздің бабаларымыз дәстүрімен біте қайнасқан Исламды дұрыс түсініп, екі айт мерекесін өз дәрежесінде тойлаған. Соның бірі осы құрбан айт болатын. Мереке дегеннің өзінде бұл күні кәрі де, жас та парыз болған амалдарды орындауын тоқтатпай, бір Аллаға құлшылық етіп, жанына жақсылық тілейді. Ал, үлкен қажылығын өтеп жүрген Меккедегі миллиондаған мұсылман Отанының, күллі әлемнің тыныштығын тілеп, әлемдердің Патшасына ғибадаттарын жалғастырады.

Бүгінгі ұлық мереке бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін қалыс қалмай тойлайтын, риясыз қуаныштың куәсі болған Құрбан айт мейрамы.  Құрбандыққа шалынған малдың әр қылшығына сауаптың барынан үміт еткен жүректеріңізге Алла тыныштық бергей! Аумалы-төкпелі осы заманда бейбітшілікті нәсіп қылған Раббымызға шүкіршілік етуден танбайық! Ұлық мерекеде оқыған Айт намаздарыңыз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла қабыл етсін! Жаратқан Алла бауырымызды бүтін, басымызды аман, Жер әлемнің тыныштығын нәсіп етсін! Әмин!

Құрметпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған