Қ.Айтаханов: Президент билігі өз күшінде қалады

Бұл туралы халық қалаулысы «Шалқар» ұлттық радиосының тікелей толқынында өткен «Елім менің» бағдарламасында айтты. Оның айтуынша, елімізді осы күнге аман жеткізген Президент билігі тұрақтылықты, көп ұлттар шоғырланған мемлекетіміздің ынтымағын сақтап келді. Ал, Елбасы Н.Назарбаевтың жуырда ғана елге жолдаған Үндеуінің мәніне үңілсек, Президенттің тек қана өкілеттілігі Заң шығарушы, атқарушы органдарға бөліп берілмек. Яғни, ҚР Парламенті мен Үкіметінің жауапкершілігі бұрынғыдан арта түседі.

«Мәселен, Елбасы бұрын Әділет, Ішкі істер, Қорғаныс және Сыртқы істер министрін өзі ғана тағайындаса, бұдан былай соңғы аталған ведомство басшыларын ғана өз еркімен тағайындайтын болады. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Үкімет мүшелерінің көтерген кейбір мәселелерін өздері жедел түрде шешетін болады. Бұрынғыдай Президент қарауына жіберіп, уақыт оздырудың қисыны жоқ. Өйткені, күн тәртібінде толып тұрған мәселелердің шешімін Елбасы қараймын дегенше көп уақыт кетеді немесе ол Президент әкімшілігінде жатқан күйі қалып қоюы да ғажап емес»-дейді Қ.Айтаханов.

Сондай-ақ, халық қалаулысы жақын күндерде Елбасы Үндеуін республикамыздың түкпір-түкпірінде түсіндіру, талқылау жұмыстарын жүргізу үшін әріптестерінің жолға шығатынын да айтып қалды.   

«ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған