Қайтарымсыз грант-кәсіпкерлікке нақты жол

Биыл Жамбыл облысында тұңғыш рет «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион теңге, республикалық бюджеттен 21 миллион теңге қаржы бөлінді, – деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі жастардың бизнеспен айналысуы. Елбасымыз Н. Назарбаев әрбір Жолдауында жастар саясатын жүзеге асыруға арналған кешенді бағдарламаларды ұсынып, оның орындалуын тікелей өзі қадағалап келді. Сондықтан да мемлекет жүргізіп отырған саясаттың басты бағдары – жастарды кәсіпкерлік негізде оқыту, олардың бизнеспен айналысуына ықпал ету. Өйткені, егемен еліміздің болашағы оқыған, ойлы, іскер, еңбекқор жастардың еншісінде. Сол үшінде елімізде жастар саясатының тиімділігін арттыруға баса көңіл бөліп келеді. Негізінен, еңбек етуші халықтың көпшілігі шағын және орта бизнес арқылы нәпақасын айырғанда ғана еліміздің белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізетіні анық.

Бүгінде облыста жастарды кәсіпкерлік негіздеріне үйрету, оқыту, өз ісін ашуға ынталандыру қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ауызды қу шөппен сүртіп отырған жоқ. Бұл ретте түрлі шаралар атқарылып, арнайы жобаларды жүзеге асыру жолға қойылып, соның арқасында өзекті мәселенің шешімін табу мақсатында батыл қадамдар жасалуда. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасымен бірлесіп жұмыс жасауда күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда қала-аудандарда көптеген жастар кәсіпкерлікке бет бұрып, өз бақытын осы саладан тауып отыр десек асылық емес.

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ділмұрат Хамракулов жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында тиісті шаруалар атқарылып жатқанын айтады.

  • Биылғы жылдың 24 шілдесінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында тұрақты жұмыс орны жоқ жастар үшін қысқа мерзімді 1 айлық курс басталды. Оған 450 жас қатысуда. Курсты бітіріп, өз ісін ашам деген жастарға жеңілдетілген кредит немесе мемлекеттік грант алуға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан мүмкіндіктер жасалған. Ал, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион теңге, республикалық бюджеттен 21 миллион теңге, жалпы барлығы 324 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған грант бойынша 1-12 шілде аралығында конкурс өткізіліп, Тараз қаласы мен аудандардан қайтарымсыз грантқа үміткер 466 жастың құжаты қаралып, шешім шығарылды, – деді ол

Тараз қаласы мен аудандардың сұранысына сәйкес, республикалық бюджеттен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың жаңа бизнес-идеяларын дамытуға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге бөлініпті. Бүгінгі күнге дейін 88 жас 44,4 миллион теңге грант алған екен. Облыс бойынша жастар ұйымдарының әлеуметтік маңызы бар жобаларына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 63 631 800 теңге бөлініпті.

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған