Үздіктердің жомарттығы (Фото)

Бүгін еліміздің бас қаласының «Астана-Арена» стадионында қайырымдылық акциясының куәсі болдық. Жабық әрі сәулетті спорт кешеннің жасыл алаңында «Астана» футбол клубы қаланың аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың басын қосып, олармен аз-кем сұхбат құрды.

                      15-39-22-028    15-46-12-008

Кезекті жаттығудың алдында уақыт бөліп, балақайлардың басынан сипаған футболшылар оларға Астананың суығына шыдас беретін қалың киімдерді табыс етті. Мұндай қайырымдылық шаралары бұған дейін де жасыл алаң иелері арасында өткен екен. «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекеновтің айтуынша, қаладағы материалдық жағдайы төмен отбасыларға «Астана» футбол клубы жомарттық танытып, қайырымдылық жасап келеді. Тек аталмыш қамқорлық шаралары баспасөз бетінде жазылмаған, теледидар мен радиода айтылмаған.

                     15-40-16-025    15-39-54-026

Ал, №13 және №57 мектепте тәлім алып жатқан жас өскіндері теңбіл доп десе ішкен асын жерге қоятын келешек футболшылар екен. Бұл туралы Қ.Бекенов:

– Бүгін – біз үшін ерекше күн. Осы жиналған жас достарымызбен кездесуді бұрыннан ойластырып келеміз. Бұл балалар футбол ойнауды қаншалықты жақсы көретінін, өздері команда құрап, әртүрлі турнирлер мен жарыстарға қатысып жүргенінен хабардармыз. Десе де, сәті бүгінге түсіп барша отандастарымыз үшін үлкен мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында сіздермен кездесіп жатқан жайымыз бар,-деп ағынан жарылды.

                      15-48-22-005    15-45-54-013

Сондай-ақ, қайырымдылық іс-шараның соңында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде «SamrukKazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту фондының қолдауымен «Астана» клубының жас жанкүйерлеріне алдағы матчтың билеттерін сыйға тартты.

15-53-06-003Айта кетейік, биылғы футбол маусымын табысты аяқтап, Еуропа Лигасында да жақсы нәтиже көрсетіп, әлі күнге өз алаңында еуропалықтарға есе жібермеген «Астана» футбол клубы 24 қараша күні өз алаңында Кипрден келген «АПОЭЛ»-ді қабылдамақ. Отандық клубқа жанкүйер болайық, ағайын!

«ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған