Үздік компанияны серіктес болуға шақырды

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын жаңғырту жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Оны одан ары қарай жандандыру үшін өңір басшысы  Жансейіт Түймебаев үздік компанияларды облысқа тарта бастады. Мәселен, облыс әкімі «BI Group Construction» ЖШС-і басқарма төрағасының орынбасары Нұрдәулет Әкімжановпен кездесті. Нарық әлемінде іскерлік жүздесу үлкен мүмкіндік саналады. Сол сәтті аталмыш компания өкілдері тиімді пайдаланғанды жөн санаған екен. Басқосуда өздерінің компанияларының ТМД нарығында 20 жылдан астам уақыттан бері құрылыс жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын айтып, компанияларының Оңтүстікке тигізер үлесін түсіндірді.

Иә мұндай тәжірибелі компанияларды өңіріміз үшін пайдаланып қалған аса тиімді. Әрі үлкен серіктестіктер бір-екі ғана мемлекеттік сатып алуларға қызықпайды. Өйткені, олардан түсетін табыс аз. Сондықтан оларды көптеген құрылысқа араластыру қажет. Осы жағын ойлаған облыс әкімі компания жетекшілігін Шымкенттегі «Shymkent City» жобасына, мектеп, балабақшалар мен ауруханалар және онкологиялық орталық пен туберкулез диспансері, спорт кешендері секілді бірнеше алып құрылысқа араласуға шақырды.

Кездесуде екі тарап алдағы уақытта ұсынылған жобалар аясында нақты келісімдер жасауға уағдаласып тарасты.

BI Group Construction ЖШС-і Қазақстанда нөмірі 1-ші болып табылатын серіктестік екен. Еліміздегі сегіз облыс пен Ресей және Грузияда белсенді жұмыс істеп келе жатқан компанияның өткен жылғы айналым қаражаты 920 млн. АҚШ доллары болыпты.

С. САЙЛАУ, Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған