ҮЙДЕГІ КЕЛІННІҢ “КЕЛІНІ”

Алып келді кеше келін бек ағам,
Үйімізге тұратұғын жеті адам.
Қайын іні атандым деп мен жүрмін,
Масайып жүр ене болдым деп анам.

Төбесіне қойды ағам, жел үрді,
Оған жеңшем есі кете елірді.
Мысықтай боп келген келін әу баста,
Арыстандай болды, соңы семірді.

Атқарды анам үй жұмысын беріліп,
Жеңшем болса түсте тұрды керіліп.
Сүйкімі жоқ келінінің алдында,
Сүйікті ері танытып жүр серілік.

Жардың таңдай алмапты ағам естісін,
Ғашық болып жоғалтыпты-ау ес-түсін.
Келін алған анашымды қайтейін,
Бір тыным жоқ, таңертең, я кешкісін.

Бес елі екен, апа-ау, маңдай-сорың да,
Бұйырмапты жұмсақ төрден орын да.
Ене деген атың ғана болмаса,
“Келін” болып жүрсің келін қолында.

Көрсең дағы зәбір келін – зұлымнан,
Сөз айтуға жасқанасың ұлыңнан.
Алаңдарға себеп бар-ау, алайда,
Шараң бар ма келініңе жұлынған.

Деп жүргенде ене болдым қандай да,
Біткен екен бетсіз келін маңдайға.
Тілің қысық бірдеңе деп айтуға,
Жүрсең дағы қанық болып мән-жайға.

Араз қылған бізді бөліп ағамнан,
Сөз асырам десем арсыз “мадамнан”.
Сес көрсетіп, ағам шығып алдымнан
Жармаса ма деп, қорқамын жағамнан?!

Ез ағама қарап, құшты санам мұң,
Сезіп жүрмін шаршағанын анамның.
Ішке жұтар байғұс анам қайғысын,
Сүйген жары деп,- амалсыз,- баламның.

Анасынан безгендерге алаңмын,
Ең сорлысы болған мынау ғаламның.
Не көрсе де көндігумен күн кешкен,
Аман жүрші, қайран қарты заманның.

Санжар Ғұлама

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған