Үлгі болса ұлысы, қадірлі болар ұланы жас кәсіпкер Мәди Ихтиляпов жайында бірер сөз

Аймағымыздың күнгей жағындағы Науырзым ауданының Шолақсай ауылы – еліміздегі тарихы терең елдімекендердің бірі. Олай дейтініміз, күре жолдан өтіп бара жатқанда, төбе басында анадайдан көрініп тұратын ауылдың іргетасы осыдан 120 жыл бұрын қаланған. Бір ғажабы, ғасырдан астам уақыт өтсе де, «Шолақсай» деген өзінің байырғы атауын сақтап отырған мекен. Науырзым еліне сырттан келетін қадірлі мейман Шолақсайға ат басын бұрмай өтпейді.

Патша заманында тұрмысы оңды болған ел кейінгі кеңестік дәуірде де өзінің биігінен түскен жоқ. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көп ауылдардың кебін құшып Шолақсай да ыдырап кетер ме еді. Жоқ, оны бүгінгі таңда республикамызға танымал белгілі кәсіпкер, меценат, ауыл шаруашылық саласының үздігі Өмірзақ Ихтиляпов сақтап қалды. Өмекең Шолақсайға басшы болып келген уақыттан шаруашылық жетекшісі ғана емес, ауыл жанашыры ретінде көпке танылды. Елдімекендегі тарихи маңызы бар, кезінде атқораға айналған мектепті жөндеуді қолға алды. Мал басын еселеді, астықтың шашауын шығармай жинап алып келеді. Ең бастысы, ауыл халқын әр жаққа ыдыратпай ұстап отыр. «Парасат», «Құрмет» ордендерін, «Еңбек ардагері» медалін, Ресей халықтары Ассамблеясының Алтын медалін иеленгенін мақтанышпен айтамыз.  Бүгінгі таңда ел ағасы көпке өнеге болар ақылманға айналды.

Өмірзақ Бекділдаұлы бүгінгі күнге дейін бір жағынан шаруашылық басқара отырып, екінші жағынан өзінің ұлы Мәдиді осы салаға баулып келе жатқан тәлімгер. Қазір сол Мәдиі Шолақсайдың үлкен жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бас-көз болып қалды. «Бір бала бар, әкеге жете туар» деген тәмсіл осыдан қалса керек, әке – ақылшы, бала – шаруа иесі.

Қазіргі таңда Шолақсай ауылында 300-ге тарта түтін бар. Мыңға жуық тұрғынның тең жартысына жақыны жергілікті серіктестіктің жұмысшылары. Мыңнан астам қой, алты жүзге жуық жылқы, үш жүзден астам ірі қара өсіріп отырған серіктестік төл басын асылдандыру жағына аса мән беруде. Биыл шаруашылық 18 мың гектар алқапқа дән сеуіп, күзгі орақ науқанына әзірлігін бастап кетті. Жұмысшылардың айлық-жалақысынан бөлек, шаруашылық тарапынан жасалатын көмегі де аз емес. Айтпақшы, еліміздегі ең арзан нан – Шолақсайда. 850 грамдық бір бөлкенің бағасы 25-ақ теңге!

Ауыл жастары демалыс уақытын бос өткізбейді. Әлеуметтік нысандардың барлығы жұмысын тоқтатқан емес. Елдімекенде мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын тұр. Балаларға тағы бір базарлық – алдағы уақыт бассейн салынбақ. Шолақсайдағы балабақшаға елуге тарта бүлдіршін барады. Бөбекжайға шаруашылық өзі бас-көз болып жағдай жасап отыр. Яғни, жылыту маусымы, ас-суы, ол жерде еңбек ететін он қызметкердің жалақысы – серіктестіктің мойнында. Балалардың тамағы тегін. Олардың жазғы тегін лагеріне де шаруашылық басшылығы демеу көрсетіп келеді.

Мәди Ихтиляпов, «Шолақсай – 1» ЖШС басшысы:

            – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейінгі жолдауларында бастау алған бағдарламалар бар, биылғы «Рухани жаңғыру» атты мақаласы, әсіресе, өзіміз қатарлы ауыл азаматтарына үлкен ой салғаны анық. Туған жерін түлету – әр қазақстандықтың қасиетті борышы. Біз де ауылдың байырғы тарихи келбетін сақтап, бұрыннан қалыптасқан үрдіспен жұмысымызды жалғастырумен қатар, жаңашылдық көшінен қалмауды мақсат етттік. Өзім осы ауылда тудым, өстім, ержеттім. Онда неге өзім туған жерді түлетуге үлес қоспасқа! Ауылымызға жас мамандарды тартып, оларды баспанамен қамтып, одан кейінгі жағдайына қарайласатын болсақ, онда олар ауылда тұрақтап қалатыны сөзсіз. Әрі жас ұрпағымыздың білімді, жан-жақты болып өсуіне зор ықпал жасаған болар едік. Егер әр елдімекеннің басында жүрген азаматтар өз жұртына осылай қамқорлықпен қарайласатын болса, онда ауыл іргесі сөгілмес еді. Сол себепті, шаруашылық жұмыстарын да, әлеуметтік саланы да қатар алып жүруіміз қажет.

Шолақсайда осыдан бірнеше жыл бұрын намазхана ашылды. Бұл рухани орын кәрі-жастың ғибадат ететін жері ғана емес, тәрбие ошағына айналғаны белгілі. Ал серіктестік басшысының «ауылдың байырғы тарихи келбетін сақтап қалуды мақсат еттік» дегені бекер сөз емес. Қазір елдімекенде мұражай жұмыс істеп тұр. Шолақсайлықтар үшін музей салудың өз орны бар. Себебі, бұл жер қатталған тарихи жәдігерге толы. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы ескі ғимараттардың бірін жөндеуден өткізіп, ішін құнды экспонаттармен толтырды. Ертеректегі тұрмыстық бұйымдар, суреттер, ауылдан шыққан белгілі тұлғалардың есімдері дейсіз бе, бәрі бар.  Олардың арасында ғасырдан астам уақыт бұрын Кавказдан ат арбамен жеткізілген сандық,1916 жылғы пулемет лентасы, құмыралар, күбі, тың игеру басталған кездегі радио, ағаш астау тағысын тағы толып жатыр. Шолақсайлықтар осы елден шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтан Еркімбаевтың есімін ерекше үлгі тұтады. Бір өзі 112 фашистің көзін жойған батыр Украинаның Харьков жерінде ерлікпен қаза тапты.

Міне, осындай үлкен істерге бастама болған жас басшы Мәди Өмірзақұлының еңбегі көпке үлгі болсын деген ниетте осы мақаламызды жазып отырмыз. Айтпақшы, шолақсайлықтар биылғы «ЭКСПО» көрмесінен де шет қалған жоқ. Мәди Ихтиляпов айрықша сый ретінде ауылдықтарға атаулы шараға 100 билет сатып алып беріп отыр.

 

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай облысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған