Үнсіздік – шипалы ем

 Құлағың тыныш болса, жаның да тыныш. Қазір әлем дәрігерлерінің барлығы адам ауруының ең басты екі факторын айтады: бірі – тамақ, екіншісі – шектен тыс даңғыра шу.

Аурудың астан болатынын атам қазақ баяғыда айтып кетсе де, қазіргі күнгі тамақтану үрдісіміз өз-өзімізді ажал аузына айдап апарғанмен бірдей еке­нін жасырмаймыз. Ал шу туралы әлі де ойланып көрген жоқ­пыз. Өйткені, дамыған мемлекеттер шектен тыс шуылдың адам ден­саулығына кері әсерін зерттеп, оған өздерінше шектеу қойып, түрлі заңдар шығарған. Мәселен, АҚШ-тың Оушен-Гроуф қала­сында жексенбі – тыныштық күні деп белгіленген. Яғни, жек­сен­бі күні қала тұрғындары бір-бірі­мен сыпайы сөйлесіп, даң­ғы­ра музыканы сөндіріп, тіпті, қала­да шу көтеретін көліктерді де жүргізбейді.

Ал Калифорнияның Санта-Роза қаласында аяқ киімі басқан сайын сықырлайтын адамға айып­пұл салынады.  Нью-Йорктің бір рабатында иті 15 минуттан ар­тық үрген болса, иесіне айып­пұл салынады.

Тыныштық туралы заң кейбір елдерде тіпті ерте замандарда-ақ қабылданған. Мысалы, ХVІІ ғасырдың басында Англияда ері әйелін кешкі тоғыз­дан кейін сабауға тыйым са­лынған. Бұл заң әлі күнге дейін күшін жоймай келеді. Ол тоғыздан кейін ешкім ешкімнің мазасын аларлықтай іс-әрекетке бармауы тиіс дегеннен шыққан.

Біздің елімізде де сағат кеш­кі 11-ден кейін біреудің біреу ма­за­сын алмауы керек деген ұғым қалыптасқанымен, оны бел­­ден басып, көшеде айғайлап, ысқы­рып-қышқырып жүре бере­тіндер көп. Тіпті, қазіргі құ­рылыс қар­қын­ды дамып жат­қан уақытта түні­мен жөндеу жұмыстарын жүргі­зетін көршілер де табылып қалады. Табыстың көзіне ай­нал­ған жөндеу жұмыстарын жүр­гі­зетін құрылысшылар көр­ші үйде адам­дар тұрып жатыр демей, жұмы­сын тез бітіріп, ақша­сын тез алу үшін түнімен дарыл­да­тып, за­рыл­­да­тып жата­тыны жасырын емес.

Жә, құрылысшыларды былай қоя беріңіз, қоғамдық көлікте жүрудің өзі адам жүйкесін әжеп­тәуір шаршатып жібереді. Кепте­лістің қалың нөпіріне тіреліп қалған көліктер, бір-біріне тұм­сық­­тарын тіреп, бажылдасып тұр­ғаны. Осының бәрі адам жүйке­сіне әжептәуір салмақ түсірері анық. Ал жүйке тозды дегенше барлық ауру қаптап ағзаңызды билеп-төстеп алды дей беріңіз.

Шамадан тыс шуға адам түгілі хайуанаттар мен өсімдіктердің өзі шыдас бермейді. Бөлме гүлдер­і­нің көбі ұрыс-керіс көп болатын үйде өспей, солып қалады. Жанжал көп шығатын үйдің иттері мен мысықтары да мазасыз, ауру­шаң келеді. Тіпті, төрт түлікке бала­ған қой, сиырларыңыздың өзі сүт бермей, суалып кететінін қайтерсіз.

Үнсіздік арқылы адам бо­йындағы ашушаңдықты, пси­хоневрологиялық ауруларды, гипер­тония, бас сақинасы сияқ­ты дерттерді емдеуге болады. Үн­демей тыныш отыру адамның жанын да тыныштандырып, қан тамырларының кеңіп, мидың да қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Әдетте ашуланып отырған адамды оңаша қалдырған жөн. Бұл өз-өзіне келіп алсын, ойын жинақтасын, жаны тыныш­талсын дегенді білдіреді.

Асқазан жарасы, ішек ауру­лары сияқты аурулар осы шу­дан, шектен тыс ашулану­дан туатын көрінеді. Ол үшін уыс-уыс дәрі ішіп керегі жоқ, шу­сыз, тыныш жерде демалып, өзі­ңіз­дің де жаныңызға тыныш­тық сый­ласаңыз болғаны, зат ал­масу да, қан алу да қалып­ты бо­ла­ды. Сондай-ақ, дәрі­гер­лер­дің айтуын­ша, жүрек-қан тамыр­лары, шизо­френия, эпилеп­сия ауру­лары­на шалдыққан адам­дарды да үнсіз­дік­пен, тыныш­тық­пен емдеп жазу­ға болады екен.

Елімізде құлақ, бас ауруларына шалдыққан жастар көбейіп келеді деп дабыл қағады дәрігерлер. Жастар құлақтарын тығындап алып даңғаза музыка тыңдаған­ды ұнатады. Бірақ, оның адам­ды ауруға шалдықтыратынын білмейді. Сондай-ақ, жас жүр­гізушілер көлік жүргізгенде бар даусымен музыка ойна­тып бара жатады. Бұл бір жағы­нан өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің маза­сын алады, жүйкесін тоздыра­ды. Онсыз да қала іші шуға толы. Үлкен қалаларда қарқынды жүріп жатқан құрылыс, көлік қоз­ғалы­сының шуылы, одан қал­ды әрбір үйдің іргесіне жабы­са ор­на­лас­қан дәмханалар мен мей­рам­ханалардан шыққан музыка үні де мазаны кетіреді.

Кейбір мемлекеттерде көлік дыбысын шығармайтын жолдар төселе бастаған. Онысы шудан безудің жолын қарастырудан шыққан. Мәселен, Голландия, Бельгия, Ұлыбританияда көліктер кілем үстінде жүргендей үнсіз жүйткиді.

Олай болса, елімізде тыныш­тық сақтау ережелері қалып­тас­пағандықтан, үнсіздікті өзіңіз­ге өзіңіз жариялаңыз. Аптаның бір күнін «Үнсіздік күні» деп өзіңізді теле­дидар, музыка, ар­тық дыбыстан арылтып, отбасы мүшелерімен жай сөйлеуді дағдыға айналдырсаңыз, апта бойы шар­шағаныңыз шығып, жүйкеңіз де қалыпты жағдайға келер еді.

Сөз соңында айтпағымыз, дені­ңізді сау, жаныңызды жады­раңқы ету өз қолыңызда.

Асылзат АРЫСТАНБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған