Үш есеге құнсызданған теңгенің болашағы қандай?

Бұл сауалға мәжілісмендер алдында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «2016 жылы ішкі валюта нарығындағы ахуал қалыпқа келді. Теңгенің басқа валюталарға қатысты айырбастау бағамының өзгеруі сыртқы ортаның өзгеруіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді, бұл белгіленген бағам кезінде орын алған теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды. Ұлттық валютаның айырбастау бағамының еркін өзгеруі отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауды қамтамасыз етеді және тауарлардың, сол сияқты көрсетілетін қызметтердің импорт алмасуын ынталандырады. Бұл жағдай елдің төлем балансындағы ахуалды біртіндеп реттеуге мүмкіндік береді.

Теңгенің еркін бағамы саясаты елдің алтын валюта резервтерін сақтап қана қоймай, оларды біртіндеп қалпына келтіру процесін бастауға мүмкіндік берді. Ұлттық Банктің алтын валюта резервтері өткен жылдың тамызы соңында 30,7 миллиард доллар болды ( 2,8 миллард долларға өсу байқалды). Ал ұлттық қордың валюталық активтері 64,9 миллиард долларды құрайды. Ел резервтерінің жалпы сомасы 95,5 миллиард долларға жетті. Былтыр елде долларсызданудың белсенді процесі басталды. Өткен жылы теңгемен салынған депозиттер 49 пайызға немесе 2,4 триллион теңгеге өсті, ал шетел валютасымен депозиттері 4,5 пайызға немесе 500 миллиард теңгеге қысқарды. Теңгенің қазіргі еркін өзгеруі жағдайында айырбастау бағамының әлсіреу, сол сияқты нығаю мүмкіндігі бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан біз кәсіпорындарға және халыққа барлық жинақтарын шетел валютасында сақтамауға, оларды әртараптандыруға кеңес береміз.

Бұдан басқа, қазіргі кезде халық үшін теңгемен депозиттер бойынша мөлшерлемелер шетел валютасымен депозиттер бойынша мөлшерлемелерге қарағанда 7 есе тиімдірек. Былтыр кредиттік портфельдің жекелеген секторларда, мәселен, өңдеуші өнеркәсіпте 85,7 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығында 80,0 миллиард теңгеге, құрылыста 31,4 миллиард теңгеге өсуі байқалды. Шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуды ынталандыру және халық үшін баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай қарыздар бойынша меншікті капиталдың жеткіліктілігіне талаптар төмендетілді. Цифрлар бұл шаралардың белгілі бір әсері болғанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2016 жылғы 8 айда шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 728 миллиард теңгеге немесе 35 пайызға ұлғайды. Инфляция және инфляциялық күтулер төмендеген кезде теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлемелер де төмендеуге тиіс, бұл банктердің кредиттік белсенділігін қалпына келтіру үшін ынталандыру болады», — деп жауап беріп, елдің қаржы саласындағы жағдайды қаншалықты жаймашуақтатқанымен, қарапайым халық теңгенің құнсыздануынан әлі күнге естерін жинай алмай отырғаны анық. Ол түсінікті де, өйткені Үкімет теңгені еркін айналымға жібергелі ұлттық валютаның құны үш есеге құлдырады.

Соңғы кездері ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамы 335 теңгеге жеткенін биліктегілер үлкен жетістік ретінде жар салып жария еткенімен, осы жайлы ойларын ортаға салған сарапшылар пікіріне жүгінсек, теңгенің сәл де болса қайта нығаюы Ұлттық банк жүргізіп жатқан дедолларизациямен байланысты сынды. Мәселен, сарапшы Жангелді Шымшықов: «Бұрын теңгені банкке депозитке салғанда оның жылдық өсім мөлшерлемесі 3-5 пайыз болатын еді. Ал қазір 10-14 пайызға дейін үстеме мөлшерлеме беретін банктер бар. Егер дедолларизацияны толық жасайтын болсақ, теңгенің мұнайға қатысы болмайды», — дейді. Кәнігі сарапшылар мен білікті мамандар: «ОПЕК ұйымына мүше елдердің мұндай шектеуді бірауыздан қолдауы екіталай, әсіресе Иран. Себебі қызылбастар елі тәулігіне 4 миллион баррель шығаратын деңгейге көтерілеміз деп әрекет жасап жатыр. Сондықтан ОПЕК-ке мүше басқа елдер Иранды қанша жерден азғырып, үгіттеп баққанымен, әр елдің өз мүддесі өзіне жақын екені белгілі ғой»,— дейді.

Ал Иран ұлттық мұнай компаниясының халықаралық қатынастар бойынша атқарушы директоры Сейед Мохсен Гамсари: «Иран мұнай экспортын тәулігіне 150 мың баррельге дейін арттыруға ниетті. Экспорт көлемінің артуы Иранның күнделікті шетелге жеткізетін мұнай көлемін 2,2 млн. баррельден 2,35 млн. баррельге дейін арттырады. Экспортталатын мұнайдың шамамен 600-650 мың баррелі еуропалық нарыққа түседі. Рас, мұнай экспорттау көлемін 2,5 млн. баррель көрсеткішіне жеткізу — ауыр және кешенді тапсырма. Қазір елдегі нарықта тәулігіне шамамен 1,8 млн. баррель мұнай пайдаланылады», — деп мәлімдеді. Басқа сарапшылар сөзіне сенсек, шектеуге бірінші болып Алжир келісіп отырғанға ұқсайды. Оған себеп — аталған елде кен орындарының қоры түгесілуіне байланысты өндіріс көлемінің төмендеп кетуі. Ал Қазақстан болса, керісінше, былтырғы жылдың қазан айынан бастап Қашаған кен орнын іске қосып, мұнай өңдеуді 75 миллионнан астам баррельге жеткіземіз деп жанығып отыр. Мәселеге осы қырынан келсек, ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін шектеп, әлемдік нарықтағы қара алтын бағасының қымбаттауы біз үшін өте тиімді. Себебі бұл жағдай біздің экономикаға игі әсер етеді. Бюджет қызметкерлері мен зейнеткерлердің есепшоттарына ақша түседі. Бұдан басқа ол ел көлемінде тиімділігі жоғары зауыттар салуға, ел экономикасының деңгейін көтеруге оң ықпал етеді. Оның үстіне біз осыған дейін қаражат тапшылығынан қысқартқан, иә көлемін азайтқан көп әлеуметтік бағдарламаларды қайта жаңғыртып, соңыра оларды іске қосуға мүмкіндік аламыз. Бұл игіліктен ауыл шаруашылығы саласы да тыс қалмай, оның да еңсесін көтерері анық. Себебі мұнай қымбаттай берсе, ең алдымен бюджеттің түсімі өсіп, жұрттың табысы арта түседі. Рас, таяқтың екінші басы бар дегендей, мұның автокөлік, баспана, тұрмыстық техникалардың бағасының көтерілуіне әсер етуі әбден мүмкін. Дейтұрғанмен, нені негізге алатындарын кім білсін, әйтеуір шетел экономистерінің ОПЕК елдерінің мұнай өндіруді шектейтініне сенімі зор сияқты. Олардың осы үміті ақталып та жатыр, қазір қара алтынның бір баррелінің бағасы 56 долларға жетті. Біздің мемлекет «мұнай инесінде» отырған әрі экономикасы қара алтын құнына тікелей тәуелді ел. Үкіметтің алдағы жылдардың бюджетінің есеп-қисабын қайта жүргізіп, бұл мәселені май шаммен қарауы да сол себептен.

Ал Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев болса: «Биыл инфляция деңгейі 6-8 пайыздан аспауы тиіс. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 4 пайызға дейін төмендетеміз. 2017 жылы да валюта бағамы еркін айналымда болады. Бір жыл бұрын қабылданған бұл шешімнің дұрыс екеніне көз жеткіздік. Яғни теңгенің нығаюы мен әлсіреуін нарық өзі реттеп отыр. Бұл үрдіске еліміздегі қаржы ұйымдары мен өзге де ірі компаниялар бой үйретіп қалды. Сондықтан бұдан кейін де қаржы нарығы тұрақты болады деп сенеміз», — деп отыр. Бұл пікірдің дұрысбұрыстығын алдағы уақыт көрсетеді.

Ермек Сахариев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған