ҮКІ НЕГЕ КИЕЛІ САНАЛҒАН?

Топан су тартылып, таулардың төбесі көріне бастапты. Нұх пайғамбар кеме шалдыратын тау іздейді. Сонда асқар таулар:

– Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, – деп таласа бастайды. Сол кезде Тұран даласындағы Қазығұрт тауы сынықтық көрсетіп:
– Бұл дәрежеге лайық емеспін. Ұлық Алла орынбасарын биік тауға тоқтатар, – дейді екен. Алла Қазығұрттың кішіпейілдігіне риза болып:
– Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын, – деп әмір береді. Нұх пайғамбар:
– Қазығұрт тауы қайда? – деп сұрайды. Ұлық Алла сонда «үкі» деген құс жаратып:
– Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, – дейді. Үкі Қазығұртқа жеткенше, кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырады. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтеді. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзіліпті.
Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтайды. Кеме тоқтаған бетте пайғамбар кіші ұлы Жаппасқа «Осы жерге қазық ұр!» деп бұйырады.
Үкіге риза болған Нұх пайғамбар:
– Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! – деп бата берді. Содан үкіге айрықша кие дарыпты. Адамдар оны «тіл-көз тимесін» деп, баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын болыпты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.