Ұйықта, қазақ!

Үнді – басшы, біздің қазақ – күзетші,
Күзетшінің көңілінен сыз өтті.
Қайтсін енді қолдан келер шара жоқ,
Келімсектер кең жүрегін мұз етті.

Ішіп келді, бұйрық берді, басынды,
Соған қазақ күзетшісі ашынды.
Үнді болса ұрып соқты сол үшін,
Оның бəрін өз қазағым жасырды.

Кінəлəйді күзетшіні бəрібір,
Жұрт білетін көпшіліктің əні бұл.
Бір атадан бір анадан тараған,
Қайда қазақ жаныменен қаны бір?

Үнді – басшы, оған күйе жағылмас,
Қазығы да қисық енді қағылмас.
Біздің қазақ жалтақтайды соларға,
Жағымпаз боп жүргендерге жаным қас.

Биік қойдық қонақжайлық, ұятты,
Өз елімде өз таңымыз жиі атты.
“Семіздікті қой көтерер”- деген бар,
Құрметіміз өтіп кеткен сияқты.

Жетпеді ме соған сана, ақылы,
Желмен ұшып кеткендей ме шатыры?
Үндіменен үнді болып кинода,
Жындыменен жынды болдық ақыры.

Үндемейміз мұң кешеміз үндесек,
Біз не дейміз қазақ қазір кім десек?
Жерімізде жүргеніміз не керек,
Елімізде қожайын боп жүрмесек.

Ұй(ы)қта, қазақ, қандырып ал ұйқыңды,
Ұйықтаған қазақ сондай сүйкімді.
Бір Қазағым талаттырып бір итке,
Бір Қазағым шығарады итіңді.

Мыржақып та “оян” деді оятты,
Өзі де аз жеген жоқ-ау таяқты.
Азаттықты алар кезде ояндық,
Ұйықтайтын уақытымыз таяпты.

Табаныңнан əлі талай сыз өтер,
Сəл қисайсақ үнді бізді түзетер.
Ұйықтап ал,қазағым-ау, кеңсеңде
Əлгі қазақ күзетшісі күзетер.

Ұйықта қазақ бір күндері тұрармыз,
Күзетшінің əділдігін ұғармыз.
“Оян” десе керісінше ұйықтап,
“Ұй(ы)қта” десе оянатын шығармыз?!

Торғайлық ақын – Саят Əбенов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған