Ұлттық музейдегі «Жан күйзелісі»

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде мүсінші Алексей Четвериковтың «Жан күйзелісі» атты көрмесі ашылды. Бұл туралы музейдің жұртшылықпен байланыс бөлімі хабарлайды. Экспозицияға мүсіншінің ағаш, металл, мәрмәр, сүйек сынды әртүрлі материалдармен жұмыс жасау барысындағы асқан шеберлігін көрсететін 250-ге жуық туындылар қойылды.

Көрмеге Алексей Четвериковтың қызы және отбасылық достары, Ұлттық музей қызметкерлері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Музейдегі  заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбенова ерекше талант иесі, мүсінші Алексей Четвериковтың туындылары жайында сөз қозғап: «Бүгінгі көрмені тамашалау арқылы біз бұл сәулетшінің көпқырлылығына көз жеткізе аламыз. Көрмеде тұрған кез келген жәдігерден мүсіншінің өзін өнерге арнағанын байқауға болады. Алексей Четвериковтың әр мүсінді барын салып, ықылас қоя жасағаны көрініп-ақ тұр. Менің пайымдауымша бұл көрме тек көрермендерге ғана емес, кәсіби мүсіншілерге де қызық болса керек», – деді.

d4s_5854

Алексей Четвериков (1956-2015) – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Мамандығы бойынша әскери адам. Дегенмен нағыз қалауын өнерден тапқан. Ол айнаға арналған жақтаулар, қобдилар, әртүрлі әшекейлер мен аксессуарлар сынды  алғашқы жұмыстарын ағаштан ойып жасады. Мүсінші 80-жылдардың соңында бөлшектерін мұқият пысықтап алып, күрделі көркемдік композиция жасайтын қоладан құятын, өзі үшін жаңа техника тапты. Көрмеге қойылатын туындылар шынының сынғыштығына, металдың беріктігіне қарамай, автордың әртүрлі материалдармен жұмыс жасай алтынын көрсетеді.

d4s_5989

Алексей Четвериков өнертанушылардың жоғарғы көркемдік бағасын алған үлкен мұра қалдырды. «Жан күйзелісі» көрмесі талантты, дарынды мүсінші  Алексей Четвериковтың тұлға ретінде көп қырлы екенін аңғартады. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш көрме 22 қарашаға дейін созылады деп жоспарланып отыр.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған