Ұлттық музейдегі «Жұлдызды гид»

немесе әртістер музей қызметінен қандай әсер алды?

Ақпан айының 28-і, яғни, қыстың соңғы күнінде ҚР Ұлттық музейінде ерекше жоба өтті. Бұған дейін 2015 жылы өткен «Жұлдызды гид» жобасына Қарақат Әбілдина, Қалқаман Сарин, Құрмаш Маханов, т.б. өнер жұлдыздары қатысса, биыл Қуандық Қыстықбаев, Алтынай Жорабаева, Әділ Ахмет, Индира Расылхан мен Шаһаризат Сейдахмет музейде экскурсия жүргізді. Гидтің қызметін жарты күн атқарған әртістер өз әсерлерімен бөлісіп, төмендегі блиц-сауалдарға жауап берді.

1.Еліміздің және шетелдердің қандай музейлерінде болдыңыз?

2.Музейге қаншалықты жиі барасыз?

3.Музейлерімізге қандай да бір «сый» жасап көрдіңіз бе?

Қуандық Қыстықбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер:

Халық игілігі үшін жасалған, ұлттық құндылықтар дәріптелген жобалардан ешқашан қашқан емеспін. Сондықтан, Ұлттық музей ұсыныс жасаған да бірден келісімімді бердім. Бір жағынан қызық, екінші жағынан дайындық барысында өзім таныстырған «Этнография» залынан ұмытқан дүниелерімді қайта жаңғыртып, ойыма түйіп алдым. Музей – тұнып тұрған тарих болса, театрмен біте қайнасқан тұсы сол тарих. Себебі, әлі күнге ойнап келе жатқан, бұрын ойнаған батырлардың, хандардың, дана бабаларымыздың рөлдерін алып қарасақ, олардың ұстанымдары, дүниетанымы, тіпті, пайдаланған заттары, киген киімдері түгелдей музейде самсап тұр.

img_3090

1.Шығармашылық адамдарына музейлерге барып тұрған дұрыс. Жолымыз түскен кез келген қаланың бірінші театрына, екінші музейіне барамын. Германияның төрт қаласындағы музейлерді араладық, бірақ, атауларын ұмытып қалдым. Мәскеудің үлкен музейіне бардым. Шет мемлекеттерден әзірге аралаған музейлерім солар ғана.

2.Астанада тұрып музейлерге соншалықты жиі барамын деп айта алмаймын. Ұлттық музей ашылмас бұрын Республика даңғылының бойында жұмыс істеді. Онда да оған қызмет бабымен бірнеше рет бардым. Ал, осы «жаңа» музейге шынын айтсам, ашылғалы осымен үшінші рет келіп тұрмын. Ашылғанда бала-шағаммен келсем, екіншісінде Дархан Мыңбай өнер жұлдыздарын арнайы шақырған кезде келдім.

3.Жәдігерлерді, әсіресе, бабаларымыз тұтынған тұрмыстық заттарды көріп, шешемнің кебежесі есіме түсті. Қазір жасы 84-те, кебеже әулетке келін болып түскенде өзімен бірге келген екен. Аға-жеңгеме көздің қарашығындай сақтаңдар деп өтіндім. Оның бір ерекшелігі топсасы ғана темірден де, қалған жерінің бәрі ағаш шегемен бекітілген. Бәлкім, кейін соны музейлерге тапсырып қалармыз. Ал, енді келі, келсап, диірмендімізді ескерткіш дегеннен бұрын ауылдық жерлерде әлі күнге пайдаланып жүргеніміз ақиқат.

Алтынай Жорабаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

     Өз мамандығынан тыс қызметті аз уақыт болса да атқару ешкімге оңай соға қоймаса керек. Басында қатты толқығанымды жасырмаймын. Жалғыз жүрсем мейлі, экскурсия мамандары қадағалап тұрғанда одан бетер толқиды екенсің. Бес рет жүргізіп шықтым, алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Дегенмен, өзін патриот сезінген әрбір азамат тарихын білгені дұрыс деген ой түйдім.

img_3115

1.Расында, өз еліміздің музейлерін аралағаннан артығы жоқ екен. Өйткені, Ресей, Қытай және басқа да мемлекеттердің музейлерінде болсақ та, олардың тарихын түсінгенмен сезіне алмайсыз.

2.Музейлерге жиі келемін деп өтірік айтай-ақ қояйын. Оның үстіне Астанаға көшіп келгеніме бір-ақ жыл болды. Музейін аралағаннан бұрын бар уақытым қалаға үйренісу, балаларды сабағына апарып-әкелумен өтіп жатыр. Бұдан былай музейлерге жиі барамыз деген ойдамын. Әрдайым өнер жұлдыздарын қолдап жүретін Дархан Мыңбай ағамызға осы «Жұлдызды гид» жобасына шақырғаны үшін алғысымды айтамын.

img_3141

3.Өз басым туыстарым, жақындарымнан музейге сый жасаған ешкімді кездестірмедім. Мүмкін алдағы уақытта болатын шығар. Қазір ғана ойыма түсіп отыр, батысқа концерт қоюға барғанымызда «Ембімұнайгаз» ұжымы күмістен жасалған өңіржиек сыйлаған болатын. Келешекте соны музейге тапсыратын шығармын.

Әділ Ахметов, актер:

-Актерлердің негізгі миссиясы – халықпен жұмыс істеу болса, музейдегі гидтің де жұмысы – келушілерге сапалы қызмет көрсетіп, тарихи мұраларды таныстыру, санасына құю. Өзара ұқсастық болғандықтан мен үшін аса қиындық тудырып жатқан жоқ, керісінше, қызық, өзіме қатты ұнады.

img_3104

1.Қазақстанның қай өлкесіне бармайын жанымызға жақын осы музейлерімізге міндетті түрде бас сұғамын. Олардың ішінде Шәуілдірдегі Отырар мешіті, Түркістан, Алматы қалаларындағы музейлерді, Астанадағы Сәкен Сейфуллин және Ұлттық музейді  ерекше атай аламын. Ал, алыс-жақын шетелдерге келер болсақ, Париждегі әйгілі Луврда екі рет болдым, оның екеуінде де толық аралап үлгерген жоқпын. Сонымен бірге, Белоруссияның Ұлы Отан соғысының құрметіне ашылған музейінде, Брест, Мирск қалаларындағы музейлерде болдым.

2.Бұрын музейге жиі баратынбыз. Осы Астанадағы музейлерді түгелдей араладық. Ал, жоғарыда айтып өткенімдей еліміздің басқа қалаларына жолым түссе, театрына және музейіне соқпай кетпеймін.

3.Өз басым сый жасап көрмедім. Бірақ, менің әкем Түркістан қаласының музейіне Жұман қақпаншының қақпандарын өткізген болатын. Ол оңтүстік өңірінде туып-өскен, аты шыққан қақпаншы болған деседі. Әкем Ералы және қайтыс болып кеткен ағасы Тоқмағамбет екеуі Жұман қақпаншының мұраларын музейге тапсырған.

Индира Расылхан, әнші:

Мен үшін «Тәуелсіздік» залын келушілерге, әсіресе, оқушыларға таныстыру өте оңай болды. Өйткені, егемендік алғаннан бергі еліміздің жиырма бес жылдағы өмірі көз алдымызда өтті. Десе де, біз біле бермейтін дүниелердің көптігін байқап, ойға түйіп алуға тырыстым. Мәселен, ғарыш саласы бойынша әртүрлі мәліметтерге қанық болдым десем болады. Тағы айта кететіні, сахнада тұрып әнің арқылы халықпен байланысу бір басқа да, музейде ел тарихын таныстыру арқылы елмен етене араласу мүлдем бөлек екен.

img_3092

1.Қателеспесем, Батыс Қазақстандағы Бөкей Ордасы тарихи кешенінен бастап еліміз бойынша бес-алты музейге бардым, ал, шетелдерден тек Мәскеудің 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысын көз алдыңа әкелетін үлкен музейде болдым. Кәдімгі сұрапыл соғысты көргендей әсер алдым.

2.Өзіміз де ұрпақ тәрбиелеп отырғандықтан балаларымның да ұлт тарихынан мейлінше хабардар болып отырғанын қалаймын. Кітаптан оқығанның әсері өз алдына басқа, музейге келіп жәдігерлерді өз көзімен көріп танысудың жөні бөлек. Кішкентайымнан өзімнің әкем де мені жетектеп музейлерді аралататын. Сондықтан мен де балаларыммен музейге жиі баруға тырысамын.

img_3094

3.Музейлерге сый жасап көрмедім. Бірақ, бұл да бір есте жүретін дүние екен. Себебі, Ұлттық музейдің төменгі қабатында орналасқан «Алтын» залына халқымыздың ардақты ұлы Иманғали Тасмағамбето өз қолынан шыққан немесе жинаған түрлі жәдігерлер коллекциясын сыйға тартыпты. Алла қаласа, келешекте осы ойымды жүзеге асырсам деген алдыма мақсат қойдым.

Шаһаризат Сейжахмет, әнші:

-Көңіл-күй керемет! Гидтің қызметі қатты ұнады. Маған жүктелген міндет – келушілерге «Астана» залын таныстыру болатын. Өзім 2004 жылы қара шаңырақтың қазығын қағамын деп осы елордасына көшіп келдім. Сол уақыттан бері бас қаланың тұрғынымын, балаларымыз Астанада дүниеге келді. Залды таныстыру барысында ешкім кекетіп-мұқатып немесе ортасынан тоқтатып, қисық сұрақтар қойған жоқ. Соған қарағанда қонақтарға қанағаттанарлық деңгейде қызмет жасаған сияқтымын.

img_3110

1.Жеке өзім музей аралауға қатты құмар жан емеспін. Бірақ, барған жерлерімде музей болса уақыт бөліп аралауға тырысамын. Мәселен, Семейдегі Абай атамыздың, Жидебайдағы музейде, Құнанбайдың қыстағында болдым. Өзімнің туған жерім Торғайдағы музейлерде болдым. Ал, шетелдерге жол түскенде музейден гөрі мешітке барғанды аңсап тұрамын.

2.Осы Астананың ерекше сәулетті Ұлттық музейіне жиі келіп тұрамын.

img_3106

3.Тауып алған жәдігер болмаса музейге өткізген ештеңем жоқ. Алайда, туған ауылымда музей ашылып, қазір сонда менің мектепте қолданған күнделіктерім, дәптерлерім сақтаулы тұр екен. Оны өзім арнайы апарып берген емеспін, жақсы оқығандықтан ата-анам тапсырған болуы керек. Әзірге бұл жағынан қосқан үлесім сол (күлді).

img_3147

P.S. ҚР Ұлттық музейінде өткен «Жұлдызды гид» жобасы сәтті өтіп, қонақтармен, әртістермен біз де бірдей қуанып, риза болып тарқастық. Кешқұрым музейдің конференц-залында гид қызметін атқарған өнер жұлдыздарының концерті өтіп, сахнаға көтерілген Дархан Мыңбай әртістерге ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыс етті. «Жұлдызды гидтің» ойдағыдай өтуіне атсалысып, өнер жұлдыздарын экскурсия ісіне дайындаған музей қызметкері Әнел Кемалдің де еңбегі еленіп, алғысқа бөленді.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған