Ұлттық реңктен жұрдай жиын («Үркер» ұлттық сыйлығын тапсыру салтанатынан кейін туған ой)

Оймақтай ой

Елордада баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне жеңіске жеткен журналистердің есімдері анықталды, Олар 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды.

Алғаш рет қаламы қарымды журналистерге арналған ұлттық сыйлықты беру рәсімін  Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазконтент» АҚ ұйымдастырды. Ұлттық сыйлықтың жүлдеқоры – 15 млн теңге. Байқауға 860-қа жуық БАҚ өкілі қатысуға ниет танытқан.

«Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын белгілі ғалым Намазалы Омашев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және ЕҰУ-дің «Журналистика және саясат тану» факультетінің деканы Қайрат Сақ, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, саясаттанушы Расул Жұмалы, «Қазақстан – 2050» жалпы ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясы саяси-талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, белгілі журналист Александр Тараков, «Алматы» телеарнасының басшысы Әлібек Әлденей, белгілі журналист Бейсен Құранбек, «Farmers.kz» порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы анықтады. Нәтижесінде қазылар алқасы ең мықты деген 15 жеңімпаздарды анықтады.

Ел журналистикасы үшін ерен еңбек етіп жүрген ерлердің жүлделері құтты болсын! 

Шүкір делік, соңғы кездері отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне оң көзқарас, дұрыс көңіл бөліне бастады. Соның айғағы — күні кеше дүркіреп өткен «Үркер» ұлттық сыйлығын тапсыру салтанаты. Құптарлық-ақ іс. Баянды бастама. Бірақ… Әттеген-айлар да көп болды. Көзбен көрген, көңілге түйген бір-екеуін айта кетелік. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» демей ме?

Турасын айтсам, ұлттық сыйлық деген сөзге тапсыру рәсімі, салтанаты көлеңкесін түсірді. Ұлттық реңктен жұрдай жиынға куә болдық. Басқосудың басынан-аяғына дейін шағын оркестрдің сүйемелдеуімен миыңды шаршататын, басыңды қатыратын «даңғаза әуен» ойнап тұрды. Ұлттық сыйлықты тапсыратын кезде қазақтың ұлттық-аспаптар оркестрін шақырсақ, қылымыз қисайып қала ма? Даңғұр-дұңғұр музыка адамды, керісінше, шаршатып жібереді.Ұлттық әуен ести алмай арманда кеттік.. Сол салтанатты кештен жұрттың бәрі шаршап шыққаны айдан анық. ЭКСПО-ға келген шетелдік қонақтар қазақтың ұлттық өнері қайда деп ойлауы мүмкін ғой.
Марапаттау рәсімінің арасында мерекелік ән, би-шашулар кезектесіп беріліп отырды. Бірақ домбырамен қазақтың бірде-бір әні шырқалмады. Ол — ол ма, тағы бір басқа ұлттың әншісі қайта-қайта сахнаға шығып, сүйкімсіз сазға қосылып, түсініксіз әндерін шырқады.
Салтанатты кештің басында-ақ үстіне қара көйлек киген қыз-жігіттер бір түсініксіз музыкамен би биледі. Сандарын жалтыратқан қыздар, әйелдің киімін киген қызтеке-жігіттер. Ал, ендеше! Әртүрлі ұлттың өкілдерінен құралған биші қыздар аяқтарын аспанға атып, бұтындағы көкпеңбек іш киімдерін көрсетіп әлек болды. Бұл не сонда?! Батыстың бейәдеп биі мен әніне табыну ма? «Тап-тамаша ән еді, пұшық келіп қор қылды-ау!» дедік те отырдық намысқа булығып…
Ұлттық БАҚ-тың дүбірлі тойын даңғаза шоуға айналдырғаннан не ұттық? Сырттан келген бірді-екілі қонақтар әбден орыстанғанымызды, батыстанғанымызды осыдан-ақ көрген шығар. Ұлттық рухымыз асқақтағанның орнына жынды әуен мен тобырлық мәдениеттің туы желбіреді. БАҚ-тың базары емес, тобырдың тойы болғандай әсер қалды. Ұлттық сана мен ұлттық намысты тобырлық мәдениеттің аяғына жығып бердік. «Көш жүре түзеледі» деп, кей-кейде өзімізді өзіміз жұбатып қоямыз. Бірақ… Тәуелсіздігіміздің 26-шы жылына аяқ бастық қой. Түзелетін уақытымыз баяғыда болған. Айтпақшы, жиынды ашып, құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты кешке қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министріміз Дәурен Абаев: «Журналистер — ой еңбегімен айналысатын ойлы жандар», — деген жақсы сөз айтты. Алайда… Кешті ұйымдастырушылар («Қазконтент» АҚ) ұлттық сыйлықты тапсыру рәсімін жат елдің, жат ұлттың музыкасымен айшықтап, бүлдіргенін біле ме екен? Әй, қайдам!

Айналайын бауарларым-ау, Елбасымыз «Рухани жаңғырыңдар!» деп неге айтқанын қалайша түсінбейсіңдер? Төл министрлігіміз біршама жақсы жұмыстар жасап жатыр. Бұл аталмыш жұмыс та көңілге қонатын зор шара. Бірақ шараның аты мен затына сәйкес ұйымдастыру жұмыстары, жоғарыда айтқанымыздай, дұрыс жүрмегені бізді, жиналған жұртты қатты қынжылтты.  «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей, аналық ниетпен айтқан ескертпеміз болашақта сабақ болса, қанекей!

Сәуле Мешітбайқызы

 ҚР еңбек сіңірген қайраткері

14 thoughts on “Ұлттық реңктен жұрдай жиын («Үркер» ұлттық сыйлығын тапсыру салтанатынан кейін туған ой)

  • 30.06.2017 at 15:30
    Permalink

    Осындай шараны ұйымдасиырып отырған адамдар өздерін қа елде өмір сүріп жатырмыз деп ойлайды екен ә?! Осындай дүбірлі шаралардың арасында ұлттық музыка өнеріміздің де құдыретін әйгілеп қоса алып жүрсе несі кетеді? Дәстүрлі әншілерді де шығарса болады ғой. Тіпті олар сол үшін ақы да дәметпес еді. Кіл қазақтар жүреді де өздерінше еуропаша, пәленше-түгенше музыкаларымен астастырған кештер өткізеді… Қысқасы екібеткей, қорқақ тексіздер көбейгкн заман…

    Reply
  • 30.06.2017 at 15:36
    Permalink

    Бір жерін дұрыстаса бір жері қисайып жататын болды ғой біздің тірліктің. Қазақтың ұлттық өнерін көздеріне ілгісі келмегендер, қазақтың мемлекетінің қазынасынан ақша алмай-ақ қойсын. Тіпті ондайлардың қылған қызметінің де әкесінің аузын ұрдым…. Қазіргі қазақтың билікте жүрген немесе басқада жауапты қызметте жүрміз леген жініттерінің барлығы қорқақ жалтақ көттер

    Reply
  • 01.07.2017 at 09:26
    Permalink

    “Ұлттық” деген атау алдың ба, сол ұлтыңның нақыштары көрінетін іс көрсетуің керек. Рас, Сәуле апай, сіздің-біздің қорқатынымыз да – ұрпақтың осындай бейәдеп санамен уланып бара жатқаны… Біздің қоғам РУХАНИ ЖАҢҒЫРАЙЫН десе сол қағиданы неге берік ұстанбайды екен! Байқауды ұйымдастырдың ба, оның терең мәнісіне үңіліп, апыр-ай бұшл жоба “ұлттық” деген қасиетті ұғымды көретіп алып тұр ма деп бір сәт ойлануы керек еді. Жоқ! Қалайда батысқа табыну, соның шанағы жоқ есір әуендерін құлағымызға зорлап тықпалау керек. Әгәрәки бұлай кете берсек, рухани жаңғыруымыз екіталай.

    Reply
  • 01.07.2017 at 12:22
    Permalink

    Курманбуби Балтабекова Тарихымыз неткен қатал, неткен қорқынышты! Бəріне көнген Ата Бабаларымыз – ай! Біз, ұрпақтарың – сіздер үшін не істей аламыз! Иə, Жерімізді, Ұлттық бірлігімізді сақтауымыз керек!

    Reply
  • 01.07.2017 at 12:39
    Permalink

    Қарақат Сағатбекқызы Саурықтегі Дұрыс ескерту.Мұны ескеретін ұлттық өнерге жан ашитын пенде болса?((((

    Reply
  • 02.07.2017 at 20:21
    Permalink

    Үркерге менде бардым. Бүкіл жастық өмірім осы ақпарат саласында өткізген зейнеткермін. Сəуле Мешітбайқызымен мүмкін замандас та шығармын. Оның газетте, сайтта жазғандарымен таныспым риза боламын, өзіндің көзқарасы бар, əділеттілікті айтады, қоғамда болып жатқан өзгерістерге немқұрайды қарамайдытн адам деп ойлаймын. Алла разы болсын! Үркерге барып жүрегім жылап шаршап қайттым. Қуаныш Сұлтанов, С.Абдрахманов бастаған топ бас изеп жақсы керемет деп тарасқан шығар… Біздің жанымызға батқаны одарға əсер еттіме екен? Не болып барамыз, уақтанып кеттік- ау… Әлеуметтік желілерде тек қана марапаттың әділ немесе әділетсіздік жағы аздап талқыға түскен сияқты. Тағы бір жерде тек жүлделі орын алмағандар өкпесін пендешілігін жазыпты. Ал Үркерден түсінген жанның үркіп жылап кеткенін, атына заты сай өтпегенін жазған адам осы Сәуле Мешітбайқызы болса керек.

    Reply
  • 02.07.2017 at 20:52
    Permalink

    Сәуле апайымыздың бұл жазбасымен толықтай келісемін. Деседе жаным ашып, алаңдаушылық танытқым келеді. қазір сын көтеретін, оны дұрыс қабылдайтын ұлықтар қалған жоқ, қара басыңызға қатерсіз болса да жұмысыңызға кесірі тиіп жүрмесе игі еді деймін де…
    Жылдың басында Нұрмедияда министр Дәурен Абаевтың есеп беруінде болған едім. Бүкіл ығаймен сығай жиналған ортада жас министріміз такаппарлық танытқандай сезілді маған. Бір байқағаным министр сын көтермейтін адам секілді сезілді… Шалқар радиосынан зейнетке шыққан танымал журналист ағамыз аздап пікір айтқысы келіп еді, Абаев мырза жерге тықты, қазық етіп қақты яғни. Зал толы жүздеген адамның ішінен жақ кірісін ашқан пенде болмады сол кезде. Тек қана Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ғана «бүгін Мұқағалидың туған күні еді» дей келім ақынның өлеңдерінен оқып, сылап-сипап келіп, кітабын ұсынып, біраз пікірлер айтқан болды. Соған да тәуба дедік. Жайшылықта көңкілдеп шыға келетін көпшілік демдерін іштеріне тартып сол беті үнсіз қалды.
    Сондықтан апатай басыңызды ұжымыңызды ұлттық намыс үшін бəйгіге тіккенізге риза болып отырмын. Алла жар болсын, күш қуат берсін сізге! Сіз айтпасаңыз кім айтады? халық қалаулылары биліктегілер күні үшін бас изеп мақтап жүретін заман болды…

    Reply
  • 02.07.2017 at 20:53
    Permalink

    Осындайда Орағамыздың “Атау кере” сіндегі “неге біз осы”?- дейтін ауыр-ауыр ойға жетелейтін сөзі еске түседі…

    Reply
  • 02.07.2017 at 20:58
    Permalink

    Қазақтың баспасөзі құрдымға кетіп бара жатыр. Бұл си-сияпаи жасауыңызды қоя тұрғанда қазіргі қабылданған заңның баптары да көңілді көншітпейді. Өздерінше баспасөздің абыройын көтеріп, журналистердің қоғамдық орнын жоғарылатқандай болғанымен де кері айналған дүние болайын деп тұр. Қысқасы жаңа заң кәсіби журналистердің көңілінен шыққан жоқ. Ал мұндай марапатқа тәуелсіз журналистерді, еркін пікір айтқысы келетін БАҚ-тарды қатыстырмайды. Сондықтан билікті тек қана мақтап жүретін баспасөзге қатысуға мүмкіндік беріп қойған. Қысқасы сын көтеретін адам жоқ…

    Reply
  • 02.07.2017 at 21:00
    Permalink

    Үркерге ілінбей қалғандар өздерінің ренішті көңіл-күйлерін де білдірмей жатыр ғой…

    Reply
  • 02.07.2017 at 23:43
    Permalink

    Бұл жиналысты әлеуметтік желіден білдік. Пікір білдірген біраз адамдар қазылар алқасының құрамы және олардың шешімі, қатысқан БАқ- тар (өте-мөте сайттар туралы) азды-көпті айтып жатты. Енді мына мақаланы оқып отырып, тағы да басқа ойларға кетіп барамын. Апайымыз жиналыстың кемшіліктерін өте жақсы байқаған екен, әрі орынды уәждерімен айтып отыр. Енді осыны қаперіне алатын министрлік болса қанеки?
    Сәуле Мешітбайқызының елдікке, ұлт өміріне қатысты жазбаларын үнемі оқып жүремін. Бұл жолы да рухани әлемімізге қатысты тамаша ойларын ортаға салыпты. Авторға АЛЛА разы болсын!!! Ер азаматтар үнсіз қалып жатқанда, атағы Алатаудай, қазақтың сөзін ұстаған марқасқалар айтпаған сөзді айтып, кетірген кемшілікті көрсетіп отыр. Алғыстан өзге айтарымыз жоқ! Сізге шығармашылық табыстар тілеймін!!!

    Reply
  • 02.07.2017 at 23:49
    Permalink

    Сәуле апайдың әр мақаласын асыға күтіп отыратын оқырманының бірімін. Өткір, батыл, ұлттық тұрғыда жазады. Мақаланы өзім жазғандай қанаттанып, құшырланып отырамын. Бұл кісінің қайсарлығы, тереңдігі жарқырап көрініп тұрады. Баяғы батыр мінезді, дана, ақылды қазақтың қыздары көрініс береді. Мына “Үркер” сыйлығына байланысты мақаласы да көкейімізден шықты. “Қазақстандық ұлт” идеясымен уланғандар есіме сап ете түсті. Өзгенің қаңсығына құмарлар ғана өзінің ұлттық өнерін осылай тәрк етеді. Біздің өнерімізге, әнімізге, күйімізге әлем ғашық. Елбасымыздың “Рухани жаңғырыңдар!” деген сөзі, мақаласы, идеясы қайда қалды? Мен ойлаймын, ол тамаша идеяны алдымен мемлекеттік қызметкерлер, шенеуніктер іс жүзіне асыру керек. Әлде елбасымыздың сөзін, ісін мойындамай ма олар. Мен осыған түсінбедім. Сәуле апай, сізге көп рақмет! Батылдығыңызға, батырлығыңызға тәнтіміз!

    Reply
  • 08.07.2017 at 15:14
    Permalink

    Осындай шараны ұйымдастырып отырған адамдар өздерін қай елде өмір сүріп жатырмыз деп ойлайды екен,а ?
    Ерлан Жансарының осындай жанайқайына бейтарап қарасақ , шынайы достай “жылатып” айтпасақ, сын қалай түзелмек , бауырлар-ау ?!
    Елбасымыз айтудай-ақ айтып жатыр, жүрер жолымызды “соқырға таяқ ұстатқандай” көрсетудей көрсетіп жатыр .. Сонда осындай ел назарын аударатын, саяси астарлы шараларды осындай бей-жай ,бейқамдықпен, “ауыл қайда су қайдамен” өткізер болсақ, ел ішіндегі халықтың қалың ортасындағы іс-шаралардың не болып жатқаны айтпаса да түсінікті !!! Айналайындар-ау ! Ұлттық деген ұғымды түсінуден қалған “мамансымақтарды” ондай шаралардың маңына жолатпауға болады ма екен ?!!!!!

    Reply
  • 08.07.2017 at 15:27
    Permalink

    жалғастырмасам болмас : Кеңес үкіметінің көзін көріп, осындай шараларды қолымен атқарғандар ортамызда баршылық ! Осы мәселені көтеріп отырған апамыз да сондай іс-шараларды бел шешіп, жетесіне жеткізе атқарған кісілерден болу керек, әйтпесе осылай шырылдап ,орын алған “әттеген-айға” көзін жұмып кете барар еді. Апамызға рахмет !
    “Мен айтпасам, ол айтпаса” деген принциппен қашанда ақиқаттың туын көтеріп жүретін, сын айтып қана қоймай , өз ұсыныстарымен жол көрсетіп жүретін кісілердің қатары шамалы екендігі де жаныңды ауыртады. Жұмыла кіріссек, “аттанға айғай ” қоспай, ешкімді күстаналамай осылайша көргеніміздің жанынан үндемей өтпей, ат салысып, жетесіне жеткізе үн қосып отырсақ , Елбасымыз көрсетіп отырған ақиқаттың жолымен жүрер болсақ әлі-ақ теңеліп кетеріміз хақ !
    Осындай іс-шараларды өткізу барысында алдын ала жоспарлы түрде барлық іс-әрекеттерді “майда-шүйдесіне ” дейін сүзгіден өткізіп, шараны өткізіп болған соң арнайы жиналып орын алған кемшіліктер мен жетістіктерді сараптап отыруды басты мақсатқа айналдыру жақсы нәтижелерге жеткізеді ! Атқаруға бақылау болмайынша шалажансарлықтан арылмаймыз !!!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған