Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл!

Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді, — дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал, қазақта бұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі,» — деген Мағжаннан асырып айтпаспыз… Біз осы толғақты мәселені бүгіннің көзімен һәм сөзімен жіліктегенді жөн көрдік.Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы қоғамның алғашқы сатысы, баланың тұңғыш түсер топтық ортасы – білім ордасы. Ал бүгін білім ордасының бесігін тербеткендер кімдер? Олардың халі нешік? Баламыз оқитын мектепке көңіл тола ма? Бұл сұрақ зиялы атанып жүрген біраз ағамыздың жүрегін сыздатары анық.

Ұстаз деген ұлы ұғымды сан-саққа жүгіртіп ақпаратты ақтарып отырсаң, аптасына кемінде бір мәселе көтеріліп келеді. Мұның өзі ұстаз орнының маңызын дәлелдейді. Ұстаздың шын бағасын, күнделікті қыры мен сырын сол қазанда бірге қайнап жүрген біз бір адамдай білеміз дей алам. Сондықтан ой бөлісуді міндет санадық. Ал ұстаздардан шымбайларыңызға тисе де шыдауды сұраймын.

Бүгінгі мектеп және мұғалім

Бүгінгі ұстаз кімдер? Олар ұлт зиялысы міндетін атқара ала ма? Өзгелер зиялы деп қарай ма? Мектеп ше?

Білімсіз халықты басқару және айтқанға көндіруді ең оңай жұмыс санаған өзгелердің отарлық саясаты келгелі білім ордасы да азды, анығырақ айтқанда, аздырды. Ұстаздың ұлағаты азайды. Ұрпақтың ұяты әлсіреді.

«Ұстаз» деген аттан «мұғалім» деген есімге қарай сырғыған тәрбие мен тәлім иесі тәрбиені бере алмастай күйге түсті. Қоғамның тұлғасы болу емес, қара басының қамынан аспайтын дәрежеге жетті.

Ұстазының алдын кесіп өтпейтін кешегі қазақ қоғамынан ұстазын адам қатарына санамайтын санасыз күйге жеттік. Ұстаздың мәртебесі мен мәні кетті.

Бұл іске кінәлілердің алғашқысы, айтуға оңай жүйе, келесісі – қоғам, соңғысы – ұстаздардың өзі. Себебін ізделік.

Жүйе дегеніміз:

– Ұстаз мамандығын ұлықтай алмаған, басты назарға ала алмаған, қоғамдағы мәртебесін анықтап бере алмаған білім саласының біліксіздігі.

Қоғам дегеніміз:

– Өзі болған бала әкесін танымайды дегендей толып білімін жинағандар, қоғамның әр саласындағы ат тізгінін ұстаған игі жақсылар ұстаз туралы ұмытты. Өскен мектебі туралы ойлануды азайтты. Ұлт зиялылары мектеп өмірінен алыстады. Ұстазды көзге ілмейтін күйге жеттік, мектепте таяққа жықса да елемейтін болдық. Қосылып жамандайтын болдық. (сол жандарды мектепке әкеліп бір апта мұғалім етсе ғой, басынан кешсе қадірін білер ме еді?!)

Ұстаздардың өзі дегеніміз:

– Қадірі қашқан мамандыққа біліктілер бармайтын болды. Қарынның қамын ойлағандар ақшаны кім жақсы төлесе, кім жұмсақ орындық сыйласа, соған қарай жүгірді де, ұстаздар дегеннің көпшілігі біліксіз, білімсіз күйге жетті. Өзі оңала алмай жүрген мамандықтың одан әрмен құты қашты.

Сонымен, бүгінгі қоғамның ұстаздары (бәрі емес, әрине, көпшілігі, өкінішке орай, ащы да болса, шындық) мамандық иелерінің ең төменгі сатысы болып, ең нашарлар, сырттай білім алғандар, әйтпесе сатып алғандар мен танысы барлар ұстаз атанып, ұлт болашағын ұсақтатып барады.

Қат-қабат қағаздардан бас алмайтын бүгінгі оқыту жүйесінің шындығы мынаған келіп тіреледі:

– Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз; ең үздік сабақ беруші, ол –сабақты қағазда даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп қағазға түсіруші. Баланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы!!!

Әрине, ойланатын жағдай…

Ұстаздың беделі – қоғамның беделі

«Ұстаздан бедел кетсе, шәкірттері оның сақалымен ойнайды», – дейтін сөз бар еді біздің жұртта. Бүгін шәкірт ұстаздың сақалына, ата-ана шаужайына жабысатын күнге жеттік. Ұрпақ тәрбиесіне баланы 18 сағат тәрбиелейтін ата-ананы емес, 8 сағат білім беретін ұстаздарды жауапты етіп, онсыз да әр үйдің еркесімен алысқан ұстаздарды ұстараның жүзіне ұстап бердік.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», дейтін Ы.Алтынсаринның ұлағатты сөзі ұмытылды. Жақсы мұғалім бе, жаман мұғалім бе бәрібір, жерден алып, жерге салатынды шығардық.

Бүгінде ұстаздыққа кім барады? Ұстаздықтан басқа мамандыққа балы жетпеген, өзіне мемлекеттік грант керек болған жастар түседі. Өзі беске оқымаған адам біреуді беске оқытпайды, өз кәсібін сүймеген адам нәтижесін көрмейді. Осы көзқараспен қараймын да, кешегі Алашорданың ардақтыларының ел тізгінінде жүрсе де, білім саласына баса мән беріп, өздері араласқанына қарап сүйсінемін, бірақ бүгінге қарасаң, әттеңнен басқа айтарым жоқ.

Бізде ұстаздың ұсқынын қашыратын бір үрдіс бар, ол – түрлі қоғамдық науқандарға мұғалімдерді жегіп қою. Қоғам осы ретте жабыла мұғалімдерді сабайды, бірақ олар қайтсін, айлығы шайлығына жетпей жүрген қауым үйіндегі бала – шағасы үшін де айдағанға жүріп, айтқанға көнері анық.

Екінші сын – ақпаратта. Себепсіз сенсация іздеген интернет қауымы бүгін бір ұстаздың кемшілігін көре қалса, жарыса жарнамалайтынды шығарды. Қызды-қыздымен кеткен қауым барша ұстаздарды бір шыбықпен айдайды да, онсыз да қаусап тұрған ұстаз беделін құрдымға жіберді. Елде неше жүз мың ұстаз бар, сол ұстаздардың ішінде әлемдік деңгейді бағындырып жүрген шәкірт тәрбиелеген ұстаздар қаншама? Біз неге жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыта алмаймыз? Шәкірті әлемдік додада, тіпті, ел ішіндегі кішігірім жарыста топ жарған спорт бапкерлерінің кенеліп жатқан марапатын көргенде қызыға қарайсың. Неге әлемдік деңгейде үздік шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға әлеуметтік, яки ақпараттық қолдау жоқ. Бүгінде әлемді аузына қаратқан ақпарат үздік ұстаздарды жарқырата білсе, талай жас маман талпына білер еді, сонымен бірге талай жас өркен қызыға қарай білетін еді, армандайтын еді.

Эфирін ессіз эстрадамен толтырған телеарналардың қауымы әлемді білімімен бағындырған ұландары мен елдің ғылым саласына, білім саласына еңбегін аямаған жанкешті ұстаздары туралы насихатын аямаса, өсіп келе жатқан ұрпақ ұстазға, ұстаздық мамандыққа жиіркенішті көзбен қарамас еді. Әттең, оларға да рейтинг керек, қайтсін енді…

Үшінші сын, сын көтере алмайтын бір жұрт бар бізде, бұл сын соларға. Ол – еркетотай бала тәрбиелеп, «жаман болса да, аман болсыншы» деген мақалды ұстанатын, баласына білім емес, жалған баға үшін күреске түсіп, мұғалімнің жағасына жармасқыш, ата-ана деген алпауыт қауымға бағытталады. Үлкеніміздің есімізде: «мұғалім келе жатыр» десе, тығылатын ұрпақ едік, ал қазір ше? Қазір бәрі керісінше. Ұстаздардың алдында: «Сіздің өйтуге, бүйтуге құқыңыз жоқ, – деп тұратын, тәрбие берушіні тәрбиеге салғысы келетін оқушы мен баласын қайрап салып жіберетін есерсоқ қауым бар.

Иә, шынымен де, бүгінге ұстазда құқық жоқ. Қызыл кітапқа енген және енбей қалған біраз жануарларды да қорғау заңы бар. Баланың құқын қорғайтын заң да, ұйым да бар. Бірақ, ұстаздың құқы тапталмақ түгілі, өзі тапталып қалса да, оны жоқтап алар бір заң жоқ. Ең болмағанда, білім туралы заңда жазылған бірер тармақ болса, ол да ұстазды міндеттеген тармақтардың желісі.

Айналайын, ата-ана! Өзіңіз ұстаздың алдынан қалай жетіліп едіңіз, еске алсаңызшы. Абай атам: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демеп пе еді? Ал сіздердің ұстамдарыңызды бүлдірген не?

Баяғы қауым баласын тәрбиеге берерде «Сүйегі менікі, еті сенікі» деп жататын еді, қазір еті мен беті түгіл, қаттырақ дауыс көтерсең, жағасына жабысар бәлеқор қауым қайдан шықты? Әр ұстаз алдындағы шәкіртін жаман болсын демесі анық, онда сол бала жақсы болсын десек, ұстаздың жағасына жармаспаған жақсы еді.

Ақырғы сын, сын түзелмей, мін түзелмес, ақырғы сын ұстаздардың өзіне. Иә, мін жоқ емес, көп те, бірақ ол мін қайдан пайда болды? Білімсіз ұстаз, тәлімсіз тәрбиеші қайдан шықты? Баланың біліміне күйінбейтін, тәрбиесіне пысқыра да қарамайтын селқос ұстаздар қауымы қайдан шықты? Әрине, жоғарыдағы үш дерттен соң, бұл саланың кейіпкерлерінің де тегеуріні қайтып, салысы суға кетсе, ары қарай не күтуге болады? Керексіз қағаз үшін, жазықсыз жазалайтын билігі бар, жамандығын асыра сілтеп, жақсылығына келгенде, үнсіз қалар ақпараттық қауымы бар, жалған баға қойсаң жарылқап, шын бағасын қойсаң шымбайыңа батыра тілдейтін ата-анасы бар бүгінде ұстаздар қауымы немқұрайлыққа ауысып бара жатқаны ащы болса да шындық. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз, бәледен машайық қашыпты» дейтін тұрақты сөз тіркестері бүгін мектепке келіп тұрақтады. «Айналайын, оқымасаң қой, аман болшы, үй жұмысын орындамасаң да, үйіңе аман кетші, тыңдамасаң қой үндемей отыршы» деген сөздерді ашығын айтпаса да, шет жағалатып айтатын мамандар қалыптасты бүгінде. Себеп көп, салдары ауыр.

Қағазы түгел, сыныбы «тәртіпті» ұстаз үздікке баланған күнде, әрине, талапшыл ұстазда қадір болмасы анық.

Ұстазға тағылған айыптардың анығы мен қанығы

Бүгін ұстаздарды әркім сынап-мінейтін болды, сынаған сайын сыны қашты, өзім ұстаз болғандықтан да, бүгінгі біздерге тағылған айыптардың анығы мен қанығын анықтап бергім келді. Турасын айтайық. Өйткені, бұл іс – ұлттың болашағы.

Басты айып мұғалімдердің білімі нашар. Бұл айыптың келісетін жағы да, келіспейтін жағы да бар.

Келісетініміз, кезіндегі арманымен ұстаз болған, мол білімімен келген қауым бұл күні зейнетке кетті немесе бүгін, ертең деп отыр. Ал нарық заманына келіп, тұрмыс тауқыметін қуғалы үздіктеріміз ұстаз болудан үзілді-кесілді бас тартып, орташалар мен одан кейінгілер (оның өзінде өзге жұмыстың тізгіні бұйырмағандар) ұстаздыққа келді. Өйткені, нарық заңдылығы бойынша ақшасыз жерге ақымақтар ғана барады.

Үйдің отағасының басты міндеті отбасын асырау болғандықтан, ер азаматтардың ақша табуы басты мақсатына айналып, мектептердегі ер мұғалімдердің саны 10%–ға жетпейтін күйге жеттік те, тәрбиемен тек әйелдер айналысты. Бұдан барып қыз мінезді, нәзік ер балалар көбеюде.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз: «Адам да гүл сияқты, жақсы күтіп-баптап тәрбиелемесе, қурап қалады,» – деген екен. Иә, шындық. Әр адам күнделікті ізденіп тұруы шарт. Оның ішінде ұстаздар ең ізденімпаз болуы керек. Ал отбасының тірлігімен, қат-қабат қағаздан аса алмайтын нәзік жанды ұстаздарымыз бен аз санды ұстаз атанған ер-азаматтарымыздың іздену түгілі білмегенін іздеуге де мұршасы келмейтін күйге келді.

Олай болса, білімді ұрпақ келмейтін, келсе де жалғасты іздене алмайтын бұл мамандық иелері нашарламай кім нашарласын?! Осындайда қат-қабат қиыншылықты жеңіп, үздік шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаздарға басыңды иіп, ілтипат көрсетпеске шараң жоқ. Тек жатсаң, тұрсаң сол аз ғана білімділер мектептен алыстамаса екен деп тілейсің.

Келесі айып – тек ақша жинағанды біледі, әрі қосымшаға ақы талап етеді.

Бұны да екі жақты қарастырған абзал.

Бір жағы, айлығы шайлығынан аспайтындар, әр тапсырманы орындауға қалтасынан ақша шығара бергенге қайдан дәрмені жетсін?! Онсыз да аз ғана айлық. Әрі нарық қоғамында сағаты санаулы жандар тіршілік үшін қосымша мұғалімдік жұмыс (репетитор) істеуі де заңды. Оның үстіне, сапасы нашарлаған, білім жүйесінде талабы ауырлаған қоғамда мектептегі міндетті білім ізденушінің қажетін қанағаттандыра алмасы хақ. Сондықтан білігі жеткен мұғалімдер қосымша бұл саланы табыс көзі етері заңдылық та.

Екінші жағы: онсыз да жүгі ауыр ұстаздар жүгін ауырлатып, жалақысын көбейту үшін көптеп сағат алады және қосымша сабақ береді. Бұл сабақтың өнімін нашарлатады. Бірақ, амал не? Жалақы құрғыр жетпейді, ақша көптік етпейді…

Үшінші айып – мұғалімдер көнбіс. Әрине, ұстаздарға тиер бұл тоқпақтың да екі ұшы бар.

Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң, саған ақыл не керек, — дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Сол айтпақшы, нәпақасы жалғыз айлығына байланған, сол жұмысқа әрең кіріп отбасын асырап отырған жұмысына тәуелді жанның бүгінде басшы мен қосшыға көне қоймауы екіталай….

Саяси сауатты ұстаздар қосыны қалыптассын десек, әрине, білімді қауымға деген ашық сұраныс қалыптасқаны керек, басқасы бос сөз…

Төртінші айып – ұсақ -түйек өсек деңгейінде.

Негізі ұстаз деген ұлы тұлғаны бұл деңгейге түсіру қасірет болса керек. Өйткені, балаңыз сіз жамандап отырған адамның сөзін ешқашан тыңдамайды, оны сыйламайды. Сол деңгейде тәрбиесіз, тәлімсіз ұрпақ ер жетеді.

Ұстазын ойламаған ұлттың болашағы бұлыңғыр

Осы күні «ұстаз» деген ұғым кімді ойлантады? Ұстаздыққа кімдер барады деген сұраққа жүгінейікші. Осы жерде мектепте болған мына бір оқиғаны кірістіргім келеді.

Бірде бір апай өзіне көп көмектескен бір оқушыға:

– Балам, мұғалім бол! – деген еді. Әлгі оқушы шошынғандай:

– Апай, қарғамаңызшы, – дейді. Сонда біз «ұстаз бол!» деген ұлағатты сөзді қарғыс деңгейіне түсірдік. Осыдан барып, ұстаздық құн әлсіреді. Бүгін кімдер ұстаздық мамандыққа түседі?

Бірінші: Байқамай, ақыл беретін адам болмай, ұстаздық мамандыққа түсіп кеткендер, бұлар біршама жақсы оқығандар, бірақ өз ақылы толғанда, дипломы бойынша мамандығын жалғастырмайды көпшілігі.

Екінші: Басқа мамандыққа ҰБТ-да алған ұпайы жетпей, ұстаздықты амалсыз 3-ші не 4-ші мамандыққа таңдағандар (ең төмен балмен түсуге болатын мамандық болғандықтан). Ал енді күтіңіз өзі үшке немесе екіге оқығандар балаңызды беске оқытады деп. Бұл – ертегі.

Үшінші: Тек диплом үшін оқитындар. Бір жақсы жері мұндайлар мектепке мұғалім болып бармайды.

Бұған дәлел, бірде жақын досым ауылдағы өзі оқыған мектептің жайын айтты. Оның айтуынша, 400-ден астам бала оқитын ауылдық мектепте зейнет жасына жеткен екі мұғалім, облыстағы колледждің күндізгі бөлімінде оқыған екі мұғалім, мемлекеттік университеттің күндізгі бөлімін тәмамдаған үш мұғалім бар екен. Қалған елуге жуық мұғалім сырттай оқығандар, сатып алғандар немесе мүлде басқа мамандық оқығандар. Естіп отырып, 400 баланың тағдыры үшін жылағым келді. Бірақ мұндай ауылдар қаншама? Астаналықтардың жайы өзімізге түсінікті болғанда.

Әр бала ұстаздан тәлім алады, ал баласының болашағы ойлантбас ата-ана болса да, ұстаз туралы ойланбайтын қоғам болмауы керек.

Ұстазға баға — ұрпаққа баға

Суда жүзген кеменің ізі қалмайды,

Қалса да лездік толқындар легі жалмайды,

Басылса егер тарих бетіне ізгі ізің,

Дауыл, толқын мәңгі өшіре алмайды,

Ізсіз қалу адамзат үшін жан қайғы, – деп жырлаған қазақтай ұлы халықтың ұрпағын тәрбиелеп, артына сансыз шәкірт, мол дарын иелерін ерткен ұстаздардың жолы – ұлы жол еді, әрине.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – демей ме атам қазақ. Әркім жеке бастың қамымен кеткен бұл күнде бас шаруасын бала тәрбиесіне алмастырған ұстаз қауымын ұлықтау, сыйлау – әрбір өсер ұрпаққа бұлтартпас борыш болса керек.

Қат-қабат тірлігін қайырып қойып, үйінде де, жұмысында да бала тәрбиелеген қайтпас қажырлы ана, дарынды ұстаздың жолы еді біз түскен бұл шиыр. Бұл жол – әр адамға өнеге жол, қайтпас қажыр сыйлайтын, бағыт бағдар беретін жол еді.

Ұлы Ыбырай, Шоқан, Абайлар бастап, «ұлтты түзеу – ұрпақты түзеуден, ұрпақты түзеу – ұстазды түзеуден басталады.» – деп ұлағатын сыйлаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан қалған ұлы жолды басып өткен ұстаздар ерлігі өз алдына бір төбе еді.

Ұстаздардың басқалар назар аудара бермейтін қасиеттері де мол. Бұл қасиеттер әр азаматқа бағыт болса деген ізгі тілек бізден.

Айталық, қайтпас ерлігі, отбасының түгемес тауқыметін, мектептің шаруасымен қатар алып жүріп, қатар тербету – екінің бірінің қолынан келмес ерлік. Бұл – ұстаз арманы болу керек! Өзгенің баласы деп жүріп, өз баласын ұмытқан ұстаздарымыз қаншама!

Ұстазды сыйлай білейік, ұлықтай білейік. Ал, ұлықтауға болмайтын ұстаз – ұстаз болмағаны абзал!

Ұрпақ түзелсін десек…

«Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс»,- деген екен өткен ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Ақиқаты сол. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демейтін бе еді біздің шешен жұрт. Иә, ел ұстазын ардақтай алмаса, бұл елде түзу ұстаным болмақ та емес қой.

Арыға кетпесек те, біраз ақиқаты осы, мені тыңдамаса да, елбасын тыңдайды ғой, бүгінгі қолында тізгіні бар қауым. Сіздерде естіген шығарсыздар. «Зияткер ұрпақ – елдің ертеңі, дарынды ұрпақтарды жетілдіру  мен тәрбиелеуге баса мән беру – бүгінгі білім саласының басты міндеті», – деген еді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Иә, осы ұрпақты жұртпен теңестіреміз десек, Мұхтар Әуезовтің: «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе – білім» – деп кеткен ақиқатын санамызға алғанмыз дұрыс еді. Ссол білімге тартар тұлғаны қара басының қамын күйттер деңгейге түсірмесек игі еді.

Ұстаз беделі көтерілмей, ұлт беделі көтерілмейтіні баршамызға анық еді. Қайтпек керек?

Біздегі түйін мынау. Ұстаз беделін көтеру үшін мына үш жұмысты қолға алу керек дейді мендік ақыл.

Оның алғашқысы «Ұстазды тұрмыс билесе, сананы тұрмыс билейді»- дейді Ежелгі Рим философы Цицерон Марк Туллий. Нарық заманында бұл екі есе шындыққа айналды, заманға қарай өмір сүрмек керек дейді, бұны қазақ «заманың түлкі болса, тазы боп аяқтан шал» деп ескертіп те еді.

Бірақ, өзгені емес, ұстазды тұрмыс билесе, қоғамды сауатсыздық билейді, ұстаз Марк Туллий айтқан сана деңгейінен биік түрмақ керек. Егер бұл санадан биік тұрмаса…

Әуелі, бұл санадан биік тұрмаса, ең алдымен мектепке ниетпен бармайды, амалы жоқ лажысыздықтың жетегінде ғана барады. Бұндай бару алдындағы бала түгіл адамның өзін алдайды, бұндай деңгейде сабақта сапа болмайды… Мұғалім қара қазан, қатын баланың қамы алаңдатқан деңгейде жүрсе мектепке ер мұғалім бармайды… Мектепте ер мұғалімнің аздығы, тәрбиедегі теңсіздікті келтіріп шығарады… Бұл теңсіздік жастар қатарында жігерсіз жігіттер мен көк айыл қыздардың көбеюіне ұласады…

Одан кетті, ұстаз бұл санадан биік болмаса, ұстаз ісіне жүрдім бардым қарайды, қосымша табыс іздейді, өз ісіне ізденіспен жүрмейді… Бұл ұстаздар қосынының әлсіреуін тудырады, біліксіздігін тудырады. Бұл білімнен сапа, тәрбиеден мән кетіреді. Бұның соңы қоғамға біліксіз ұрпақ әкеледі, бәсекеге қабілетсіз тұлға әкеледі…

Одан қала берсе, ұстаз бұл санадан биік тұрмаса, ұстазға құрмет болмайды, құрмет болмаған жерде мәртебе болмайды… Бүгінгі заманда әркім мәртебелі болуды ойлайды, бұның соңында мәртебесіз мамандық деген статус қалыптасса бұл салаға білікті жас бармайды, білікті қауым қалмайды… мәртебесі болмаған жанның әркім жағасына жармасады, ұстазды сыйламай алжасады… Бұл ұрпаққа ұсақтық әкеледі, бағалыны бағалау дәстүрінен айырады, бардың қадірін қашырады, бағалының құнын түсіреді…

Ең соңында, қазақтың әркім сыйлағанның құлы деген дәстүрін еске түсірсек, тәлім алар жұртты сыйлай алмаса, тәлім алып жырғатпасы анық… әуелде Мағжан ақын айтқан «төрді» ұстаздардың өзіне қайтара алмасақ, ұрпақ одан үлгі алсын дегеніміз Қожанасырлау тірік екені баршамызға аян болса керек…

Бүгінде алғанын қағазы мен қаламына, кабинетінің ремонты мен қажетсіз жиналар қаражатқа, зорлықпен сатылар концерт билеттеріне беріп, айлығы шайлығына жетпей кетер ұстаздарды тұрмыс билемейді деп айту пендеден періште жасар әумесерлік болар…

Мектептің жаны – мұғалім, — дейді Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, иә, болашақтың, мәңгілік елдің іргетасын құюшы шебер де ұстаз! Бүгінгі бала, ертеңгі еліне ие болар жастардың бағбаны – ұстаз!

Елімізді шынымен әлемнің отыздығына кіргіземіз, мәңгілік ел етеміз десек, ұстаздардың жағдайы жасалмақ керек…

Дүниежүзілік екінші соғыста жермен жексен бола жеңіліп, бәзбір саясаткерлер саяси сахнадан кетті деп болжам жасаған Германия мен Жапония ғылым мен білімнің арқасында ғана 30 жылға жетпейтін уақытта өзі жеңілген елдерді артқа тастады… Әлемді өзіне қаратты…

Біз де ертең шынымен бәсекеге қабілетті ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, білім мен ғылымнан басқа сүйенеріміз болмаса керек… Астымыздағы байлықты, бабамыздың аманатын баламыздың игілігіне жұмсағымыз келсе және сол ғылымға иек сүйемек керек…

Бізде жыл сайын, тіпті ай сайын реформаға ұшырайтын бұл саланың дүрбелеңі де өзі жүйкеден тозған ұстазды жүнжітіп болғаны да жасырын емес…

Білім саласындағы кез-келген реформаның 100 пайыз іске асуының алғы шарты мұғалімдерде, мұғалім дайын болмаған еш реформа нәтиже бермейді…

Әлем елдері жасап жатыр екен, — деп ала шапқын болатын реформашылар әлем елдеріндегі ұстаздың жайы мен күйі туралы ойланып көрді ме екен? Ұстаздың бөлмесіндегі қажеттіліктері мен қалтасының қажіттілігін қаншалықты қанағаттандырылып жатқанына көңіл аударды ма екен…

Не демек керек? Бір сөзбен айтқанда, ұстазды тұрмыс билесе, елді сауатсыздық, мемлекетті кедейлік билейді…

Елдің дамуының кілті ғылым-техникада, ғылым-техниканың кілті оқу-ағартуда, оқу-ағартудың кілті ұстаздарда, — дейді, Қытайдың реформатор басшысы Дэн Сяо Пин. Ақиқаты осы да…

Бір ауыз сөзге түйіндесек, нарық заманында ұстазды қарық қылмасақ, басқаның бәрі бекершілік болмақ…

Екіншісі, жарнама және жарнама. Мына ғасыр – сондай ғасыр, үздік ұстазға үлкен ақпараттық һәм әлеуметтік қолдау керек, бұл шындығында сол үздік ұстаз үшін емес, сол үздік ұстаздың әріптестерін жігерлендіріп, арт жақтағы өсіп келе жатқан ұпақты ұстаздық мамандықты үлгі ету үшін керек.

Үшіншісі, заң. Тармақ емес, ұстаздардың білімі мен құқын қорғайтын арнаулы заң керек.Ұстаздарды тұрақты жебеп отыратын, басы артық шаруадан басын арашалап отыратын, өткен-кеткен, үйінде жасайтын шаруасы қалмай, ұстазбен алысатын қауымға шектеу салар кәсіби заң мен кәсіби ұйым керек. Осы жерде ескерте кетейін, біздегі керісінше орындалатын заңсымақ немесе қарамағындағылардың құқын қорғамайтын кәсіподақ секілділердің барынан жоғы артық.

Төртінші дүние, оқыту және сынақтан өткізу. Иә, мұғалімдікте бүгін кімдер жоқ, сол үшін де қағазын тексеретін аттестациялық комиссия емес, біртұтас формадағы кәсіптік емтихан керек, себеп, ұстаздар қосыны шала сауатты ұстаздардан тазармай бедел сұрау ақымақтық болар. Мұнда қазіргі дәрежеде ҰБТ-ны ұстаздардың өзіне жүргізе салу жеткілікті. Ел бойынша ұстаздарды кәсіптік курстардан жүйелі әр үш немесе бес жыл сайын өткізіп отыру керек. Осында және ескерте кетейін, дым үйретпейтін әртүрлі методикаға тәрбиелейтін, тек мемлекетке салмақ салар педагогикалық курстар қажет емес. Білімсіз ұстаздың методикасын қанша жақсартса да, білімсіздігін істетері анық. Сол үшін де, ең алдымен, әр мұғалімге өз мамандығынан білімін жаңартып отырар кешенді бағдарлы курстар керек.

Бесінші дүние, ұстаздыққа үздіктерді тарту және сапалы білім беру. Дамыған кез келген елде ұстаз мамандығы — нөмірі бірінші мамандық. Ең үздік мектеп түлегі сол мамандыққа түседі. Сол үшін де сол елдердің оқу-ағарту ісі қарыштап дамып, ғылым-техникасы бізге қуып жеткізбей барады. Ал бізде бәрі керісінше. Ол үшін, әрине, жоғарыдағы айтқан мәселелі түйткілдер шешіліп, ұстаздық мамандыққа баратындарға артық шәкіртақы тағайындау, тегін жатақханаға орналастыру секілді шабыттандыру шараларын көбейту керек.

Бізде ұстаздық мамандыққа дайындайтын жоғары оқу орындары Абай атындағы педогогикалық университет пен Қазақ қыздар педогогикалық университетіннен басқасы дерлік шет өңірлерде… Ол университеттердің зертханалық, базалық құрамы сапалы ұстаздар қауымын дайындауға жете ме деген сұраққа ойланған абазал болар… Менің ойымша, ұстаздарды тәрбиелеуді тек ұлттық университет базасына беру керек секілді. Ұстаз сапалы болмай, білім сапалы болмайды…

Ақтық дүние, қағазбастылық! Мына бәрі электрондасқан заманда қағазбастылықты азайтып, мұғалімдердің шығармашылық жұмысына мән беру керек. Мұғалімдерді өтірікке толы қалың қағазына қарап емес, шәкіртінің нәтижесімен бағалайтын күйге жетуіміз керек. Тақырыптық-күнтізбелік жоспар секілді біраз қағаз елмізде бір стандартта ғылыми зерттеу иниситуттарында жасалып дайындалып берілуі керек.

Осы Алты түйін аяғын тең басса, елдің ертеңі үшін елеулі іс болмақ дейміз. Осы кезде ескертпеске шара жоқ: әлемдік отыз елдің ішіне кіру үшін біліміміздің сапасы мен нәтижесі алдымен сұралмақ, ал сол үшін өр жақтағы түйінді амалсыз ескермек керек, әйтпесе бәрі ертегі…

Білім ең үлкен бизнеске айналған мына заманда білімді ұстаздың сұранысы артпақ, сол үшін де ұстаздық бәсекеге қабілетті тұлғасы жетілмек керек. Сол арқылы кейбір ұсақ түйінді ұстаздың өзі шешпек керек. Біз де ұсақтап кетпес үшін ұсақ түйіндерге соқпадық.

Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Сондықтан, бұл істі ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды. Ұстаздарымыздың ұлағаты кемімесін, ұлтымыздың рухы әлсіремесін, ұяты кемімесін, ұлылығы артсын десек, бұл істі қоғам болып қолға алайық!

Аятжан Ахметжан

Egemen.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған