ҰЛЫТАУДА ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ БАСТАУЫ БАР

(Жолжазба)
Өткен аптада ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қарағандыда, Жезқазғанда да және Ұлытауда болды.
«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» демеуші ме еді атамыз қазақ. Сол айтқандай Ұлытауға бардық та, ұлар етін жемесек те, ұлы істердің бастауына куә болып, сол өңірде жерленген, жарты әлемді билеген бабалар рухынан күш алып қайттық. Ұлытауға сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумы аясында өтті.

Бабаларымыз бірліктің туын желбіреткен тау

Жошы хан мазары мен Домбауыл дыңы, Алаша хан кесенесі, Хан ордасы және Алтын шоқы, Теректі әулие мен Әулие тау қойнауында қаншама айтылмаған сыр мен жазылмаған жыр жатыр десеңізші?
Ұлытау өңірінің тағы бір киелілігі, қола дәуіріне тән 20-ға жуық кен игеру, балқыту ошақтары табылуы. Бұл жерлерде қола дәуірі заманында 2 мыңға жуық адам металл бұйымдар өңдіру ісімен шұғылданған деп болжанады. Бұл тақиямызға тар келе ме? Бұдан асқан байлық қайда бар? Еліміздің әр аймағында құпиясын ішіне бүккен қаншама қазына жасырулы? Бізден басқа бір ел болса, осыншама дүниесін айдай әлемге жарнамалап, одан қалса, ойға-қырға көрсетіп мақтанға басар еді. Асып – тасар еді! Біз болсақ ас пен тойға барымызды шашқанға мәз болып жүре бермекпіз бе?
Ұрпағына мол мұрасын аманат етіп тастап кеткен бабаларға адалдығымыз осы ма?
Ұлытау сапары – мызғып кеткен санаға қозғау салып, ұлылар мекеніндегі ұлылықты паш етті. Жанымыз жадырап, жүрегіміз жырға толды. Туризмді дамытуды Президент Тоқаевтың өзі басшылыққа алуы, оны Ұлытаудан бастауы – келешекке деген сенімді күшейтіп, болашаққа деген іңкәрлігімізді оятты. Руханиятқа жаны жақын, бабалар мұрасына көздің қарашығындай қарайтын, дәуірдің тынысын терең сезінетін басшының қай заманда да мәртебесі жоғары болған. Олай болса президенттің дара бастамасын халық болып қолдап, ұлттық рухымыздың оянғанын ғаламға мәшһүр ететін кезең туып келеді. Оянайық, ойланайық, ағайын!
Тылсым дүниенің бір ғажабы дерсің, сары даланың төсінде сайран салған өршіл ата-бабамыздың жүрген жолын көзімізге елестетіп, адуынды, айбарлы болмыстарын паш етіп, күндей күркіреген дауыстарына дейін санамызға құйғандай болды. Мұндай сәтте қазақ болып туғаныңа қуанбай көр! Қанмен ғана берілетін тектілік негіздің сан ғасырдың тезіне бой бермей, тұла бойыңда атойлап шыға келетінін кім көрген? Тасқа қашалған тарихта – қазақтың қайсарлығы, тәкәппарлығы, бекзаттығы, кемеңгерлігі тұнып тұр – ау, тұнып тұр! Тек осыны бағалауға келгенде, құндылығын дәріптеуге келгенде жайбасарлығымыз жанға батады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» деген еді. Ұлытау сапарында сол күнге қадам басқандай әсерде болдық.
Біз қандаймыз, бабаларымыз қандай еді? Біз именшекпіз, жасқаншақпыз. Рухсызбыз! Бабаларымыз оқтай өткір, оттай ыстық еді. Жақынын жатқа сатпайтын, ешкімге кінә артпайтын. Қабыландай алымды, көк бөрідей арынды, жолбарыстай шалымды, арыстандай айбарлы батыр туған аталарымыз – Алтын орданың гүлденген кезеңінде, бүгінгі бізге тізесін батырғысы келетін солтүстік пен шығысыңды, батысың мен түстігіңді төсегінде дөңбекшітіп ұйқысын қашыратын, ашуы келген кезінде Мәскеуіңді отқа орап, салық салып, жаңқалап тастағанын шежіре – тарих шабыттанып шертеді. Уақыт – диірмені жылыңды емес, ғасырыңды күтірлетіп тартып жылнамаға айналдырды. Одан бергі заманда саясат сан мәрте тотыдай түрленді. Алайда Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі болып тарихта қалды.
Игілікті істің ерте –кеші жоқ дейді қазақ. Ел президенті өз баяндамасында Ұлытаудың ұлы істерге мұрындық болғанын, өткен-кеткен тарихтың бел ортасында Ұлытаудың айбыны асқақ екенін жеріне жеткізе суреттеді.
«Бұл – бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз! Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындаған. Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел. Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған. Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Елбасымыз осыдан бес жыл бұрын Ұлытау төрінде арнайы сұхбат беріп, қасиетті мекеннің мән-маңызын ерекше атап көрсеткенін білесіздер. Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жөнінде ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз. Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз.
Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет. Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр. Ал, Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті. Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы. Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет» деді.

ҰЛЫТАУ ТУРИЗМГЕ ТҰҒЫР БОЛСЫН ДЕСЕК

Ел басшысы Ұлытаудың қазақ үшін орны бөлек екенін жан жүрегімен сезінгені келбетінен аңғарылып тұрды. Терең зерттеп, зерделегені де байқалады.
Президент Тоқаевты сыртынан білетінім болмаса, ол кісіні жақыннан алғаш тануым бұл. Дипломатиядағы жетістігі, саясат әлеміндегі өрістілігі баршаға аян. Ал сыпсың сөздер мен дақпырт әңгімелерге қарағанда ел президенті ана тіліне шорқақ, ұлттық болмыстан жұрдай жан. Шындығында солай ма? Жоқ. Осындайда ұлы Абайдың «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім, бір ит сақтап жүр ырылдатып» дегені еске түседі. Керісінше ұлтқа жанашыр, өте қарапайым екен. Ешкімді жатырқап, бөліп – жарып жатқан жоқ. Емен-жарқын. Қалаған адамы жанына барып естелікке суретке түсіп жатыр. Қазақшасы қандай жатық болса, орысшасы сондай айқын. Шетелдік бір қонақпен ағылшынша сөйлесе кеткені бір керім. Ал қытайшаға қамшы салдырмайтыны көпке мәлім.
Арда қазақ: “Адамды жақсы танығың келсе бірге сапарға шық” деп қалай дөп айтқан. Оған осы сапарда көзіміз анық жетті. Халықтың назарында Ұлытауды асқақтатқан Тоқаевтың өзі тұлғаланып, елі мен жерінің батасымен аспандап бара жатқандай көрінгенін жасырғымыз келмейді. Ағартушы, алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады» дегені ойға оралды. Неткен данышпан еді Ахаң. Бұл сөз – Ел президенті Тоқаевқа ғана емес, оның төңірегінде жүрген барша шенділерге бағытталғаны анық.
Елім деп еңіреген тұлғаларға жанашырлық керек – ақ. Қолдап, қорғауда сын! «Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген Ахаң өсиетін қалың қазақ ескере жүрсе дегім келеді.
Ұлытау сапарынан жүрекке қуаныш ұялап, сары майдай салиқалы ой түйіп қайттық. Қасым-Жомарт Тоқаев “Ұлытау – 2019” халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде Алтын орданың 750 жылдық мерекесін атап өту, оның негізін қалаушы бүгінде Ұлытауда мазары тұрған Жошы ханды міндетті түрде ұлықтау керек екенін айтты. Бұл қуанарлық жайт.
Өйткені бұдан біраз бұрын осы Алтын орданың 750 жылдығын татарлар Қазан шаһарында және Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург секілді қалаларында атап өтіп, салтананатты жиындар ұйымдастыруды қолға алған еді. Енді міне біз. Онда да сол Алтын орданың тікелей мұрагері қазақ елі игі шараны қолға алғалы жатыр. Бұл өткен тарихымызды жаңғырту, жаңаша сипат беру емес пе?
Иә, бізге, қазақтарға Алтын орданың мұрагері екенімізді жасқанбай айтатын, ұрпақ санасына сіңіруді қолға алатын уақыт жетті. Ұлытауды ұлықтау арқылы езілген сананың еңсесін көтеруге болады. Қазақ даласындағы тарихи мәні бар қасиетті жерлерді туризмнің орталығына айналдыра алсақ, алты құрлықтың ықыласы арта түсер еді. Табиғаттың бұла келбетін сақтау, ұлттың төл болмысын көрсете білу, салт-дәстүрдің озық үлгілерін насихаттай білу, туризм саласын дамыту жоспарын жасауда басты назарда болуы шарт.
Ұлытауды ұлықтау, өткеніңді ұмытпау! Ұлытау – үш жүздің басын қосқан киелі мекен! Қазақтың қасіретін де, қуанышын да көтере білген Ұлық мекен.
Сондықтан Астана болмаса да, бас қала болуға әбден лайықты.
Халықтың бір өкілі болғандықтан ел атынан сөйлеуге хақым бар деп ойлаймын Мысалы Түркияда туризмге қолайлы аймақтар қала санатына кіреді. Мысалы Анкара, Анталия, Айдын, Измир. Бұлар шағын қалалар болғанымен туризмді дамытуда алдыңғы қатарда тұр. Мысалы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп атауға жарлық шығарды. Мұны халық қолдады. Өйткені түбі бір түркінің төрі –Түркістан. Ол аймаққа туристтерді Қожа – Ахмет Ясауи бабамыздың рухы шақырып жатыр. Сол секілді Ұлытауды ұлықтасақ – облыс деңгейіне көтеру уақыт талабы. Шыңғыс ханның баласы Жошы да тарихи тұлға. Қанша дегенмен Қарағанды облысы бұрынғы екі облысты (Жезқазған облысы) қамтып отыр. Демек, жердің шалғайлығы туризмді өрістетуге, туристерді шақыруға кедергі келтіруі әбден мүмкін. Сосын өзінің бюджеті болмағасын жалтақтау басталады. Осындай жағдайда Түркияның тәжірибесіне сүйенуге шақырамыз, биліктегі басшыларды?
Белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаевта Ұлытаудың облыс болуына ынтық жанның бірі екен. «Ұлытауды ұлықтау арқылы езілген сананың еңсесін көтеруге болады.
Қазақ даласындағы тарихи мәні бар қасиетті жерлерді туризмнің орталығына айналдыра алсақ, алты құрлықтың ықыласы арта түсер еді. Табиғаттың бұла келбетін сақтау, ұлттың төл болмысын көрсете білу,салт–дәстүрдің озық үлгілерін насихаттай білу, туризм саласын дамыту жоспарын жасауда басты назарда болуы шарт.
Бұл аймақтың экономикасын арттырып, логистикалық сапасын жөндеп, маңызын жоғарылату үшін, Жезқазған өңірін Ұлытау облысы болып қайта ашылуы керек» деп өз пікірін әлеуметтік желі арқылы таратты. Айтпақшы, Ұлытаудағы жиында ұлтжанды, ерік-жігері мықты, ар-намысы қалғымаған, бүгінде ұлттың рухын көтеруге саты болған «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев баламмен кездесіп, екеуара әңгіме барасында ұлттық құндылықтар, қасиетті қазақ даласындағы батыр бабалар мұрасы жайы сөз болды. Осындай ұлттық рухы биік жігіттердің Ұлытауда төбе көрсетуі жақсылық нышаны. Арман бауырымның алдыға қойған мақсаты мен мұраты да заңғар. Қолында үлкен жобасы бар. Мақсаты: батыр бабаларды әлемге танытып, туризмге жол ашу… Бұл әңгімені осы жерден доғара тұрмақпыз. Газетіміздің алдағы номерінен Арман Шораевпен арнайы сұхбат жасауға келістік. Сұхбат туризм аясында, ұлттық рух төңірегінде өрбімек.

ҰЛТТЫҚ  РУХТЫ КӨТЕРУДЕ  ҚОШАНОВ ТЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕК

Ұлытау секілді ұлы бабалар мекені сөз болып жатқанда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қалай қалыс қалмақ? Ол да Ұлытау өңіріндегі туризмнің аяқ алысы туралы пікір білдіріпті. «Қарағанды облысына сапар барысында бізге қарасты нысандарға, соның ішінде Ұлытаудағы визит-орталыққа бардым. Баршаңызға аян, бұл аймақта Отанымыздың киелі тарихи ескерткіштері – Алаша хан мен Жошы хан кесенелері, Хан ордасы және Алтын шоқы сынды ірі туристік нысандар орналасқан.
Ұлытау ауданының туристердің киелі жерлерге бару, экологиялық, агротуризм сынды туризм түрлерін дамытуға әлеуеті жеткілікті. Мұнда өңірге туристер ағымын ұлғайтуға ықпал еткен «Жезкиік» және «Көкмайса» этнофестивальдері өткізіледі.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, 2017 жылы Ұлытауға 11 мың турист келсе, 2018 жылы олардың саны 14 мың болған. Аймақта киелі жерлерге апаратын көлік жолдары – Алаша хан кесенесіне баратын жол жөндеуден өткізіліп, Хан Ордасы кешеніне апаратын жол (35 км) жөнделуде, қонақ үйлер құрылысына инвесторлар тартылатын болады.
Ұлытау визит-орталығы балаларға арналған ойын бөлмесі бар ақпараттық зал, 64 адамдық конференц-зал, 21 орындық кіші лекция залы, қонақ үй типтес жайлы жатақхана және «Ұлытау» ҰТМҚМ қызметкерлеріне арналған асхана кіретін ірі кешен. Бұл «Ұлытау» қорық музейінің туризмді дамыту ауқымды жобасының бірінші кезеңі. Туристерді тарту үшін этноауыл салуды жоспарлап отырмыз, бұл Ұлытау өңірінде туристік индустрия қалыптастырудың екінші кезеңі болмақ. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі географиясы» Ұлттық стратегиялық жобаны іске асыруда Ұлытаудағы тарихи, мәдени және табиғи мұраларды пайдалана отырып, мәдени-туристік кластер жасалатын болады.
Осы жерде мынаны айта кеткім келіп тұр. «Қазақстан Дәуірі» газетінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» автошеруі ұйымдастырылған болатын. Сол автошеру аясында «Жаңғыру құр жаңғырыққа айналмасын десек…» атты мақалама көз жүгіртіп өтсеңіздер көп нәрседен хабардар болар едіңіздер. https://elana.kz/ (16.05.2017).
Ұлытаудағы туризм жайы сөз болғанда еске Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов түседі. Ол – алашшыл, туысы бөлек арда азаматтардың сойынан. Шіркін деймін кейде, әр облыс, ауданды осындай білікті, білімді, ұлтына адал жігіттер басқарса, елдің еңсесі көтеріліп, бабалар рухы да шат-шадыман болып қалар еді-ау… Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, Ерлан Қошановтың біз білетін игілікті істері мыналар. Қаздауысты Қазыбектің 300 жылдығы мен Бұқар жыраудың 300 жылдығын үлкен деңгейде тойлатты. Кешегі өткен «Жез киік» фестивалі туризмге алтын көпір болмақ. Қарқаралыда Құнанбай мен Абайға ескерткіш орнатқанына исі қазақ риза болды. Күні кеше Қарқаралыда алаштың үш арысы Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсыновқа еңселі ескерткіш ашып елдің құрметіне бөленді. Жақында Нүркен Әбдіровты даңқ тұғырына көтермек. Бұдан өзгеде даңғаза қылмай тындырып жатқан істері ұшан теңіз…
Құдайшылығын айтайық, Қошанов жарап тұр. Барлық табиғи-тарихи нысандарды қайта жаңғыртуға үлкен мән беріп, қаржыландыруда. Археология саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атақты тұлғалар жерленген жерлерде қазба жұмыстары жүргізіп, оларға зертхана талдау жасатты. Идентификация жүргізді. Дәл осындай жұмыстар барлық облыстарда жүрсе, ол туризмнің дамуына да серпін береді. Бұл жұмысқа Туризм индустриясы комитеті мен Қазақтуризм тікелей ат салысуы тиіс. Егер ол мекемелерде білікті мамандар болса, ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету керек тым құрығанда. Туристік класстер дұрыс жолға қойылып, барлық айтқан жобалар орындалса, Қарағанды өңірі адам танымастай өзгеретін түрі бар.

ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ӘЛСІЗДІГІ ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН ТУРИЗМНЕН КӨРІНЕДІ

Ең өкінішті жері бізде идеология өте әлсіз. Кешегі кеңестік дәуірді аңсағаным емес, олардың идеологиясының сойқандығын айта кеткенім жөн. Мысалы Москва, Севастопль, Ленинградты, т.б қаһарман қалаларды оқушыларға жылына үш рет аралататын. Әсіресе көктемгі, жазғы демалыстарда. Одан оралған оқушыларды танымай қалатынбыз. Көздері от, жүректері маздаған шоқ болатын. Міне саған идеология. Бізде ондай жерлер жоқ па? «Бабалар рухына тағзым» экспедициясын ұйымдастырып, Хан Абылайдың, Ұлы Абайдың, алаш арыстарының өзге де елге сыйлы тұлғалардың басына неге апармасқа жастарды, әсіресе оқушыларды. Ол аз десеңіз Ордабасы, Отпантау, Қарасай батыр т.б толып жатыр ғой киелі жерлер. Біз осыдан 10 жыл бұрын «Бабалар рухына тағзым» экспедициясымен жолға шығып, сол жолы Шығыс Қазақстан облысы әкімі назарына деген мақала жарияланды. Аягөз қаласынан он шақырым жердегі «Мамырсу келісімі» немесе «Қандыжап шартын» жасаған тарихи орын ұрпағымыз үшін өте құнды. Осындағы алып төбенің басына жүздеген ақ боз үйлер тігіліп, қазақ, қытай, қалмақ елдері туларын көтеріп, тарихи бітімге қол қойған. Мұнда қазақтың барлық билері мен хас батырлары жиналған. Дәл осы төбенің биігіне кейін жұрт белгітас қойған. Белгітасқа былай деп тарихымызды қашап жазыпты: «Осы жерде 1757 жылы Абылай ханның қатысуымен қазақ, қытай, қалмақ елдерінің арасында Мамырсу (Қандыжап шарты) келісімі жасалған». Біздің газетіміз осы тарихи орынның құлазып жатқанын талай жазған болатын. Осы тоғыз жолдың торабы тоғысқан жерге кешенді ескерткіш қойылса деген бастамамыз аяқсыз қалды. Қозы Көрпеш — Баян сұлу ғашықтар жатқан кесененің мүшкіл жағдайы туралы дабыл көтердік. Шүкір, қазір олардың басы жөнделді. Айғаным, Бәдрисафа аналарымыздың бастарына да барып, қайта-қайта билік тарапына жазып, ескерткіш тұрғызылуына себіміз тигеніне бек қуаныштымыз.
Еліміздің шартарабындағы тарихи мұраларды насихаттау жайлы үш рет мәселе көтердік. «Қозы көрпеш – Баян сұлу», Отпантау, Қандыжап, Қожа Ахмет Яссауи, Жошыхан, т.б киелі мекендер жастардың рухын көтерер құтты мекен. Ол жерге барған адамдардың рухани тазарып шығарына кәміл сенімдімін.
Мысалы Ақтау қаласының дәл ортасында Алтықұлаш әулие жатыр. Былтыр бұрынғы әкім Ералы Тоғжановтың назарына деген атпен «Қараусыз қалған Алты құлаш әулие» атты мақалам жарық көрді. (17.06.2017. https://elana.kz/. Әулиенің қараусыз жатқанын меңзеп… Хатты оқыған облыс әкімі біздің ісімізді мақұл көріп, ауылдың ақсақалдары мен имам-молдаларды шақырып мал сойып дұға жасатты. Бірақ Тоғжанов бұл істі аяқтай алмады. Қазіргі жаңа әкімнің оны аяғына дейін алып шықса нұр үстіне нұр. Осы жерде экс – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мен « Рухани жаңғыру» мақаласы халыққа үлкен демеу болғанын айта кету парыз! Содан бері ауылға барсам да, қалада жүрсемде жастардың жүзінен жалындаған жігер көремін…Ұлттық идеологияның діттеген жерге дөп тиіп жатқаны қуантады. Осы жақсы бастаманы Президент Тоқаевтың іліп әкетуі қандай жарасымды. Шариғатта жақсылықта жарысыңдар деген хадис бар. Осындай ел игілігіне жасалған жұмыстарға айтылған болар деп санаймын оны..
Біз білетін әлем тарихында Жошы ханның 300 жылдық шежіресі бар. Жошы хан Алтын орда (әу баста Жошы ұлысы деген атпен белгілі болған) атты ұлы империяның негізін қалаушы. 1223 жылы әкесі Шыңғысхан бөліп берген аймақ бүгінгі Қазақстан территориясы. Олай болса Жошы хан арғы тегіміз. Онымен мақтануға, оны мақтауға толық негіз бар. Осы сапарымда Жошы хан мазары мен Домбауыл дыңы кешендеріне (30 шақырымдық жол) барып дұға жасап қайттым. Жол өте нашар. Адамды діңкелетіп соғып тастайды. Туризмге қолайлы аймаққа жаңаша серпін керегі көрініп тұр.
Осы сәтте есіме киелі Маңғыстаудағы Отпантау түсті. Бұрын қандай еді, бүгін қандай? Қазіргі тіл жеткісіз келбеті туризмге сұранып тұр. Барған адам табиғат аясындағы мұражайға тап болғандай әсер алады. Ешқандай билік араласпаса да, қалың жұрттың демеуімен, кәсіпкер азаматтардың қаржылай қолдауымен Отпантау жаңарды, жасарды. Ақын Сабыр Адайдың идеясы негізінде бастау алған игі іс, халықтың ынтымағаның арқасында бүкіл қазақ жиналатын, бірігіп кеңес құратын, наурыз айында Амал мерекесі қарсаңында ел ағылатын мекенге айналды…

«Отпантау – әр қазақтың мақтанышына  айналып келеді!»

Ұлытау секілді ұлы өлкені, тарихымыздың тамыры болған өр өлкені Үкімет қолдап отырғанда, халық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп жіберсе, шіркін! Бұл игілікті іс – ата-баба аруағына көрсетілген құрмет болар еді. «Өлі байымай, тірі байымайды» дейтін қазақ баласының, ұлы бабалар осы жерге туын тікпегенде, қасық қандары қалғанша ұлы даланы қорғамағанда, ұрпақ өрбітіп шежіре сабақтастығы орнамағанда – бұл даланың мұрагері кім боларын Алла ғана біледі. Халқымызда “Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деп бекер айтылмаған және айтудан жалыққан да емес.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы жерленген мазардың тарихы былайша өрбиді. Көк күмбезді мазар жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіріп, киіз үйдің басқұрына ұқсатқан екен. Мазарда екі мәйіт жерленген. Бірінші қабір ішінен тақтай табытқа жерленген адамның сүйегі шыққан. Әлгі сүйектің оң қолы жоқ екендігі анықталған. Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдығы, тұт жібегінің шіріп жатқан сілемдері, аң сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарудың сынықтары табылған. Бұл “Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді” деген халық аңызына үндес келеді. Халық аңызында “Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған” немесе “Жошының тек бір қолын тауып қойған”, кейде “бір шынашағын ғана тапқан” деген әр түрлі жорамалдар бар.
Айтпақшы, Ұлытау ауданында хан ордасы қасқайып көрінеді. Сол жерде 30-шы жылғы үйлер бар. Адамдар сол үйлерін сатқысы келмейді. Себебі туризм дамып жатса қымбатқа сатамыз, болмаса жалға береміз деген есек дәме баяғы. Оу, ағайын, дүние –мал керек – ақ. Бірақ ұлттық намыс жер болса, жиған байлықтан не пайда? Адам деген бір мезгіл азға қанағат етіп, туризімнің дамуына үлес қосуға талпынса керек-ті. Көп түкірсе көл демей ме қазақ. Қазақ баласы «менді» санадан өшіріп, «бізге» көшпейінше, алға қойған мақсаттарға жету қиын ау.
Сосын қазақтың әр пұшпағында киелі өңірлер көп. Соларға бара қалсаң маңайы толған үйінді, кір-қоқысқа толы. Тарихы терең мұралар, кім көрінгеннің еншісіне жермен бірге өтіп кеткен, бірақ оны күзетіп жүрген бірі жоқ. Мал біткеннің тұяғы мүжіген, қыста аяз, жазда күн жеген қорымдар қаншама? Мысалы Түркия да бірнеше рет болдық. Туризмі дамыған ел ғой, сонау төбедегі бір ғана тарихи дүниеге ерекше ілтипатпен қарайды. Маңайы мұнтаздай тап-таза. Әжетхана, су құбыры тартылған… Туризмді тек үкімет қана емес, қарапайым халықта қазынамыз деп қорғамаса бәрі бекер.

ЖОШЫ ХАН ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАНЫ

Түйін сөз: «Біз үш ғасырлық тарихы бар, адамзат жылнамасында өзіндік орны бар Алтын орда империясының нақты мұрагеріміз» деп айту үшінде қазаққа ынтымақ пен бірлік керек. Бұл үшін тек жиын –тойлар, конференциялар ұйымдастырумен ғана шектелу ұят нәрсе. Ең бастысы Алтын орда тарихын көркем фильмдерге айналдыру аса қажет деп ойлаймын. Мысалы түріктер Осман империясы туралы қанша ма керемет сериалдар түсірді. Біз солардан кембіз бе?
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай мырзаның мына ұсынысы да менің ойыммен сабақтас болып шықты. «Бұдан сегіз жүз жыл бұрын өткен алып қаған Шыңғыс бүгінгі моңғол жұртын біріктіруші рухқа айналып отыр. Моңғолдарда ұлы қаған алдында қарыз болып қалған жоқ, бес қабатты үйдің биігіндей болатын алып ескерткіш тұрғыздыОны ұлы рухқа тағзым ететін Меккеге айналдыра білді. Сол секілді ұлы жихангер Ақсақ Темір де өзбектерді ұйытатын ұлы рухқа айналып отыр. Рас, Әмір Темір бүгінгі өзбектер мемлекет құрып отырған (1336 жылы 8 сәуірде Маураннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде дүниеге келген) жерде дүниеге келді. 27 мемлекетті жаулап алып, бағындырған ұлы қолбасшы. Самарқанд пен Ташкентте зәулім ескерткіштері бар.
1996 жылы ЮНЕСКО ның шешімімен 660 жылдығын дүркіретіп тойлады. Бұл өзбектердің «Ұлыжаһангердің ұрпағымыз» деген мақтаныш сезіміне түрткі болды.
Қазір көрші орыс еліде «орыс рухын» көтеруге келгенде барын салуда.
Орыс тарихындағы арғы – бергі тұлғаларды қазып, «шаңын қағып» ұлт жанашырына айналдыруда. Кешегі Петр-І, Романовтар әулеті, тіптіөздерін қырып салған Колчакка дейін «орыстың жоғын жоқтаушы батыры» деп тануда. Ескерткіш орнатып, фильм түсіруде.
Ақиқаты сол, біз Ұлы далада өз заманында күнше күркіреп өткен, «бастыны идірген, тізеліні бүктірген» ұлы көшпенділердің ұрпағымыз.
Бірақ сақ Рүстем мен Томиристе, ғұн Мөде мен Еділ батыр да (Аттила), түркі Бумын мен Естеміс, Тоныкөк пен Күлтегінде қазақ үшін «біздің батыр бабаларымыз» деген мақтанышқа айналғанымен, рухты көтеруге келгенде нақты тұлғалар бола қоюы екіталай.
Өйткені олар өмір сүрген кезең тым арыда жатыр һәм түркі халықтары үшін олар ортақ тұлғалар. Сүйектері қайда қалғаны да белгісіз. Ал исі қазақ даласында ұлы империяның негізін қалаған, моласы осы қазақ жерінде тұрған Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы алаш жұртының ұлы рухына, ар-намысына айнала алар еді. Әрине кешегі қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен Жәнібек пен Керей, Қасымхан мен Хақназар, Есімхан мен Тәуке, Тәуекел мен Абылай, Кенесары мен Алашорда азаматтары қазақ үшін орны бөлек арыстар.
Оған ешкім дау айта алмайды. Алайда аты Ұлы даладан асып, әлемге кеткен Жошының орны ерек
Президент Қасым-жомарт Кемелұлы кемелдік танытуда. Ұлтты айрандай ұйытудың жалғыз жолы – тарихына тамыр жіберу. Сол арқылы қалғып кеткен ұлттың санасын сілкілеп, ұйықтап қалған рухқа жан бітіру келешекке сенімді басшының қалпы.
Атасына тартқан арда қазақ болып елдің келешегі жайлы әрдайым игі істердің басында жүре беруіне тілектеспіз. Қасым – Жомарт Кемелұлын Алла Тағала кесіп түсер туралықтан, имандылықтан, ұлтын сүйген тұлғалықтан айырмасын! Ел аман бейбіт заман болсын! Осындай игілікті істер жалғасын таба берсін!
«Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Үлкен мереке, үлкен іс-шара. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен салиқалы деңгейде өткізуге аса мән беру керек.
Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой толғамдарын кеңінен дәріптеу» деген еді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Күні кеше тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл да қазақтың рухын көтерер жақсы бастаманың жалғасы боларына сенгіміз келеді.

Сәуле Мешітбайқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған