Ұлы Даланы жаңғыртқан бабалар

Қостанай облысында тарихи маңызы бар екі ескерткіш бой көтерді. Оның бірі ХҮІІІ ғасырда елімізді сыртқы жаудан қорғаған, белгілі батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібек тархан монументі болса, екіншісі Амангелді ауданындағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Кейкі батырдың кесенесі.

Тарихи тұлға Шақшақ Жәнібек тархан ескерткішінің ашылу рәсіміне елімізге танымал тұлғалар, Парламент депутаттары, облыс басшылығы, қала халқы қатысты.

Салтанатты шарада Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов батыр бабаға арналған ескерткіштің маңызына тоқталды:

-Бұл игі бастама Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Елдікті көрсетер сәулетті ескерткішті қаланың кіреберісіне қойғанымыз да бекер емес. Қаламызға келген қонақтар Тархан бейнесіне қарап, қазақ батырының рухын бойына сіңіреді. Жәнібек ердің құнын екі ауыз сөзбен шеше алатын көсем болған деседі. Жас ұрпақ мұны білуі тиіс, – деді Архимед Бегежанұлы.

Айта кетейік, жергілікті жерде Жәнібек батырға Қостанай қаласында еңселі ескерткіш орнату жөнінде бастама көтеріліп, оны белгілі академик, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев қолдады. Қазақ халқының даңқты батырына арналған ескеркішті құюға Тобыл-Торғай өңірінің жомарт азаматтары атсалысқан. «Жәнібек тархан» қоғамдық қоры құрылып, ескерткіш түгелдей  қор қаражатына орнатылды.

«Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Тархан Жәнібек ел тәуелсіздігін аңсады. Осы жолда қолына қылыш алды. Шақшақ Жәнібек – қилы заманда қалмақтың батырын жекпе-жекте жеңген хас батырдың бірі. Мәмілегер ретінде көрші елдермен қатысты, елдің елдігін, бірлігін арттыруға, мемлекеттікті жасауға  атсалысқан», деді ескерткіш орнатуда бастамашыл топқа жетекшілік жасаған белгілі академик Кенжеғали Сағадиев.

Белгілі жазушы Сәбит Досанов, ақын Серік Тұрғынбекұлы өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Мұнан соң Шақшақ Жәнібектің тікелей ұрпағы Рахым Жұмағұлов пен академик Кенжеғали Сағадиев батыр ескерткішін салтанатты түрде ашты.

«Асалия» мердігер-фирма басшысы Дулат Шаяхметовтің айтуынша, салт атқа қонған батыр мүсінін тұрғызу жұмыстары қаңтар айында басталды. Қазақ батырының образын сомдау үшін танымал мүсінші Қадіржан Кәкімов тынымсыз еңбек еткен. Батырдың тұғыры қаланың батыс жақ кіреберісіндегі айналма жолдың ортасына қойылды. Ескерткіштің құрылысына 270 тонна тас жұмсалды. Ал ескерткіштің өзіне Алматы облысында өндірілген қола пайдаланылды. Нысанның биіктігі – 14,15 метр.

Батыр бабаға арналған бағдарламалар легі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Шақшақ Жәнібек – ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты.

Ал өткен жұма күні қазақтың әйгілі батыры Кейкі Көкембайұлының кесенесі Қостанай облысының Амангелді ауданында бой көтеріп, сүйегін жерлеу рәсімі өтті. Сүйекті жер қойнына тапсыру рəсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіқалықова, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш, ҚР Парламенті депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы Сəбит Досанов, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев және өзге де ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараның ашылуында сөз алған Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов: «Міне, үкіметтің келісімімен батыр сүйегін салтанатты түрде жерлеу рәсімін ұйымдастырып отырмыз. Кейкі батырдың тарихтағы орны ерекше. Жаңа мемориалдық кешеннің құрылысы бойынша барлық жұмыстар белгіленген уақытта аяқталды. Мынадай сəулетті кесене бабаларымыз басып өткен ізден дерек беріп, жастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз», – деді.

Сондай-ақ, Сəбит Досанов бастаған қаламгерлер сөз алып, өткенді еске алмай келешек жоқтығын, ұлтына еңбегі сіңген қаһарман перзенттердің қашанда жоқтаусыз қалмайтынын айтты.

Кейкі батыр есімін ұлықтауға арналған шаралардың легі Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында «Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлы. Өмірі мен өлімінің тарихы» атты республикалық ғылыми–тәжірибелік конференцияға жалғасты. Мұнан кейін аузы дуалы ақындар «Бас кеспек болса да…» атты республикалық айтыс та Кейкі батырдың өрлігімен, ерлігін тілге тиек етті. Аламан додада үшінші орынды Тоба Өтепбаев, Әсем Ережеқызы, Саягүл Бірлесбек өзара бөлісті. Екінші орын Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиевке бұйырды. Бірінші орынды Айбек Қалиев жеңіп алды. Ал Бас жүлдеге тігілген темір тұлпар Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Маржан Есжановаға мінгізілді.

Қыдырбек Қиысханұлы.

Қостанай облысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған