«Ұл тілегі – ұлтында!»

Ақын – табиғаттың ерекше жаратылысы, халықтың тілі, заманының үні. Кез келгеннің таным-түйсігі жете бермейтін мың қатпарлы құпия болмыстарды, екінің бірі аңғара бермейтін сәлдей құбылыстарды ақын жүрегі алдымен сезіп, жанын шүберекке түйе шырылдайды, жақсылықтың жаршысы болып көркем де айбынды, мағыналы да маңызды өлең-сөздерімен алға ұмтылдырады. Ақын – уақыттың сыйы және қожасы! Олар халық жүрегіне жол тапқан уытты өлеңдерімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан құрмет биігіне қонақтай алады, есімі қай жерде де, қай кезеңде де ықыласпен айтылып, жыр жолдары ел аузынан түспейтін қанатты тіркеске айналады. Бұл ақын талантының, ақын шеберлігінің нақты көрінісі болмақ.

Шүкір, тарих пен тағдыр қазаққа қыл­ша мойын домбыраны қылғындыра ұстап жыр сапырып, толғау түйдектеткен ауыз әдебиетінің аузымен құс тістеген айтқыштарынан, қалам алып, ақ параққа сұлу жолдарды кестелеген Абайдан бері қарай да сөз шеберлерін, жыр жампоздарын беруден жаңылған жоқ. «Даласы ән салып тұратын» қазақ – өнерпаз, ақынжанды халық. Бірақ, бір қиырдан жырлаған өлеңі төрт тарапқа тегіс тарап, күллі жұрттың жүрегіне қонақтап, тіліне оралған, өзіміз түгіл өзгелер құмарта тыңдап, өз тілде­ріне аударуға асығатын ақындар – нағыз ақын және олар санаулы. Олар – өңірдің мерейі, халықтың мақтанышы. Биіктерден үн асырып, сөз самғатқан ақындардың бірі – Бүкілодақтық II Халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық Махамбет сыйлығының иегері Сабыр Адай. Сабыр­дың халқымыздың өткен қиын тағдырына тағзым ету және ұлттың рухын жанып, тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеуге бел бууға шақыратын жігерлі өлең шумақ­тары барша қазақтың ұранына айналды. 

1493358550_article_b

Алла, Алла,

Сен жаратқан, сенің ғана құлыңмын.

Тамшысымын нұрыңның.

Тағдырмын – Мен,

Өзің оған мөр басқан,

Жүрекпін – Мен, лүпілдеген ғұмырмын.

…Алла, Алла,

Әр жүректе бір-бір қайғы, жетім бе?!

Жалбарынбақ саған ғана не тілде.

Аманат жан сені іздесе ғарыштан,

Қауырсын – жыр қалсын жердің бетінде.

Миғраждан «сүф» деп үрленген демнің нәтижесінде кеудесіне жан біткен әрбір пенде өмірге іңгәлап емес, Аллалап келеді. Әлсіз саусақтарын жымырған балаң уысына қос қолдай ұстай келген ырыс-несібесін «Алла» деп шашып жіберіп, тіршіліктің өн бойында сол шашылған несібесін терумен болады екен. Поэзияда «Алла» деп сөз саптаған Сабыр ақын 1960 жылы көрнекті ұстаз, еңбек ардагері Адайұлы Шеркешбай мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен алтын алқалы ана Рейімқызы Ұмсынайдың отбасында өмірге келді. Ол 1981 жылы Алматы цирк өнер студиясынан Құбыш Мұхитовтың күй класын бітірді. Өнерді жанына серік еткен күйші Сабыр Маңғыстаудың мәдениет саласында 20 жылдан астам еңбек етіп, 2000-2011 жылдары республикалық «Үш қиян» және «Отпан-Otpan» газеттерінің құрылтайшысы ретінде қызмет атқарды. Орал педагогика институтында дәріс ала жүріп, поэзия мен күй әлемінің ортасына екпіндей енді. Әр жылдары Ақтау­да Қашаған ақынның, Ақтөбеде Есет батырдың, Әбубәкір Кердерінің, Бай­ғанинде Асау-Барақтың, Оралда Сы­рым батырдың, Ордабасыда Үш бидің, Көк­шетауда Абылай ханның тойларында және Орталық Азия – Қазақстан ақындарының айтыс­тарында жүлделі орындарға ие болды. Маң­ғыстау өлкесіндегі «Адай ата – Отпан тау» мәдени кешенді этнографиялық орта­­лығын салу идеясының авторы, ұйым­дас­тырушысы және «Адай» қорының пре­зиденті.

Құйқылжыта күй төккен Сабыр өз дос­тарымен бірге Бейнеу аудандық мәдениет үйінде «Алтыбақан» құрып, қазақтың асыл өнерін шаң-тозаңнан арылтып, халқына қайта сыйлауға талаптанды. Ұстаз ретінде он екі перне, қос ішекке құмартқан өрендерді өнер әлеміне жетеледі. Қазақтың айтулы айтыскер ақыны ретінде де талайға танылған Сабыр ақын Мэлс Қосымбаев, Нұрлан Мұсаев, Арғынбек Қалбаев, Абай Қалмағанбетов, Салауат Исақаев, Шынарбек Қалиев, Жанар Айлашова сынды талантты жастар­ға сыйлас, пікірлес ұстазы болды. Ал Сабыр Адайдың сөздеріне сазгерлер жазған әндер – сахнаның сәніне айналды, бір­қатары ән байқауларынан жоғары жүлделерді иеленді.

Оқырман ба?

Оқырманда гүл ғой бір

Жан-бесікке жата қалар тілдей жыр.

Әр тағдырдың кеудесінде бір мұң бар,

Қалай сеніп, кімге айтарын білмей жүр.

…Тұтас Алаш менің жаным кәдімгі,

Жырың – жөргек, күйің – күйме, ән үлгі.

Кірпік қақпай тербетумен келемін,

Жүрегіме салып алып бәріңді.

Ей, оқырман, сені іздеген өлеңмін.

Маңырайды, маңыстайды көбең күн.

Сен мұңайма, жүрегіңде мен бармын,

Сен мұңайсаң мен қайғыдан өлермін, –   дейді ақын «Оқыр­­­манға ар­­нау» өле­­­ңін­де.

Оқыр­ман­­­­ның та­л­ға­мы­­мен санасу, оқы­р­­манның ал­дын­дағы жауапкершілікті сезіну – ақынға қажетті ең басты міндет. Осы парыз­ды ұғы­нып, мойындаған ақын ғана шығар­машылық шыңына, құрмет қиясына шыға алады. Қуанарлығы – Сабыр ақын жырлары оқырманмен егіз, ел-жұртымен етене. Оның себебі, ақын жырларының ұлт тарихымен түбірлестігінде жатыр деп түйсінуге болады. Сонау көшпенділер тарихы, көк түріктің дүбірі, Алаш және қазақ ділі, асыл дін. Қазақ хандығының құрылуы, ұлан-ғайыр далада салтанат құрған құндылықтар, салт-дәстүр, күй мен өлең, рух пен ұран, ел мен жер, ер мен ерлік, қоғам, бейбітшілік, маңғаз да мәрт Маң­ғыстау, кең Нарын, сырға тұнған Сарай­шық, Отпанның шыңы, тәуелсіз ел мен оның мәңгілік мұраты – Сабыр Адай шығармашылығының алтын арқауы.

Ат дүбірі…

Ұлы Қыпшақ,

Сақ күлді,

Найзасында намыс бар,

қылышында бақ тұрды.

Күннен ырыс,

Тәңір сыйлап шат қылды,

Айдан ұшқын

ат тұяғы лақтырды,

Ат дүбірі,

Естіле ме ескіден,

Есіл ерлер самал жел боп өксіген.

Шіркей – шүршіт,

Ат тұяғы Үрімде,

Еділдейін ел ем қалған тектіден, – деп көшпенділер кезеңінің дүбір-дүрмегін көз алдыңа әкеліп, құлағыңа естіртеді. Көшпенділер, көктүріктер мен көкбөрілер тақырыбын ту еткен Сабыр шығармаларындағы ең басты мұрат – түп-тамырымызды тану және ұлттық рухты жану. Аттила, Мүде хан бейнелерін асқақ рухпен жырлай келіп, кәрі Каспий жағалауында өрекпіген жауын өз қанына тұншықтырып өлтірген Томирис ханшайым­ды, яғни Тұмар апамызды өз жырына өзек етеді.

Біздің Тұмар – Мойындағы намыс-ты,

Ұлы жорық таныс-ты.

Ата жауға біздің елде орын жоқ,

Кир Патша, олда келіп қан ішті.

Біздің Тұмар – алмас қылыш суарған,

Көк найзағай шыға келер мұнардан.

Ел дегенде етек-жеңін тел түйіп,

Біздің қыздар ту ұстаған Тұраннан, – деп елдік пен ерлікті жоғары бағалайтын Сабыр ақын қыз да болса халқына қалқан болған, ақылды патшайымның Бопай, Хиуаз, Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сәбира сынды қайсар қазақ қыздарының апасы екендігін, Тұмардай батыр қыздың ізбасар сіңлілерінің осал болуға хақы жоқ екендігін меңзейді. Сабыр өлеңдеріндегі тектілік пен тегеурін төркіні қайдан десек, бұл сауалға ақынның өзі «Мендік жырда көкбөрінің қаны бар», деп жауап береді. Демек, намыстан жаралған айбынды көкбөрінің қаны қазақы қайратпен, тектік қасиетпен, Маңғыстаудай ұлы даланың киесімен ұштасқанда, туған жыр дүлей болмағанда қайтсін?!

Сабыр Адай қазақ тарихында әрбір зобалаң-зұлматтар иіріміне қаламымен «сапар шегіп», күңірене үн қосты, жырдан ескерткіш тұрғызды.

Ту көтерген Тұраннан баба құзбын,

Соның бәрін сезеді дала біздің.

Ер Алашпын түссе де жасын көктен,

Өртенбеген, өшпеген асыл неткен.

Тамырымды көп шапты, балталады,

Мұқалған жоқ сонда да нар талабы.

Жүрегімде қаны бар Ер Түріктің,

Тегім – бөрі, тел емген бөлтірікпін! – деп ол іштегі қыж-қыж қайнаған пер­зенттік аңсар, азаматтық жігер мен ақын­дық қуатын, таудан аққан судай ек­пінді өлеңдерін Алаш тақырыбында ақтарды.

Қос құрлықтың тербеткен ақ бесігін,

Қазақ деген Халықпын – нақты есімім!..

Мен сені сүйдім қанша үнсіз қалып,

Бар ма екен сендей, сірә, мінсіз халық?!

Болмайды ірілікті ұсақтауға,

Дайынмын күллі әлемді құшақтауға!, деп толғанады. Бұл – бағзы қазақтың жырмен жазылған тағдыр-жолы болса, алдына асқақ армандар қойған бүгінгі қазақтың жыр-мұраты.

С.Адай шығармалары Алаш тақы­рыбын толғай келе, Түркі құндылығы, Қазақ хандығының құрылуы, қазақ даласы тақырыбына қарай ойысады. Бұл тұрғыда оның ішкі жай-күйі Махамбет ақынмен үндеседі, яғни жауынгер ақын Махамбет батыр мен Сабыр ақын арасында өзіндік бір үйлесім, рухани ұқсастық бар секілді. Махамбет заманына қарай жорық ақыны болса, Сабыр – бейбіт заманның рухты ақыны, рух жоқтаушысы. Осы өзара үндестік қабыса келе ақын бойынан «Серттесу» атты өлең болып төгілді. «Серттесудегі» ой мен мазмұн, өлеңнің көркемдік қуаты ақынның мерейін өсіре түсті. «Серттесу» өлеңімен қазақтың, Маңғыстаудың екі бірдей азаматы ЮНЕСКО-да топ жарып, қазақты әлемге таныта түсті. Сабыр ақын ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық Махамбет сыйлығының иегері атанса, маңғыстаулық белгілі жыршы Амандық Көмеков Орталық Азия жыршы-жырауларының байқауында бас бәйгені иеленді.

Желмая мініп жерұйық іздеген Асан қайғының дерті не, мақсаты қандай? Ол ертегінің еріккен кейіпкері емес, ұлт қам­қоры. Бұл идеяға да Сабыр туындысынан қаныға түсеміз. Жырлар арқылы Қор­қыттың, Асан атаның мұңына ортақтасып, Ясауи бабамыздың қасиетіне бас иеміз. Сарайшық, Түркістан жерлеріне тағзым етіп, бабакүлдіктің топырағын құшырлана иіскеп, ауасын мейірлене жұтқандай боласың.

«Сарайшық – ұлттық тарихымыздың темірқазығы, киесі, кестелі дастаны, өнеге мен өрнекке толы мұрасы. Сарайшық − ұлттық рухымыздың айбары мен айбыны, серпін берер мақтанышы. Қашанда, Құл тілегі – құлқында, Ұл тілегі – ұлтында, ғой!.. Сарайшықты асқақтату арқылы  ұмыт болған ұлы дәурен, сән-салтанатты жаны­мыз бен қанымыздан қайта тауы­п, оянуға мүмкіндік бар. Бізге жетпей жүргені де сол емес пе?!.» дейді ақын:

Қош енді,

Қоңыр төбе, сырлы мекен,

Мен байғұс мекенімді жыр ғып өтем.

Жылға сай, жылым біткен,

Ұлын күткен,

Сарғайған

Сарайшық та мұңдық екен!.. деп Сарайшықпен сырласа қоштас­қан ақын:

Төгілмес төрден бекер жыр,

Абылдан қалған шекер жыр.

Атамыз Адай айғақтап –

Қазығын қаққан мекен бұл.

Әркім де елге ғашық дер,

Әлдилеп әнге басып көр.

Қайтейін сені, Маңғыстау –

Кеудеме сыйсаң жатып көр.

Баса да көрме жаңылып,

Қол жайдым Хаққа жалынып.

Сен сарқылсаң, Маңғыстау –

Жалғанда жүрмін нағылып?!…

Салт-дәстүрдің

Сандығы, –

Маңғыстау сенде бар үміт! – деп туған Маңғыстауына үлкен сенім мен үмітін арқалата тыныстайды.

Қазақ тарихындағы әрбір кезеңге, қазақы құндылықтарға, ұлтты ұлт ету жолындағы айтулы бабаларға жыр арнаған Сабыр қазақ, Қазақстан, ұлт, салт-дәстүр, Маңғыстау, дін, діл, тіл, ел-жер, қоғам, бейбітшілік және руханият тақырыбын тасада қалдырған жоқ. Оның «елім» деп еңіреген жүрегінің үні, «жұртым» деген тілегі қазақ даласының әр қиырына қалқып жетіп, әрбір жүректерге қонақтады, әрбір тілге тұрақтады. Бүгінде С.Адайдың «Қазақстан − жалғыз ұлы қазақтың» және «Әр қазақ − менің жалғызым» деген жолдары барша қазақ баласының аузында жүр.

Тағылымды сөзге еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Сіздерде Сабыр Адай деген ақын жігіт бар. 14329888_1651323185179741_6337886737512019623_nСабырдың бір өлеңі «Қазақстан − жалғыз ұлы қазақтың» деп аяқталады. Өте мағыналы сөз. Әрқайсымыздың отбасымызда ұл-қыз, немере-шөбере өсіп келеді. Солардың қызығын көріп, балаларымыздың бақыт­ты, айналамыздың аман болуын тілеймін. Ал Қазақстан − барша қазақтың жалғыз ұлы, ортақ перзенті. Бәріміз болып тәуел­сіздігі енді тәй-тәй басып келе жатқан аман­дығын тілейік. Кемеліне келуіне бар қуат-жігерімізді жұмсайық» десе, «Әр қа­зақ – менің жалғызым» тіркесі заң­ғар жазушы Ә.Кекілбай тарапынан «…Елі­­­­­нің көсегесі көгермейінше, ешкімнің де көсегесі көгермейді. Қазақстанның көсегесі көгеру үшін әр қазақтың бағы жанып, әр қазақтың талабы өрге басуы шарт. «Әр қазақ – менің жалғызым».

Бұған дейін ешкімнің аузынан шыға қоймаған уәж. Тек бірі үшін бірі қуанып, бірі үшін бірі қайғыра алатын ұлттың ғана ұпайы түгел болмақ.

Сабыр Адай бұл ұлы ақиқатты ғашы­ғынан ерте айырылған Мұңлықтың зарындай, жат жерде жүріп жабыққан бейбақтың шеріндей, бауыр еті баласына мейірленген ақпейіл әкенің ақ тілеуіндей сай-сүйегіңді сырқыратар тебіреніспен жеткізеді» деп және «… Жалпы, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген әр шумағынан отаншылдықтың оттай ыстық махаббаты лаулап, әр сөйлемінен әлеуметшіл жүректің дүрсілі аттай тулаған лирика кітабын арғы-бергіден сирек кездестіресіз.

Оның кейіпкері – Отан, авторы – Намыс. Жеріме сай Ел, Еліме сай Ер, Бабама сай Ұрпақ бола алып, Өкініштен қорытынды, Үміттен нәтиже шығара алсақ деген намыс» бағаланған болатын.

%d0%be%d1%82%d0%bf%d0%b0%d0%bd

Сабыр Адай туралы айтқанда, Маңғыс­таудағы қасиетті Отпан тау биігінен са­лынған Адай ата және «Отпан тау» тарихи-мәдени этнографиялық кешеніне соқпай кету мүмкін емес. Ол, өткенге бас иіп, тарих толқынында тоз-тоз болған ұлттық мұраларды түгендеу, дұшпанға баба сесін сездіріп, ұрпаққа ата айбарын сіңіру, тәуелсіз еліміздің бірлік, рухания­т бағытындағы идеологиясына қолдау көрсету мақсатындағы шаруа. Таудың иы­ғында тұрып аспанмен таласқан кешен қан­шалықты асқақ болса, оның алдына қойған арман-мұраты да соншалықты биік.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2007 жылы 27 қазанда «Отпан тау» тарихи-мәдени этнографиялық кешенінің ашылу салтанатына «Қазақстан халқы ел тәуелсіздігінің игілігін жыл өткен сайы­н молынан сезіне түсуде. Өз тағды­рымыз өз қолымызға тиіп, экономика нығая бастасымен-ақ, біз «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдап, киелі жерлерімізді, батыр бабаларымызды, мәдени мұраларымызды тарих қойнауынан аршып алып, тереңінен сыр тартып, жаңғыртып, қадірлеп, қастерлеуге ден қойдық. Құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгін ашылғалы отырған «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені де осы ел тәуелсіздігінің тікелей жемісі екені анық.

14324229_1652308441747882_7244448673250761055_o

Көне де қасиетті Маңғыстауда сан-қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет, болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол, сондай-ақ, Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекенжайына айналады деп үміттенемін», деп құттықтау хат жолдады. Бұл ақтілеулі хат кешен жұмысының алға басуына сенімді төлқұжат болды.

Демек, Адай ата кесенесі – ұлтты ұйыстыратын, тілекті тұтастыратын, өт­кен­ді танып, ертеңге жұмылған жұды­рықтай екпіндей ұмтылатын бірліктің биігі. Қиындыққа және ерлікке толы тарихымызды, салт-дәстүрімізді, еш халық қайталай алмайтын өзіндік рухани мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырудың жайы. Кешегі кезеңде Отпан басынан жалтылдаған қанқызыл от «жау шаптылаған» Үрейдің, әрі ерді ел қор­ғауға шақыратын Үміттің Ұран-Оты болса, Отпанның биігіндегі бүгінгі от – бабаларға Тағзым, бүгінгіге Бірлік, ертеңге шексіздікпен ұласқан Мәңгілік-Оты болып лаулайды!

Патриоттық тақырыптағы өлеңдермен бірге, қазақтың күйлерін, әлеуметтік теңсіздік салдарынан қосыла алмай ажал құшқан ғашықтарды, халық жанына жақын барлық тақырып пен мәселені өткір жырлайтын Сабыр ақын шығармалары шет­елдерге шыға бастады. 2011 жылы мектеп оқушысы С.Аманқосова Венгрияның Будапешт қаласында өткен халықаралық ғылыми жобалар сайысында «Сабыр Адай поэзиясындағы ұлттық рух және көркемдік сапа» тақырыбында 1-орынды иеленіп, нәтижесінде ҰБТ-дан босатылып, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атанды. 2016 жылы түріктің «Гүнсел Санат» әдебиет-мәдениет журналына бір топ өлеңдері түрік тіліне аудары­лып басылды.

Қазақтың түп-тамырын танып, бабалар ерлігінен қуат аламын, тәлімінен тағылым аламын, бойымдағы елжандылық сезімді қанаттандырамын деген ұрпаққа Сабыр өлеңдері – тәрбие құралы, санаға ұлттық рухты сіңіретін күш, алдына биік мақсаттар қойып, «Мәңгілік Ел» болуға ұмтылған, рухани жаңғыруды болашаққа бағдар еткен біздің қандастарымыз үшін қажетті рухани сабақ. Ұлттық кодты сақтай алу үшін ұлттық мінез де керек. Сабыр ақын шығармалары – осы ұлттық мінездің мектебі.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған