Ұстаздардың еңбегі бағаланбай отыр

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова білім беру саласына бөлінетін қаржыны көбейтіп, мұғалімдердің жалақысын көтеру бойынша Үкіметке жолдаған депутаттық сауалына жауап алды. Оның айтуынша, жауап xатты дайындағандар оны дұрыс түсінбеген.

 «Иә, Үкіметтен жауап келді. Әрине, ондай ақшаның білім беру саласына бөлінгені жақсы болар еді дейді. Бірақ, әзірше біз экономикалық күш-қуатымыз жағынан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдермен теңесе алмайды екенбіз. Сол себепті дәл қазір білім беру саласына қыруар қаржыны бөлген жағдайда бірден оң нәтижеге жету қиын дейді. Алайда мен өз депутаттық сауалымды жолдағанда жай қыруар ақшаны бере салыңдар деп айтқан жоқпын. Ол ақша жетіспей жатыр дегенмін. Сондықтан ақша жетпей тұрса, оны ашық айту керек. Мектептерді қаржыландыру көлемі айтарлықтай дәрежеде емес, мұғалімдер лайықты жалақысын алмай отыр. Осыны ашық айту қажет. Сосын алдағы уақытта білім беру саласындағы жағдай қалай өзгереді? Оның болашағына бір көз тастап, нендей оң өзгерістер болады? Бір үміт отын жағып қойса да болады ғой. Ал маған жолдаған xатта құр ондай ақшаны бөле алмаймыз деп жазған. Негізі, ондай ақшаны табуға болады. Іздесе, табылады», – деді И.Смирнова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Депутаттың ойынша, мұғалімдердің жалақысы бір ставка үшін, кем дегенде, 150 000 теңге болуы қажет. Ал класс жетекшілігі мен сан алуан әдістемелік жұмыстарды қосқанда 200 000 теңге төленсе, қазақстандық мұғалімдердің қатары сиремей, керісінше, кәсіби мамандармен толығатын еді.

«Мұғалімдердің еңбегін лайықты бағалау мәселесін қаперден ешқашан шығармау қажет. Егер біз олардың жалақысын өсірмесек, білім беру саласына ақшаны көптеп бөлмесек, онда ол ақшаны басқа салаларға бөлудің ешбір қажеті жоқ», – деп атап көрсетті И.Смирнова.

Айта кетейік, қыркүйек айында өткен ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Ирина Смирнова білім беру саласын қаржыландыру мәселесін көтеріп, қазақстандық мұғалімдердің жалақысы тым аз екенін жеткізді. Халық қалаулысы соның бәрін депутаттық сауалда көрсетіп, оны Үкімет басшысының атына жолдады. Депутаттың айтуынша, бүгінде Дания, Исландия және тағы басқа Еуропа мемлекеттерінде білім беру саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызды құрап отыр. Соның нәтижесінде Германия сияқты елде мұғалімдердің жалақысы 4 мың еуроға дейін жетеді. Көрші Қытайда мектеп мұғалімдері, кем дегенде, 1 мың АҚШ долларын алады.

«Бізде болса, мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Сынып жетекшілігі үшін 5-ақ мың қосады. Ондай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстан да білім беру саласын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін жеткізуі тиіс», – дейді депутат Смирнова.

ҚазАқпарат

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған