«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға…»

Адам өмірінде ұлағатты ұстаздардың өзіндік орны бар. Басшы да, қосшы да, өнерпаз да, қарапайым жұмыстағы азаматтар да ұстаздан тәлім алады, балалық шағының көп бөлігі мектебінде өтеді. Алтын ұясы екінші үйіндей болса, мұғалімдері екінші анасындай болып кететіні тағы бар. Алла Тағаланың Қасиетті Құранды «Оқы!» деген бұйрықпен бастауында да үлкен мән жатыр. Білімнің аса маңызды екендігі құран мен хадистерде де баяндалып жатса, күнделікті қоғамның өзі соған айғақ болып отыр. Яғни, білімсіз күнің жоқ. Білімділер мен білімі аздар тең емес. Ал енді білімнің бұлағы болған кітапты оқу үшін де, қаламды дұрыс ұстап, дәптерге әдемілеп жазу үшін де бір адамның көмегі ауадай қажет. Алтынға бергісіз ол тұлға әрине ұстаздар қауымы.

Елімізде 365 күннің бір аптасы, яғни, қазан айының алғашқы аптасы мұғалімдерге арналып, осы күндері ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс басқа күндерге қарағанда ерекшеленіп тұратынын байқау қиын емес. Мәселен, жоғары сынып оқушылары, әсіресе, түлеп ұшқалы отырған 11-сыныпта оқитын бозбалалар мен бойжеткендер іні-қарындастарына белгілі бір пәндерден сабақ беріп, бір күн мұғалім болып көреді. Сол сыннан өткен әрбір шәкірттің айтатыны мына сөз:

«Мен 45 минут оқушыларға сабақ беріп, олардың сыбырлап сөйлегендерінің өзіне миым ашып кетті. Ал апайларымыз у-шудың арасында қаншама уақытын өткізіп жатыр. Тіпті, ғұмырын ұстаздыққа арнағандар да аз емес. Не деген төзімді жандар?!»

Иә, әрбір шәкірт ұстазының еңбегіне осылай баға береді. Көбіне, «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дегендей, студент шағымызда мектепте тәлімін алған мұғалімдеріміздің еңбегін түсініп, сол бір тәтті шақты еске алып отыратынымыз ақиқат. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бір-бір үйдің еркелерінің, серкелерінің у-шуына, қыңқыл-сыңқылына шыдас беретін, білім беруден, үйретуден шаршамайтын ұстаздар қауымына халқымыздан шыққан дана, ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы «…Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп баға берген. Жауапты әрі сауапты мамандықты жанына серік еткен ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты атынан құттықтап, еңбектеріне жеміс, өмірлеріне береке тілейміз. Еліміздің болашағын тәрбиелеу жолындағы әрбір төккен терлеріңізге Алла Тағала игілік сыйласын! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Құрметпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған