Әдебиеттің көксегені: Елбасыны мақтау ма, мазақ ету ме?

«Қазақ әдебиеті» сайтының №33 (3458)  номерінде «Даңқы асқан Нұр-аға!» атты толғау-терме нотасымен жарық көріпті. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дейтін «туынды» екен. Әні мен сөзін жазған – Әлімжан Дәуітұлы деген азамат. Нотаның исі мұрныма бармайтын болғандықтан оған жоламай, шама – шарқым жетеді-ау деген “шолжаң” шумақтармен «жағаласып» көрмекке бекіндім. Негізі автор жүрегін тіліп шыққан толғауымен (Ода) шашу шашады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, мақтасын, құрметтесін, көкке көтерсін ол өз еркі. Бірақ, шектен шықпаған дұрыс-ау.

… Ауылда өскен баламыз ғой, кейде ауыл арасындағы жиын-тойларда әжелер шашу шашып жатқан кезде, тәттілердің арасында тастай қатты құрттар да жүретіні бар еді . Абайсызда жалаң басқа тисе әлгі тас құрттан жақсылық күтуші болма! Мадақ толғауды оқып отырған кезде тұла бойым дірілдеп, басымды ұстай бергенім содан болар. Арнау өлең тап ауылдағы тас-құрт болып құрметті кісінің басына тисе оңдырмайды. Онда өз обалы өзіне… Кейде біреуді асыра мақтаймын деп, «құлашты кеңге сермеп» жіберіп, мазақ етіп жатқанымызды аңғармай қалатынымыз, арылмай жүрген бір әттеген-айымыз болды ғой.

Иә, елбасының еліне жасаған еңбегі орасан. Оны ешкім жоққа шығармайды.Пенде ғой: қате-кемшіліктен де ада емес шығар. Бірақ мақтағанның жөні осы деп, “аттандап” жүгіру, жоқты-барды құрап, шимай – шатпақ жасап жағыну, бас шұлғып табыну құрмет белгісі емес, мазақ етудің тап өзі! Бұл жайлы елбасының өзі де: “Өмір өткелдері” кітабында:«Осыдан он-он бес жылдай бұрын бір авторға бала күнімде ұшқыш болуды армандағанымды, Үшқоңырдың бір биігіне шығып алып, алысқа, ұзақ қарайтынымды айтқаным бар. «Тегі, Теміртауды көргім келген болар» деп әзілдегенмін. Соны пайдаланып, біреулер мені мақтағанның жөні осы екен деп, сол кезде болашақ астана жаққа қаратып, қиялдатып қоюдан да тайынбады. Әр нәрсенің қисыны болуы керек қой» деп ренішін білдіреді. [«Өмір өткелдері», 13 бет]. Енді созбақтамай іске көшелік.

«Даңқы асқан Нұр-аға!» толғауы былай басталады.

А-а-а-у!

Алла тағала қабылдап,

Мәз боп ата-ана, Еліңіз.

Ұлу жыл, 6-шілде – жазында, – 2 рет.

Туылған шын дүр Өзіңіз! – 2 рет.

Осы шумағы үшін сазгерге рахмет айтса да болатындай. Кейінгі ұрпақ Астана күнінің неге 6 шілдеге туралап қойылғанын осы толғау шырқалғанда үнемі есіне түсірері анық. Ұлу жылы туғандарға да-қуаныш сыйлапты сазгер! Елбасымен жыл қайыруда бір саптасыңдар, бақыттысыңдар дегенді меңзеп…

Айтпақшы, оң – солы бірдей, әрі ақын, әрі сазгер авторға кішкене ескерту: бірінші абзацтағы «Алла тағала қабылдап» деген сөйлеміңіз артықтау енді. Алла тағаланы КПСС-тің бірінші секретары, болмаса Обком-ның бірінші хатшысындай елестете көрмеңіз?! Дұрысы, бұл жолды қайта қарағаныңыз жөн. Алла тағала жаратушы, жан беріп жер бетіне жіберуші, ырыздық беруші, ал қабылдау, есеп-қисап… кейінірек, нан-тұзы таусылғанда болатын нәрсе ғой…

Ары кеттік:

А-а-а-у!

Ақыл тасқан, нұрын шашқан,

Мысы басқан, даңқы асқан.

Елтұтқа! Өртұлға!

«Нұр Отан» – Ұлы Отан. – 2 рет.

Қазақстан – Нұрсұлтан! – 2 рет.

Бұл шумақтар балталасаң бұзылмайтын, өршіл рухты оятатын өрт қой, шіркін, өрт! Күйдіріп түсіреді жалыны. Бір әріпін бұзуға болмайды! Тек, жыраулар төгілте жөнелгенде, тақ-тақ еткен қатаң дыбыстар көмейде булығып тынысты бітеп тастамас па екен деген қаупім бар?!

Әлекең (Әлімжан ДӘУІТҰЛЫ) қара сөзден көрі, домбырамен желдірмелетіп айтылған сазды әуеннің жүректерге «оранып» жата қалатынын білетін сазгерлерден шамасы. Өзіне дейін де елбасыға жыр арнаған, ән арнаған, очерк, мақала, тұтастай дастан арнаған жандардың бәрін әбден зерттеп, зерделеп алып, оларды қайталамауға барын салғаны көрініп тұр.

А-а-а-у!

Балалық шақтың аспаны,

Қыран құстай алып ұшты.

Пионер, комсомол жастары, – 2 рет.

Саған ұқсап жалын құшты. – 2 рет.

Обалы нешік, ақын-сазгер біраз ізденген. Елбасының тұлғалық келбетін ашу үшін ойын шашыратпай, «көркемдемдіктен қашып», «шынайы» беруге тырысқанын «ескермей» кетуге болмайды. Ондағы мақсаты балалар хормен айтып жатса, тез жатталып қалса деген ізгі арман болуы бек мүмкін. Ойға алған мақсатына жету үшін «тыңнан түрен салғаны сондай» елбасының еңбек кітапшасына қарап отырып, соңғы шумақтарға жүріп өткен жолын тізіп шығыпты.

А-а-а-у!

Асау арман алқалап,

Теміртауға аттандың.

Арқадағы «қар қабақ» , – 2 рет.

Металлург ер атандың. – 2 рет.

А-а-а-у!

Хатшы боп Горком, Обкомға,

Өмір айналды дастанға.

Ереуілшіл жандарды, – 2 рет.

Бастадыңыз ақ жолға! – 2рет.

А-а-а-у!

Ақылымен Димаш ағаңның,

Совминді де басқардыңыз.

Бірінші хатшысы ЦК-ның, – 2 рет.

Жарқылдаттың жастарды Сіз! – 2 рет.

Шіркін-ай, дейсің! Ниет, пейіл, сезім, ой бәрі тап-таза. Тұп-тұнық! Ақкөңіл қазақтың төгілген ақ тілегі үйреншікті. Кәдімгі күнделікті өмірдегі қолданыстағы сөйлемдер, өлеңге айналғанда жұтаңданып, солғынданып кетті демесеңіз, бүлінген ештеңе жоқ. “Әттең-ай” дегізетіні, осы бір шабыт деген қара бұлттың – қолына қалам ұстап, ыңылдап ән салатындардың кеудесіне нөсер-жырды құя салатыны бар кейде аямай. Олар да пенде ғой, осыдан кейін өздерін тоқтата алмай арқаланып, көңіл – атқа қамшыны басады-ай келіп. Жарауы келген ат па, тоқ ат па бәрібір. Сабалай береді, сабалай береді. Ақырында бір жерге барып құлайды…

Біз сөз етіп отырған ақын – сазгердің бар кінәсі – елбасыға арнаған толғауын арқалы ақындармен бөліспей жеке дара шапқанында болып тұр! Бәлкім, қауымдасып іс еткенде, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел» деп ұялмай айтар еді-ау. Тым болмаса қазақтың «жалғыз жүріп жол тапқанша көппен жүріп адас» деген тәмсілін ойға алмағанын қарашы… осыдан барып, өзі ақын, өзі сазгер бауырымыз ауылдың жолындай балшық-тіркестерге әбден былғанғанын ет қызуымен білмеген… Енді Елбасыдан ұят-тағы!

А-а-а-у!

Көп ұлтты Қазақстаның,

Әз Наурызбен қауышты.

Құрылтай ашып Қазағың, – 2 рет.

Жаңа өмірге ауысты! – 2 рет.

А-а-а-у!

Қарасай батыр ұрпағы –

Қазағымның Нұр – таңы!

Дауылдай борап бұрқағы, – 2рет.

Әлемге Даңқы шырқады! – 2 рет.

Біз білетін Нұр-аға, қазақтың сөзі сүйегіне сіңген, аз-маз әу дейтіні бар кісі. Елге танымал бірнеше ән сөзінің авторы. Егер ғайыптан -тайып Ақордадағы қырағы көздер «қазақ әдебиетіне» басылған толғауды президенттің өзіне оқытса, ол кісінің қандай күйде болатынын көзге елестету қиын. Әрине, басында жүз жылдық тарихы бар газетті қуана қолына алар, ризашылығын білдірер, әйтсе де сәлден кейін көңілі су сепкендей басылып қалама деп қорқамын.

…А-а-а-у!

Лидерлері ғаламның,

Санасады Сізбенен.

Түркі дүниесі адамның, – 2 рет.

Атасын тапты іздеген! – 2 рет.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы тап осы соңғы екі жолдағы, «Түркі дүниесі адамның, Атасын тапты іздеген! » дегенді оқи қалса, рахаттана бір күліп алып, іле шала “Ата” деген сөзге шамданып, “тапқан екен бұлар қарияны, мынауың қажыған біреу ғой» деп күйініп кетері анық.

Осыдан кейін, арғы жағын көңіл күйі бұзылған президент оқиды дегенге мен өлтірсең де нанбаймын.

Бірақ, қарапайым халыққа оқысын деп «Қазақ әдебиеті» ұжымы ұсынып отырғандықтан, шыдымды жұрт аяғына дейін оқып шықса бағасын өздері бере жатар.

….А-а-а-у!

Жаңа Астана, Ата заң,

Халық Ассамблеясын.

Жаратқандай ақ Батадан, – 2 рет.

Өзіңдей жан жоқ жасаған! – 2 рет.

Қайырмасы:

А-а-а-у!

Бағдарламалар Байтағы –

«…2050» мен «Нұрлы жол»!

Ұрандап Қазағым айтады, – 2рет.

Өнер, білім – күшті қол! – 2 рет.

А-а-а-у!

Бабалардың Аманаты –

«Мәңгілік Ел» – ұлы арман!

Ардақтаған Тарих хаты, – 2 рет.

Ешқашан естен шығарман! – 2 рет

 

Нағашыбай Қабылбек

Елана сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған